Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.29.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазатком ауылындағы қақтығыстың шығу төркінін түсінуге тырысқан: басылымдардың бірқатары жауапты ұлттық саясаттан іздесе, тағы бір газеттер қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке көңіл бөлген.

Маловодное елді-мекеніндегі қақтығыстың беймәлім болып келген тұстары «Комсомольская правда: Қазақстан» газетінде баяндалыпты. «Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың айтуынша, жанжал Маловодное ауылындағы биллиард залында басталған. Сол жерде Бауыржан Сәлімбаев ағайынды Махмахановтардың бірімен төбелесіп қалады. Кейінірек өзінің аталас бауырына көмектесу үшін төбелес орнына келген Тахир Махмаханов «ОСА» тапаншасымен Сәлімбаевты аяғынан жаралап, оның артынан қуа мәшинемен қағып кеткен. Бауыржан Сәлімбаев ауруханаға жүгінгенімен, не болғандығы жайында дәрігерлерге түсіндіріп жатпаған. Ертесіне жәбір көрушінің достары мен туған-туыстары Қазатком ауылына барғанда, оларға қарсы ағайынды Махмахановтардың үшеуі оқ атқан» деп жазды «Комсомольская правда: Қазақстан» газеті.

Қазатком ауылындағы қақтығыс Парламентте қаралғандығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Наурыздың 28-күні Парламентте сөз сөйлеген депутат Нұртай Сабильянов шешендердің «Вайнах» мәдени орталығының төрағасы Ахмед Мурадовты жауапқа тартуға шақырса, депутат Бекболат Тілеухан қарусыз келген адамдарға ағайындарымен оқ жаудырған Махмахановтар кіммен соғысқа сайланғандығын білгісі келеді» делінген мақалада. «Бірақ, бұл мәселеде депутаттар бірауызды бола алмай, екіге жарылды. Рауан Шаекин «Парламент елді дүр сілкіндірген оқиғалардан бойын аулақ сала бермеуі керек!» десе, Серік Әбдірахманов керісінше, ушығып тұрған кезде оны жоғарғы деңгейде талқылап, қоғамды қыздырмауға шақырды. Төрдегі төраға Орал Мұхамеджанов болса бұл мәселе отырыстың күн тәртібінде жоқ екендігін айтып, жарыссөзді тоқтатқан. Сөйтіп, мәселені талқылау қайтадан Парламенттің бұрыш-бұрышы мен қуыс-қуысына қарай ығысты» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

«Жас Алаш» басылымы болса Қазаткомдағы қарулы қақтығыс ішкі саясатқа өзгеріс енгізуге түрткі болуы мүмкін екендігін жазыпты. «Маловодное – тоғыз жолдың торабында жатқан ауыл. Шыбық шаншысаң шынар шығатын-ақ шұрайлы жер» делінген мақалада. «Ал енді осы ауылда ағайынды Махмахановтарды білмейтін адам кемде-кем. Махмахановтардың құдіретінің күштілігі сол, бүкіл елдің игілігі - өзенді бөгеп, жасанды көл жасап алған. Ел ең болмағанда еккенін емін-еркін суғара алмайды. Қақтығыстың тууының негізгі себебі осы» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Ал «Түркістан» газеті мәселенің түп-төркінін ұлттық саясаттан іздепті. «Маловодное ауылындағы қанды оқиғаға да бір апта уақыт болды. Дегенмен, бір ақиқат әлі ашылмай жатқан-сынды» делінген мақалада. «Ең алдымен, Қазақстандағы саяси жағдайды тұрақтандыру үшін өзгелердің көңіліне қараймыз деп, қазақтың есесін жіберіп алдық. Елдегі татулықты жергілікті ұлт есебінен жасауға ұмтылдық. Елдегі ұлттардың санын 100-ден 130-ға дейін жеткіздік. 1989 жылғы бүкілодақтық санақ бойынша, Қазақстанда 127 этнос өкілдері өмір сүрген. Оның 72-сі мың адамнан аспаған, 44-і 100 адамға да жетпеген. Біз осылардың барлығын халықтар есебіне қосып алдық та, Қазақстан халықтары ассамблеясын құрдық. Шын мәнісінде осы ассамблеяның өзі жасанды» деп түйіндейді «Түркістан» газеті.

Бұл уақытта Қазатком ауылындағы қанды оқиғаға байланысты бір топ азамат мемлекет басшысына хат жазғандығы туралы мақала «Тасжарған» газетінде жарық көріпті. «Арғы шеті Атыраудан басталып, Алматы облысының Қазатком ауылында болған оқиғаларға қатты алаңдаулы азаматтар Нұрсұлтан Назарбаевтан жауап күтетіндіктерін ашық жазыпты» делінген «Тасжарған» газетінің мақаласында.

«ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты болса ұлтаралық жанжалды қоздыру кімге қажет деген сұраққа жауап іздепті. «Қазақтарға, сонымен қатар республиканы мекендеген басқа да ұлттарға мұндай ұлтаралық қақтығыстардың тигізер пайдасы жоқ» делінген мақалада. «Біріншіден, ұлтаралық баланс Қазақстан қоғамының даму процесіне оң әсер етеді. Екіншіден, қазіргі қазақстандықтарда ойлаудың еуразиялық типінің қалыптасуы авторитаризм мен деспотизмді орнатуға жол бермейді». Мақала авторының пікірінше, Қазақстанда саяси және азаматтық сауаттылықтың алғашқы кезеңі басталды. «Соған сәйкес қаншама байлықтың үстінде отырып кедей өмір сүретін халықтың байлықтың көзін білгісі келуі заңды. Мәселен, осыншама бай аймақ қара термен тапқан оң жақ ролді көлікке місе тұтып, халықтың баспанамды қашан бұзады екен деген күдікпен өмір сүрудің өзі әділетсіз» деп түйіндейді «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG