Accessibility links

Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызы - әйелдер


Биылғы 8-наурыз мейрамы қарсаңында Астанада өткен «Саясат, бизнес және әлеуметтік саладағы әйел ролі» атты жиынға қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызын әйелдер құрап отырғанын айтты. Ал, әйелдер құқын қорғау жөніндегі ұйымдардың мәліметі бойынша, әйелдер тек орташа қызметтерде көп те, басшылар қатарында ерлердің үлес салмағы артық.

Президент Назарбаевтың мәліметінше, сот жүйесінде қызмет ететін адамдардың 61 пайызы әйелдер болса, судьялардың арасында бұл көрсеткіш 42 пайызға тең екен. Кәсіпкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 40 пайыздан асады, деді президент Назарбаев. Бірақ, атқарушы билік құрамындағы әйелдер санын арттыру қажет, ол үшін президент саяси партиялар басқарушы қызметтерге әйелдерді көбірек сайлауды ұсынды. Ресми мәлімет бойынша бүгінде парламент депутаттары арасындағы әйелдердің үлесі 9 пайыздан аспайды. Аймақтардағы жергілікті мәслихат депутарының өзінде әйелдер үлесі 17 пайыз, деді президент Назарбаев. Әкім әйелдер тіпті аз, деді ол. Бірақ, министрлер арасында 3 әйел бар. Бұл барлық министрлердің 20 пайызы. Президент Назарбаевтың айтуынша ТМД елдері арасында бұл ең жоғарғы көрсеткіш.

Ал, кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда әйелдерге көп жағдайда ер адаммен бірдей жұмыс істеседе еңбекақы аз төленеді. Гендерлік саясат саласындағы кейбір мамандардың пікірінше, Қазақстанда Шығыс дәстүрін сылтауратып, әйелдерді жынысына қарап кемсіту, яғни, жоғары лауазымды қызметке жақындатпау бар деп есептейді. Ал, дінтанушы Мұртаза Бұлытайдың пікірінше, керісінше Ислам дінінде әйелдерге көптеген құқықтар берілген:

- Ислам дінінде әйелдерге сайлау және сайлану, меншік иесі болу құқы берілген.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда жоғары немесе арнайы оқу орындарын бітірген әйелдер саны ерлерді басып озған. Ал, дінтанушылардың пікірінше әйел, адамға тең құқық бердік екен деп, оларды ауыр жұмысқа салу – қазақи дәстүрге жат нәрсе.

Бұған дейін Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығы елдегі әйелдер құқын қорғау деңгейін тексеру мақсатымен мониторинг өткізген болатын. Мониторинг нәтижесі бойынша, Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жұмысқа қабілеті бар адамдардың 45 пайызын құрайтыны белгілі болды. Әйелдердің басым бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық тамақтандыру, мәдениет және қаржы саласында жұмыс істейтіні анықталды.

Тіл маманы, ғалым Асылы Османова қазақ әйелдері бірінші кезекте эволюциялық жолдағы мақстатты жүзеге асырғаны жөн деп санайды:

- Қазақ әйелдері бірінші кезекте ана болу керек.

Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығы таратқан мәліметке сай, жұмысқа қабілеті бар әйелдердің 16 пайызы жұмысқа зәру.

Тіпті Қазақстандағы жұмыссыздық келбеті әйелдікі деген пікір қалыптасқан. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 50-ге жуық әйелдер ұйымдары тіркеуде тұр.
XS
SM
MD
LG