Accessibility links

Қазақстан тұтынушылар лигасы мен Экологиялық мәдениеттің кірігу қоры Қазақстанға шетелдерден генетикалық модификацияланған ағзалары бар өнімдердің кіргізілуіне мораторий жариялауды талап етіп отыр


Қазақстан тұтынушылар лигасы мен Экологиялық мәдениеттің кірігу қоры Қазақстанға шетелдерден келетін генетикалық модификацияланған ағзалар қосылған тағам өнімдерін кіргізуге мораторий жариялауды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, трансұлттық корпорациялар шығаратын мұндай өнімдердің зиянын мемлекет әлі жете түсінбей отыр. Ал осы саласы бойынша, ғылыми тәжірибелер жүргізіп жүрген қазақстандық ғалымдар генетикалық модификацияланған ағзалар қосылған өнімдердің денсаулыққа зияны жоқ екенін айтады.

Экологиялық мәдениеттің кірігу қорының президенті Евгений Климовтың айтуынша, қазір әлем елдерінде көптеп таралған генетикалық модификацияланған ағзалар өнімдерінің адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зияны көл-көсір. Аллергиялық, токсикологиялық және тағы басқа аурулар туғызатын мұндай өнімдерді пайдалануға қазір Европаның бірқатар елдерінде рұқсат жоқ екен. Қазақстан шетелдерден келетін мұндай қоспасы бар өнімдерге әлі тосқауыл қоя алмай отыр дейді Евгений Климов.

- Қазақстанда 2004 жылы «Тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы» заң қабылданған болатын. Бұл заң балалар, емдік-профилактикалық және диеталық тағамдарға генетикалық модификацияланған ағзаларды қосуға тиым салып, генетикалық модификацияланған ағзалары бар тауарларға таңба қоюды міндеттеген. Бұл заңның пайда болғанына 3 жыл толғанына қарамастан, біздегі жауапты мекемелер аталған заңды қадағаламай отыр. Қазір дүкендерге барып қарасаңыз, адамдарды сақтандыратын осындай таңбалар ешбір тауарда көрсетілмеген. Соған қарамастан, біздің нарықта генетикалық модификацияланған ағзалар қосылған өнімдер бар. Сондай-ақ, заңда осындай өнімдерді анықтап отыратын лабораториялар салу ісі де қолға алынған жоқ. Тек тағамтану институтында ашылған бір ғана лаборатория осындай тауарларды тестіден өткізе алады, - дейді Евгений Климов.

Қазақстан тұтынушылар лигасы президенті Светлана Савченко мемлекет біздің тұтынушылық құқымызды қорғай алмай жүргендіктен, енді оны өзіміз қорғамақпыз дейді.

- Тұтынушылар алатын тауарлары туралы толық ақпарат алуға құқылы. Ал бізде генетикалық модификацияланған ағзалар қосылған өнімдерді анықтайтын лабораториялар болмағандықтан, дүкендерде ондай өнімдер сатыла береді. Ондай өнімдердің құрамын біз көбіне Мәскеуге тексертуге жібереміз. Ал «Нестле» компаниясы генетикалық модификацияланған ағзалар қосылған балалар өнімін Қазақстанда сатып келеді. Бұл заңға қайшы. Сондықтан, біз «Нестле» компаниясын дұрыс жолға қою үшін оны сотқа бермекпіз, -дейді Светлана Савченко.

Осындай жағдайларды ескере келе, Қазақстан тұтынушылар лигасы мен Экологиялық мәдениеттің кірігу қоры Қазақстанға шетелдерден генетикалық модификацияланған ағзалары бар өнімдердің кіргізілуіне мораторий жариялау керек дейді.

Ал «Биоқауіпсіздік үшін» ТМД елдері Альянсының үйлестірушісі Виктория Копейкина генетикалық модификацияланған ағзалар қосылған тауарларға шектеу қоюға байланысты оқиғаның Қазақстанда жақында сот ісімен аяқталғанын айтады.

- Бұған дейін Ресейдің тағамтану институты трасгендік картопқа зерттеу жүргізгенде, мынадай қызық жағдайға тап болған. Осы картопты жеген көртышқанның мүшелерінде және қан айналу жүйесінде өзгерістердің болғаны байқалған. Осындай жағдайларға қарамастан, біздің тағамтану институты осы картоптарды тағамға пайдалануға рұқсат берген. Және бұл ақпарат ұзақ уақыт бойы қоғамнан жасырылып келді. Тек бірнеше ай бұрын ғана қоғамдық ұйымдардың араласуымен сот арқылы бұл ақпаратты жариялау мүмкін болды. Бұған қарап, біздегі зерттеулерге күмәнданасың, - дейді Виктория Копейкина.

Ал генетикалық модификацияланған ағзаларды пайдалану нәтижесінде картоптың жаңа түрін ойлап тапқан тұңғыш қазақстандық ғалым, биология ғылымының докторы Болат Ысқақов халықтың бостан-босқа дүрлігіп жүргенін айта келіп, генетикалық модификацияланған ағзалар қосылған өнімдердің адам денсаулығына ешбір зияны жоқ дейді.

- Мен өзімнің шығарған жаңа сортты картопты жеп көрдім. Одан менің денсаулығыма ешбір зиян келген жоқ. Соған қарамастан трансгендік картоптан уланып қаламыз деушілер бар. Алайда, мұндай өнімдерден уланып қалғандар дүние жүзінде әлі тіркелген емес, - дейді Болат Ысқақов.

Сондай-ақ, ғалым жаңа технологиялар арқылы жетілдірілген жаңа сортты картоп түрі болашақта ауыл шаруашылығына орасан пайда әкеледі дейді.

- Қазір Қазақстан орта есеппен гектарынан 10 тонна ғана картоп алады. Мұндай аз өнім алуымыздың себебі, Қазақстанның егіс алаңдары вирустармен уланған. Ал картоп жақсы шығатын өзге елдер одан 30-40 тонна өнім алады. Ал егер, менің ойлап шығарған, вирустарға төтеп беретін картопымды егетін болсақ, онда жағдай басқаша болар еді. Алайда, ол әлі Қазақстанда тәжірибеден өткізілу үстінде, - дейді Болат Ысқақов.
XS
SM
MD
LG