Accessibility links

«Нұрбанк» жарғылық капитал мөлшерін ұлғайтқанын жариялады


Қазақстандағы ірі деген ондыққа кіретін «Нұрбанк» өзінің жарғылық капиталын 30 миллиард теңгеге дейін, демек, шамамен 240 миллион доллардан асатындай қаржыға ұлғайтатынын мәлімдеді. «Нұрбанк» мамандары оның себебі «2006 жылы желтоқсанда қабылданған жаңа стратегиялық даму жоспарынан туындайды» десе, басқа мамандар «банктың бұл әрекеті бір жағынан Қазақстан қаржылық бақылау агенттігінің талабына жауап болуы мүмкін, не соңғы кезде даулы болған банк осындай жарнамалық акция арқылы беделін көтеруге деген әрекет болуы мүмкін» деген болжам айтады.

«Нұрбанктың» акционерлері жалпы жиналысында банктың жарғылық капиталын, яғни жарғылық қаржы көлемін жыл соңына дейін қазіргі 15 миллиард теңгеден екі есеге, яғни 30 миллиард теңгеге жеткізбек екенін жариялады. Бұл жайлы банк баспасөз хатшысы Айгерім Байжұманова былай дейді:

«2006 жылдың соңында біздің банк 2007-20011 жылдарға арналған орта мерзімдік жаңа бағдарлама қабылдаған. Осы бағдарламаға сәйкес банк өзінің жарғылық капиталын биылғы жылдың соңына дейін 30 миллиард теңгеге дейін көбейтуді жоспарлаған. Ал 2012 жылдары біздің банктың жалпы актив көлемін 1 триллион теңгеге жеткізу де көзделген. Осы шара шеңберінде қазір тиісті заңдық құжаттар реттеліп жатыр».

Әзірге Қазақстанда жалпы актив көлемі триллион теңге, яғни қазіргі бағам бойынша 8 миллиард доллардан астам қаржы боларлық банк жоқ. Тәуелсіз экономист Төлеген Асқаров «Нұрбанктың» бұл жоспары орындалуы неғайбыл деген жорамал айтады.

«Банк акционерлері бұл қаржыны не өздерінің жеке қалтасынан шығарулары керек, немесе банк өзінің кіріс пайдасынан бөлуі керек. Ал былтырғы көрсеткіштері бойынша «Нұрбанк» айтарлықтай үлкен табыс көрді деп айту қиын. Десе де банктың мұншама амбициялық жоспарлар қабылдауында оның иелерінің Форбс тізіміне кірсек деген үміттері де болуы мүмкін. Оған қоса әлемдік миллиардерлер тізіміне президенттің ортаншы қызы мен күйеу баласы кіргенін ескерсек, үлкен күйеу баласы да олардан қалыспағысы келген шығар. Бәлкім, келесі жылғы әлемдік миллиардерлер тізімінен Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваларды да көріп қалармыз. Дегенмен бір триллион дегеніңіз, мүмкін, жәй қойылған меже шығар, ал оған жету қиын болар», - дейді тәуелсіз экономист.

Бір айта кетерлігі, Т.Асқаров мырза осыдан бір жыл бұрын Сұбханбердин мен Құлыбаевтардың миллиардерлер тізіміне кіретінін дәл болжап айтқан еді.

Ал өз аты-жөнін жария еткісі келмеген «ТуранӘлембанкінің» маманы Қазақстандағы банктер қазір жаппай жарғылық капиталын ұлғайтып жатқанын айтады.

«Егер ресми айтатын болсақ, бұл Мемлекеттік қаржылық бақылау агенттігінің жаңа талабы. Олар осы сәуір айынан бастап күшіне енбекші. Бұл жаңа талап бойынша барлық банктер, әсіресе, сырттан несиелік қаржы тартуды мақсат тұтқан банктер өздерінің жарғылық капиталын күшейтулері керек. Қаржылық бақылау агенттігі осы шара арқылы банк қауіпсіздігі мен жалпы Қазақстанның қаржы саласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Осы себепті қазір көптеген қазақстандық банктер өздерінің жарғылық капиталын көбейтпекші. Ол - талап. Ал бұл жерде, ол банктың басындағы оқиғаны білесіздер ғой, бұл шара жарнамалық акция да болуы мүмкін», - дейді өзін таныстырудан қашқақтаған «ТуранӘлембанкының» маманы.

Сонымен, 1994 жылдары Атыраудан бастау алған «Нұрбанктың» қазір 15 филиалы республиканың барлық аймағында бар. Банктың акциялары мен облигациялары қазақстандық қор биржасы КАSE-нің ресми тізімінде, яғни Қазақстан қор биржасында «А» категориясы бойынша саудаланады. Осы банктың негізін қалап, 12 жыл басқарған Әбілмәжін Ғилымов қазір тергеу астында, ал соңғы бір жарым айдан бері қайда екені белгісіз болып отырған, банктің бұрынғы басшысының орынбасары Жолдас Темірәлиевке қаржы полициясы іс қозғап, қылмыстық іздеу жариялаған.
XS
SM
MD
LG