Accessibility links

Ғылыми жаңалықтар: неге адамдар геноцидке шыдамдылықпен қарап келеді? Жаңа “бионикалық көз” және жойылып бара жатқан тілдер мәселесі


Бір адам қайтыс болса, біздің көзіміз жасқа толады, ал мыңдаған адам құрбан болып жатса, біз сирек жылаймыз. Бұл неліктен деп ойлайсыз? Кей зерттеушілердің айтуынша, ол психологиялық жаратылысымызға байланысты екен. Сонымен соңғы аптадағы ғылыми жаңалықтар реті төмендегідей:

Неге адамдар геноцидке шыдамдылықпен қарап келеді?

Соңғы ғасырда әлемде бірнеше рет геноцид жасалды, бірақ ол жайттарға адамдар селқостық пен парықсыздық танытып келеді.

АҚШ-та орналасқан Орегон университетінің профессоры Пол Слович оған не себеп болғанын білемін дейді. Слович өзінің зерттеу қорытындыларын Ғылымның дамуы жөніндегі Америка Қауымдастығының жылдық отырысында жариялады. Профессордың айтуынша, адамдар ішкі интуицияға сенуге болады деп ойлайды, яғни интуициялары оларға дұрысты бұрыстан айыруға көмектеседі. Бірақ кейде біз адасуымыз да мүмкін, дейді Слович. Оның айтуынша, үлкен қайғылы оқиғаларда адамдар ерекше бір психикалық сезімге тап болады, бірақ олар көбінесе бір топ адамға емес бір кісіге жанашырлық көрсете алады.

2005 жылы Израильдің зерттеу жұмыстары да адамдардың қатерлі ісік ауруына шалдыққан 8 балаға емес осы дертпен ауырған тек бір балаға ғана көбірек ақша беретіндерін көрсеткен болатын.

Профессор Слович Швецияда дәл осыған ұқсас зерттеуін жүргізіпті. Яғни ол адамдарға Африкадағы бір балаға ақшалай көмектесуді таңдайсыз ба, әлде екі балаға ақша беру керек деп ойлайсыз ба деген сұрақ қойғанда, адамдардың көбі екі баладан гөрі бір балаға қайырымдылық көрсетуді таңдаған екен. Осыған байланысты профессор Слович мынандай қорытынды жасапты:

«Біздің аяушылық сезіміміз қашан азая бастайды? Ол екі деген саннан бастап азаяды десе болады», - деді Слович.

Ендеше Дарфур немесе Руанда аймақтарында болған жаппай өлтірулер сияқты оқиғалардың қайталанбауы үшін не істеуіміз керек?

Словичтің пікірінше, алдымен табиғи психологиялық олқылықтарымызды мойындауымыз керек. Сосын геноцидті болдырмау үшін халықаралық заңды механизмдерді күшейтуіміз керек, дейді профессор Слович.

“Бионикалық көз”

Ғылыми жаңалықтармен таныстыруымызды одан әрі жалғастырамыз. АҚШ-та орналасқан Оңтүстік Калифорния университетіндегі зерттеушілер соқыр адамдарға «бионикалық көз» тігу жөніндегі жаңа клиникалық тәжірибесін бастамақшы. Бұдан бұрын жүргізілген сынақтама кезеңінде көзі көрмейтін адамдар жарық пен заттардың пішінін және қозғалған нәрселерді ажырата алған екен.

Ал енді ғалымдар жаңа жетілдірілген бионикалық көз арқылы зағиптар одан да көп майда нәрселерді көре алатын болады деп үміттеніп отыр.

Егер олардың клиникалық тәжірибесі сәтті өтсе, онда көз торы мен қарышығы құртылған миллиондаған соқыр адам көздерін жақсарта алады. Зерттеушілер ол бионикалық көз екі жылдан кейін шығарылады деп үміттеніп отыр, оның бағасы шамамен 30 мың АҚШ долларына жетуі мүмкін. Жалпы жасы 55-тен асқан кісілердің оннан бірінде көздеріне қатысты осындай проблемалары бар екен. Бірақ әлгі имплантант глаукомадан көзі көрмей қалған кісілерге немесе соқыр болып дүниеге келген адамдарға жарамайтын көрінеді.

Жойылып бара жатқан тілдер

Биологтар ағаштар мен жануарлардың ерекше бір түрлерінің жоғалып бара жатқандығына байланысты алаңдаушылық білдірсе, ал лингвист мамандар болса тілдер жойылып кетсе сол ағаштар мен айуандар жөніндегі ғылыми және экологиялық білім жоғалып кетеді деп уайымдап отыр.

Лигвистика мамандығы бойынша АҚШ профессорының көмекшісі Дэвид Харрисонның айтуынша, әлемде өсімдіктер мен жануарлардың шамамен 20 пайызы ғана ресми түрде топтастырылған бірақ олардың қалған 80 проценті жөніндегі білім жергілікті тілдерде қамтылған.

Осы ғасырда әлемдегі 7 мың тілдің жартысынан көбі жойылып бара жатқандықтан осы құнды жергілікті білімге жоғалып кету қауіпі төніп тұр. Бұл туралы Харрисон ақпанның басында өткен Ғылымның дамуы жөніндегі Америка Қауымдастығының жылдық отырысында хабарлады.
XS
SM
MD
LG