Accessibility links

Қазақстан діни-экстремистік ұйымға қатысы бар деген күдікпен Өзбекстанда іздеуде жүрген бір азаматты сол елдің заң орындарына табыс етпек


Жамбыл облысының полицейлері Өзбекстанда тыйым салынған діни экстремитік ұйымға қатысы бар деген күдікпен іздеуде жүрген 22 жасар Әлібек Бимурзаевты ұстап, енді оны өзбекстандық заң орындарына тапсырмақшы. Бұл туралы «Азаттық» радиосына жұма күні Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасынан хабарлады. Қазір өзбекстандық азамат Тараз қаласының уақытша ұстау мекемесінде қамауда отыр. Полицейлер бұл азаматтың 2005 жылдың желтоқсан айында «Орталық Азия моджахедтер жамааты» лаңкестік ұйымының жетекшісі болды деп айтыпталып, Тараз сотының шешімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылған Жақшыбек Бимурзаевтың інісі болғандығы үшін ғана іздеуде жүруі де мүмкін деген болжам айтады. Ал Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы Қазақстан Әлібек Бимурзаевты Өзбекстанға берсе, онда бұл азаптауға қарсы халықаралық конвенция талаптарын өрескел түрде бұзу болып есептеледі дейді.

Жамбыл облысының Жуалы ауданы «Военсовхоз» ауылында Өзбекстанда 2006-шы жылдың маусым айынан бері іздеуде жүрген 22 жасар Әлібек Бимурзаевтың ұсталып, қамауға алынғандығын жұма күні «Азаттық» радиосына Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз-хатшысы Роза Мадьярқызы растады.

- Ол Өзбекстанда діни-экстремистік ұйымдар құрғаны, басшылық еткені, жұмысына қатысқаны үшін іздеуде жүрген. Оның ағасы Жақшыбек Бимурзаев Тараз сотының үкімімен 2005-ші жылдың желтоқсан айында «кісі өлтіру», «лаңкестік» деген айыптар бойынша 25 жылға сотталған. Ол - «Орталық Азиядағы моджахеттер жамағаты» лаңкестік ұйымының жетекшісі әрі оның жұмысына қатысушысы болған. Жақшыбек Бирмурзаев Ташкенттегі 2004 жылғы лаңкестік әрекеттерді жасауға қатысқан. Екеуі де - Өзбекстан тұрғындары, - деді Жамбыл полициясының өкілі Роза Мадьярқызы.

Дегенмен, ол жақында ұсталған Әлібек Бимурзаев лаңкестік ұйым ісіне қатыспай, оған тек 25 жылға сотталып, қазір Қазақстан түрмесінде жазасын өтеп жүрген ағасы Жақышбек Бимурзаев үшін ғана Өзбекстанда салынуын жоққа шығармайды.

- Қазір Ташкентте жаппай қуғын-сүргін жүріп жатқаны белгілі. Бәрін көтеріп, тексереді. Мүмкін, ол іске сол күйі қатыспаған да шығар, бірақ оны Ташкентте туысқандық байланысы үшін, анау-мынау деп іздеуде. Қазір оны Минск конвенциясына сүйеніп, Өзбекстанға бермекпіз, - дейді Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының қызметкері.

Ал Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының директоры Евгений Жовтис Минск конвенциясынан өзге жоғарғы деңгейдегі халықаралық құжаттардың бар екендігін естен шығармауға шақырады.

- Яғни, адамды азаптау қатері төнетін елге жіберуге болмайды. Ал Өзбекстанда азаптау қолданылатындығын халықаралық қауымдастық та, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқығы бойынша комиссиясы да мойындаған. Сондықтан, қандай айып тағылса да, Өзбекстан азаматын Қазақстан сол елге беріп жіберсе, онда бұл азаптауға қарсы конвенцияның өрескел бұзылғандығы болып есептеледі. Ал Минск конвенциясына сүйену негізсіз. Себебі, Қазақстан одан да жоғары «Босқындар туралы», «Азаптауға қарсы» халықаралық құжаттарға қол қойған, - дейді адам құқығын қорғаушы Е.Жовтис.

Ислам дінтанушысы Мұртаза Бұлытай қазақстандық полиция діни-экстремистік ұйымның өкілі деп ұстап отырған өзбекстандық азаматтың қамауға алынуы Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерде етек жайған қауіпті діни ағым өкілдерінің Қазақстанға дендеп ене бастағандығын аңғартады деп есептейді:

- Яғни, олар Қазақстанда өз құрылымдарын жасап, ел ішінде үгіт-насихат жұмысын жасап, оны белгілі бір дәрежеге көтергеннің белгісі ретінде бағалауға болады. Олар өз елінде жасай алмағанды осында жасаулары әбден мүмкін. Бұл – бізге зиян жасайтын үлкен мәселе. Қай ел сырттан келген күдікті діни ағымдардың еркін жүруіне рұқсат береді? Ешбір ел ондайға дұрыс көзбен қарамайды.

«Еуразия» журналының бас редакторы Эдуард Полетаев «Орталық Азиядағы моджахеттер жамағаты» ұйымы туралы 3 жыл бойы тек сөз жүзінде айтылып келеді, бірақ олар жасады деген лаңкестік әрекеттер туралы да, бұл ұйымының құрылымы мен мүшелері туралы да нақты деректер жоқ дейді.

- Бірақ, сол күйі оның қандай ұйым екендігін ешкім анықтай алған жоқ. Ташкенттегі оқиғалардан кейін олар осында қашып келді деп, Өзбекстанның арнаулы қызметі Қазақстаннан іздемекші болды. Оның қызметі Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстанмен байланысты деп айтылады. Бірақ, олар мұндай ешқандай белсенді әрекеттерге барған емес. Мысалы, жаппай үгіт жүргізіп, үнпарақтар таратқан жоқ. Тек осындай қауіпті ұйым бар, оларды ұстау керек деп дабыра көтеріледі. Әйтсе де, бұл ұйымның құрылымы, мақсаты қандай, жетекшілері кімдер деген сияқты сауалдарға нақты жауап жоқ, - дейді саясаттанушы Эдуард Полетаев.

Бұған дейін 2004 жылы қараша айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті халықаралық «Әл-Каеда» лаңкестік ұйымының құрамына кіретін «Орталық Азиядағы моджахеттер жамағаты» тобының 16 мүшесінің іс-әрекеттері әшкереленіп, қолға түскендігі туралы мәлімет таратқан. Қазақстанның арнаулы қызмет өкілдерінің айтуынша, бұл лаңкестік ұйым Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей ауқымында жұмыс істеп, оның жекелеген мүшелері 2004-ші жылғы Ташкентте болған жарылыстарға қатысқан.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG