Accessibility links

Еуропалық халықаралық ұйым өкілдері Қазақстанда кінәсі дәлелденбеген азаматтардың құқығы толық қорғалмайтынын сынайды


Қазақстан судьялары кінәсі дәлелденбеген айыпталушыларды темір торда ұстап, азаптау фактілеріне көңіл бөлмейді. Бұл туралы Астанада ақпанның 23 күні Қазақстандағы сот талқылауы мониторингі нәтижесін жариялаған ЕҚЫҰ Адам құқығы жөніндегі демократиялық институттар жөніндегі бюро өкілдері хабарлады. Сотқа шағымданушылардың көбі Қазақстан соттары тәуелді деген. Ал, Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмиболса, жергілікті судьялар 100 пайыз тәуелсіз дейді.

Халықаралық сарапшылар 1 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның бірнеше қаласында жалпы саны 700-ден астам сот мәжілістеріне қатысқан. Еурокомиссияның Орталық Азиядағы делегациясының саяси кеңесшісі Аллесандро Лиамине қазақстандық судьялар этика кодексін сақтай бермейтінін айтады.

«Кей жағдайда судьялар прокурорға да, айып тағылған адамдарға да дөрекі сөйлеген. Бастысы, судьялар айыпталушылардың азаптауға қатысты шағымдарына назар аудармайды. Және бұл фактілер сотта айтылғанда не судья, не прокурор тергеуге еш әрекет қолданбайды», - деді Еурокомиссия өкілі.

Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми болса, соңғы кезде, әсіресе бақылаушылар қатысатын сот үдерістерінде айып тағылған адамдар өздері мойындаған кінәсынан айнып, бұған дейінгі сөздерін азаптаудан кейін айтуға мәжбүр болғандарын айтып шағымдану орын алды деп отыр.

«Ал, судьяларда тергеушілерді шақырғаннан басқа шара жасауға мүмкіншілігі жоқ, оның үстіне, әдетте, шақырылған тергеушілер келмейді. Бірақ, бұл істерде судьялар мойындау болмағандай, басқа айғақтарға сүйену керек», - деді Қайрат Мами.

Сонымен бірге Жоғарғы соттың төрағасы елдегі сот төрешілерінің барлығы өз кәсіби қызметінде ешкімге жалтақтамай жұмыс атқарады деп сендіруге тырысты.

- Қазақстандық судьялар 100 пайыз тәуелсіз деп мен айта аламын. Олар Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасынан да тәуелсіз. Бізде былтыр 1 миллион 200 мыңға жуық іс қаралды. 2 миллион 400 мың адам іске қатысты. Соның жартысы жеңіліп кетті. Жеңілген азаматтар, әрине, шағымданады, жеңілісті мойындай салу оңай емес. Кейбір соттарда, көп емес - 7-8 пайызында, сот залына еркін кіруге тыйым салынған және кейбір үдерістерде сотқа қатысушылар жағдайының тепе-теңдігі сақталмағаны көрсетілген.

Еурокомиссия өкілі Аллесандро Лиаминенің жергілікті судьялардың жұмысына қатысты айтатын тағы бір сыни пікірі бар.

«Барлық дерлік сот мәжілістерінде ауыр емес қылмыстар бойынша да айыпталған адамдар темір торда ұсталады. Бұл айыпталушыға ғана емес, сот залындағылардың да психикасына әсер ететін, ескірген әдет және ол тордың қауіпсіздікпен еш қатынасы жоқ. Өйткені, айыпталушы жарылғыш тастап, оқ атпайды. Себебі, қауіпсіздік тым көп жерде тордың керегі жоқ», - деді халықаралық сарапшы Аллесандро Лиамине.

Ал, Қазақстан жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми өз кезегінде бұндай сынмен толық келіскенімен, әлгі торлар кей жағдайда әлі де сақталатынын айтады:

- Қазақстан соттарында әлі кінәлі деп табылмаған сотталушылар темір тордың астында отырады. Ол - өте дұрыс ескерту деп ойлаймын. Бірақ, оның бір себебі бар. Бізде, темір тор болмаса, қамауда отырған азаматтарды арнайы полиция қызметкерлері әкелмейді. Өйткені, соған нұсқама жасалған. Оны қайта қараймыз. Мен ойлаймын, темір торлар тек қана қажетті кезде, яғни сотталушы қауіпті болса және қашуға дайындығы болғандай хабар болса, сол кезде ғана темір тор қолданамыз.

Еурокомиссия өкілі Аллесандро Лиамине, сондай-ақ кемшіліктер қатарына сот үдерістерін өткізуде тіл таңдау мүмкіндігі жоқтығын жатқызады.

«Сот мәжілістері кем дегенде екі тілде: қазақ және орыс тілінде өту керек. Бірақ, жоғарыда аталған сынның бәрі заң олқылықтарына байланысты емес. Керісінше, Қазақстандағы қылмыстық процессуалды кодекс әділетті сот үдерісін өткізуге жағдай жасайды, бірақ әсіресе судьялар және көбінесе айыптаушы болатын прокурорлар бұл заңдарды нақты орындауы маңызды», - деді ол.
XS
SM
MD
LG