Accessibility links

Кәсіпкерлер одағы президенттен елдегі мүлікті заңдастыру науқанының мерзімін ұзартуды сұрайды


«Атамекен» республикалық кәсіпкерлер мен жұмысберушілер одағының төрағасы Азат Перуашев мүлікті заңдастыру шарасының мерзімін ұзартуды сұрап отыр. Комиссиялардағы кезектер тым ұзақ, сондықтан тұрғындар мүлкін заңдастырып үлгірмейді дейді ол. Ал, кейбір сарапшылар, мүлікті заңдастыру шарасының баяу өткізіліп жатқандығының басқа көптеген себептері барын айтады.

Кейбір бақылаушылардың айтуынша, тұрғындар мемлекетке сенбейді. Сондықтан мүлікті заңдастыру шарасы баяу өтіп жатыр деген пікір бар. Оның үстіне, тұрғындар заңдастырғысы келетін мүлік құнының 10 пайызын мемлекетке төлеуі тиіс. Ресми мәлімет бойынша, мүгедектер, көп балалы аналар және үйлерінен табыс таппайтын елді мекен тұрғындары бұл төлемнен босатылады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл төлем дамыған мемлекеттермен салыстырғанда тым аз. Келесі бір бақылаушылар, керісінше, Қазақстан тұрғындары үшін бұл төлем тым көп деген көзқарастарын білдірген. Ал, мүлкін заңдастыра алмай жүрген Астана тұрғыны Асылбек Ахановтың айтуынша, шара баяулығы шенеуніктерге байланысты:

- Заңдастыра алмай жүргеніме көп болды. Тастаған өтінішім жоғалып кетеді. Енді өзім заңдастырайын десем ешқандай жол жоқ. Өтінішіңді таста, 3 айдан кейін жауап береміз, дейді.

Кейбір сарапшылар мемлекеттің бұл бастамасын жергілікті басшылар тым баяулатып жіберді деген пікірде. Қазақстанның қаржы министрінің орынбасары Асқар Елемесовтың айтуынша заңдастыру баяулығының себебі мемлекеттік органдар бір-бірімен ақылдаспай жұмыс істейді. Мысалы, Алматы қаласында салық органдары мен техникалық инвентаризиция бюросының мүлік жайлы мәліметтері әр түрлі болып шыққан. Оның сыртында құжат үшін тұрғындардан төлем алынады және тұрғындар сол құжатты алу үшін бірнеше шенеуніктің табалдырығын тоздыруға мәжбүр, дейді Қазақстанның қаржы министрінің орынбасары Асқар Елемесов:

- Оны салық комитетінің инспекторлары өздері жасайды, ал БТИ адамдары өздері аяғымен барып тексермейді, сондықтан айырмашылығы бар. Ол - бірінші мәселе. Екінші мәселе, 20 мың теңге ме, сондай төлеу керек. Кейбір зейнеткерлерде сол ақша болмай қалуы мүмкін. Аймақтардан келген уәкілдер айтып жатыр ғой - кезектер ұзын, бірнеше рет бару керек деп.

Әділет министрлігінің мәліметінше, тұрғындар көп жағдайда өз мүлкіне тым аз құжат ұсынады, соның кесірінен біршама тұрғындардың заңдастыруға берген өтініштері қанағаттандырылмай қалған. Бұл да шараның баяулығына әсер етеді дейді сарапшылар.

Тұрғындардың бір бөлігі мүлкі жайлы ақпаратты жариялаудан қорқады деген де пікір бар. Қаржы министрлінінің мәліметінше, заңдастыру шарасы барысында мүлік жайлы ақпарат жария етілмей құпия сақталады. Әйтседе, заңдастыру баяу болғандықтан, 2006 жылы 5 шілдеде басталған шара 2007 жылдың 1 көкегіне дейін ұзартылған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз дейді «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер мен жұмысберушілер одағы төрағасының орынбасары Болат Өтепбаев:

- Еліміздің кәсіпкерлері елбасынан мүлікті заңдастыру уақытын ұзартуды сұрайды. Түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуге арналған шаралар нәтижесінде соңғы аптада жергілікті жерлерде мүлікті заңдастыру комиссияларына келген өтініштер көбейіп жатыр. Мүлкін заңды түрде тіркеуге ниет білдірген азаматтар кезегінің ұшы-қиыры көрінбейді. Атамекен одағының бағалауынша бұл шаруаны 1 көкекке дейін орындап беру мүмкін емес. Ал, мүлікті заңдастыруға берілген уақытқа ілесе алмаған мыңдаған қазақтар жүздеген миллион теңге тұратын мүліктерін заңдастыра алмай қалады. Осылайша, көлеңкелі экономикалық құқық бұзу әрекеттеріне жол беріледі.

Ресми мәлімет бойынша шара басталған кезде Қазақстанда шамамен бір жарым миллион жылжымайтын мүлік тіркелмеген. Оның 80 пайызы ауылдық жерлерде. Оның ішінде әділет органдарында рәсімделмеген 450 мыңға жуық тұрғын үйлер бар. Қазақстанның әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, мүлікті заңдастыру жөніндегі рақымшылық заңының әлеуметтік маңызы көп. Бұл заңсыз құрылыс жасап жатқан жер үй иелеріне қолайлы деп хабарланған. Қаржы министрі Наталья Коржова болса, шараның мақсаты - көлеңкедегі мүлікті заңды салаға түсіру екенін айтады. Нәтижесінде салық салынатын қор кеңейеді дейді ол. Және заңдастырылған мүлік иелері оны сатуға немесе банкке кепілдікке тігіп несие алуға мүмкіншілік алады, дейді Коржова.
XS
SM
MD
LG