Accessibility links

АҚШ-тың әскери теңіз күштері Парсы шығанағында кең көлемдегі жаттығуларын бастады


АҚШ әскери теңіз күштерінің Парсы шығанағында бастаған кең көлемдегі жаттығулары - АҚШ бастаған коалиция күштерінің Ираққа енген 2003-ші жылдан бергі өткізіліп отырған ең ірі шарасы. Аталған жаттығулар Техранның ядролық бағдарламасына байланысты АҚШ пен Иран арасындағы, сондай-ақ британиялық 15 теңізшіні тұтқындағаны үшін Иран мен Британия арасындағы теке-тірестердің ұлғайған шағына тұспа-тұс келіп отыр.

АҚШ күштерінің Парсы шығанағындағы жаттығуына Құрама Штаттардың соғыс ұшақтарын тасығыш екі кемесі мен оның жауынгер топтары қатысып отыр. Бұлар әуедегі тәжірибе шабуылдарын атқарып жатқан кезде жердегі жасақтар үш түрлі дәрежеде жаттығуларды өткеретін болады. Атап айтқанда, сүңгуір қайыққа қарсы, жерден жасалатын шабуылдардан қорғану және минаны залалсыздандыру шаралары атқарылмақшы. АҚШ-тың Джон Стиннис ұшақ тасығышы өзінің 6500 мықты жасағымен Парсы шығанағына осы аптада енген болатын.

АҚШ Әскери-теңіз күштері қолбасшысы Кевин Аандалдың айтуынша, АҚШ әскери кемелері Иран шекара суларынан тыс тұратын болады. Ал, Иранға тиесілі су шекарасы оның жағасынан бастап есептегенде 12 мильге жалғасады.

Бұл жаттығулар Ирақтағы жағдай мен Техранның ядролық бағдарламасына байланысты Уашингтон және Техран арасындағы теке-тірестермен тұспа-тұс келіп отыр. Сондай-ақ АҚШ ресмилерінің айтуынша, бұл жаттығулар Иранға қысым көрсету үшін өткізіліп жатқан жоқ.

Қайта, Ирақтағы жағдайға алаңдауына қарамастан, Уашингтонның бұл аймаққа да қосымша күштер орналастыруды жоспарлай алатындығына Парсы шығанағындағы одақтастарын сендіру үшін аталған шаралар өткізілуде, дейді АҚШ ресмилері.

АҚШ ресмилерінің сөзіне қарағанда, жоспарланған бұл жаттығулардың британдық 15 теңізшіні Иранның тұтқындап отырғанына еш қатысы жоқ екен. Ресми Техранның мәлімдеуінше британдық ол 15 теңізші сотқа тартылуы мүмкін.

Наурыздың 27-сі күні Иран теледидары арқылы сөйлеген сөзінде Иран Сыртқы істер министрлігі өкілі Мұхамед Әли Хосейни бұл іске орай тергеу амалдарының жүріп жатқанын айтқан болатын. Ол 15 теңізшінің қауіпсіз жерде және Ислам шарттарына орай жақсы жағдайда қаралып жатқандығын да Хосейни хабарлаған еді.

Дәл сол күні Британия үкімет басшысы Тони Блейр:

“Теңізшілерді босатулары қажет екендігіне Иран үкіметінің көзін жеткіздік деп сенемін. Олай болмаған жағдайда, мәселе басқа арнаға көшетін болады. Алайда, қазіргі кезеңде дипломатиялық бастамалардың жүзеге асып жатқандығын нақтылағымыз келеді”, - деген еді.

Тұтқындаған кезде британиялық теңізшілер Иран суларында заңсыз жүрген еді, дейді Техран тарапы. Ал, Британияның айтуынша, ол 15 теңізші БҰҰ-ның тапсырмасымен Ирақ суларында жүрген екен.
XS
SM
MD
LG