Accessibility links

Ресей президенті В.Путин Парсы шығанағына тарихи сапармен бармақ


Әлемдің мұнай бағасының құлдырауы, табиғи газды экспорттайтын елдердің ОПЕК сынды жеке-дара ұйымын – картелін құру бастамасы, қару-жарақ саудасы, Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөз және терроризмге қарсы күрес – міне осылардың барлығы да - Ресей президенті В.Путиннің алдағы аптада Парсы шығанағына баратын алғашқы да тарихи сапарының күн тәртібінде тұрған мәселелердің кейбірі ғана. Бұл сапар Ресей лидерінің Парсы шығанағына алғашқы аяқ басуы болып отыр.

1985-1986-ншы жылдардағы мұнай бағасының күрт арзандауы - Кремль лидерлерінің жадынан шықпай жүрген “Қырғиқабақ соғыстың” құйтырқы сәттерінің бірі болса керек. 1985-інші жылдың соңына қарай 1 баррелі 30 доллар тұрған мұнай шикізатын 1986-ншы жылдың ортасына қарай 10 долларға дейін құлдырады. Мұнайдың осылайша күрт арзандауы совет экономикасына қайтып оңалмастай нұқсан келтірді және, көптеген саяси сарапшының ортақ пікірінше, Совет Одағының ыдырауын жеделдетті.

Ресей саясаткерлерінің көпшілігі АҚШ пен Сауд Арабиясы тағы да осындай жағдай туғызу үшін өзара уағдаласып отыр деп ойлайды.

Енді мұнай бағасы тағы да арзандай бастағанда және Вашингтонмен арадағы қарым-қатынасы салқындаған тұста алдағы аптада (ақпанның 11-13-інде) ресми сапармен Сауд Арабиясы мен Қатарға және Йорданияға барғанында В.Путиннің сол оқиғаны есіне алуы да әбден мүмкін. Мәскеуде шығатын “Ғаламдық істердегі Ресей” атты журналдың бас редакторы Федор Лукьянов осы сапардың мақсат-мүддесін былай деп сипаттайды.

Ф.ЛУКЬЯНОВ: “Ресейдің ол проблеманы ұмытпауы мүмкін деп болжауға болады. Әйтсе де бүгінгі Ресей, әрине, сол кездегі Совет Одағына тіпті ұқсамайды. Алайда, мұнай нарығындағы қазіргі айқындық біздің экономикамызды, біздің басшылығымызды қатты алаңдатады. Менің ойымша, осы тұрғыда Сауд Арабиясымен арада қандайда бір байланыс орнату өте маңызды”.

Парсы шығанағына баратын тарихи сапарының барысында В.Путин осы аймаққа тән “дәстүрлі” қауіпсіздік мәселелерін: Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөзді қайта жалғастыру, Ливан мен Палестина жеріндегі дағдарыстың тереңдей түсуі, Ирақтағы ахуалдың ушығуы сынды проблемаларды қозғайтын сияқты.

Бірақ, сонымен бірге, сарапшылардың пікірінше, қуат көздері сынды құбылмалы нарық саласындағы Мәскеудің мұң-мүддесін қорғау – оның бірден-бір мақсаты болмақшы. Ал Кремль бұл мәселені Ресейдің іштей гүлденуі мен халықаралық абырой-беделін арттырудың кілті деп есептейді. Брукингс Институтының (Тhe Brookings Institution) Ресей бойынша маманы Клиффорд Гадди (Clifford Gaddy) оның сырын былай деп сипаттайды.

К.ГАДДИ: “Ресей экономикасы, шынында да, тауарлардың әлемдік бағасымен, мұнайдың және газдың бағасымен бірге көтеріледі және құлайды. Міндетті түрде болатын мұндай жайт үлкен сауал туғызады, Ресей саясатына зор бөгет болып отыр... Мемлекеттің жайын, бюджетке түсетін табысты және олардың іске асыруды жоспарлаған басқа да жобаларын және, әрине, оның халықаралық беделін ойластыру керек”.

В.Путиннің Саудия патшасы Абдулламен кездесуі – бүкіл әлемдегі мұнайға ең бай 2 мемлекет лидерінің бас қосуы болады. Ал оның Қатар шейхы Хамад Халифа Ат-Танимен келіссөзге отыруы - табиғи газға бай 2 мемлекет басшысының кездесуі болар еді. Міне нақ осы кездесудің барысында, деп санайды сарапшылар, табиғи газды экспорттайтын елдердің ОПЕК сынды жеке-дара картелін құру бастамасының талдануы мүмкін.

Табиғи газдың қоры жағынан Қатар - Ресей мен Ираннан кейінгі үшінші орында келеді. Газ өндірушілердің жеке ұйымын құру бастамасын Иран қаңтар айында көтерді де, көп кешікпей В.Путин ол бастаманы “өте қызық” деп бағалап, оны “ойластырып көруге” уәде берген болатын.

Бірақ Ресейдің саяси қайраткерлері мұндай ұйым Мәскеудің халықаралық газ нарығында емін-еркін әрекет етуіне бөгет болады деп есептеп, ол бастамадан бас тартып келген еді. Клиффорд Гадди оның себебін былай деп түсіндіреді.

К.ГАДДИ: “Ресейдің сыртқы саясатының табанды басшысы өзінің келешегіне деген, өзінің тағдырын айқындауға деген ұмтылысында Ресейге қолбайлау болатын нәрседен, өзіне ондай міндеттеме алудан аулақ болуға тиіс”.

Сонымен қатар К.Гадди Ресей газ картелінің құрылуынан пайда көруге тырысып бағуы әбден мүмкін, оған шығынданудан және өзіне қандайда бір шектеу қойылуынан аулақ болуға ұмтылуы ықтимал деген ойын қосты. Ең маңыздысы, деп санайды Клиффорд Гадди, өзінің газ бағасы жөніндегі саясатына бірде-біреудің араласқанын Ресей қаламайды.

Ал Уэллесли колледжінің (Wellesley College) Ресей экономикасы бойынша маманы, профессор Маршал Голдман табиғи газдың нарығына Мәскеу анайы бақылау орнатуға тырысып бағады деп есептейді.

М.ГОЛДМАН: “Ресейдің істейін деп отырған тағы бір маңызды нәрсесі – шынында да бір елмен бірге газдың ОПЕК ұйымын құрып көреді. Мен оны ОГЕК немесе “Газ Экспорттаушы Мемлекеттердің Ұйымы” деп атар едім”.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG