Accessibility links

Алматының ортасында өртенген үйдің тұрғындары өздерін жер теліміне қызыққандар жасаған қастандықтың құрбанымыз дейді


Алматы қаласының Медеу ауданына қарасты Әйтеке би көшесінің 12 және 14-інші үйінде тұратын тұрғындар мен Кәсіпкерлерді және меншік иелерін қорғау одағы Қазақстан президенті мен Қауіпсіздік Кеңесі арнайы мәлімедеме жасады. Олардың мұндай қадамдарға баруына өткен аптаның жұмадан сенбіге қараған түнінде Әйтеке би көшесіндегі құлатылуға жатқызылған 12 үйдің отқа орануы салдарынан көп балалы жанұяның далада қалғандығы себеп болып отыр. Тілсіз жаудың салдарынан далада қалған тұрғындар киім-кешек пен дәрі-дәрмекке зәру, оларға тиісті көмек көрсетілсін делінген мәлімдемеде.

Тілсіз жау барлығы 11 жанұяны баспанасыз қалдырды. Бір отбасы ашық аспан астында тігілген шатырда өмір сүріп жатса, қалғандары сол өртенген үйлерінде тұрып жатыр. Бүгінде шатырда тұрып жатқан Ғайни Табылдиева өрттен өз отбасына келген залалды 10 мың АҚШ долларына бағалап, өзі куә болған өрттің түн ортасынан ауа бір мезгілде үш жерден тұтанып басталғанын айтты.

- Өрт сөндірушілер тура 1 сағаттан кейін келді. Түнгі 03.30-да басталған өрт таңғы 06.20-да сөндірілді. Адамнан зардап шеккені жоқ. Менің үйімнен ештеңе қалған жоқ. Тәпішкемен сыртқа шықтық. Сол тәпішкемен әлі күнге далада жүрміз, - дейді Ғайни Табылдиева.

Өртке қарсы қызмет өкілдері өрт электр желісінен тұтануы мүмкін деген болжам жасаған. Алайда тұрғындар мұнымен келіспей отыр.

«Өйткені, электр желісінен басталған өрт бірден үш жерден лаулап жана бастауы мүмкін емес. Оның үстіне токтың барлығы сырт жақтан жүргізілген. Бұл өрт әдейі қастандықпен жасалған нәрсе. Алматы жер компаниясымен келісе алмай жүргенімізге 1,5 жыл болған. Содан бері бізге тыныштық бермей, менің төрт бөлмелі пәтерімді 61 мың АҚШ долларына бағалаған болатын. Біз олардан көп нәрсе сұраған жоқпыз. Біздің талабымыз – төрт бөлмелі үйімізге осы Медеу ауданынан төрт бөлме бер дедік. Олар Медеу ауданынан бермейміз деді. Қалай болғанда да бұл жер теліміне қызығушылық танытқан құрылымдардың әрекеті болуы әбден мүмкін», - дейді Ғайни Табылдиева.

Тілсіз жау Әйтеке би көшесіндегі 12 үйдің 300 кв. метр шатырын, екі және төрт бөлмелі екі пәтерін жалмап, өзге пәтерлерге зиян келтіріп кетті. Пәтері түгел жанып кеткен Табылдиевтар отбасына Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі комитет екі шатыр тігіп беріпті. Ал аудандық және қалалық әкімшіліктен зардап шеккен өзге отбасыларға ешқандай материалдық көмек көрсетілмепті.

Бүгінде барынан айырылып, далада қалған отбасылардың дәрі-дәрмек пен тамаққа, киім-кешеке өте мұқтаж болып отырғандығын мәлімдеді Кәсіпкерлерді және меншік иелерін қорғау одағының президенті Василий Резван:

- Президент пен Қауіпсіздік кеңесіне қайырылып көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз. Болған жағдайды президент тікелей өз назарында ұстасын, тиісті органдар өрттің шығу салдарын анықтап, тұрғындар шеккен залалдың орын толтырып берсін, олардың әрқайсысын баспанамен қамтамасыз етсін деген талабымыз.

Тілсіз жау үлкен залал тигізген үйдің тұрғындары өкіметтен өздеріне жәрдем болмаса, ешқайда қозғалмайтындарын айтып отыр.

- Мемлекеттен көмек болмаса өртенген пәтерімді тастап ешқайда кетпеймін. Өрт сөндірушілер құйған судан бүкіл жиһазым, киім-кешек, көрпе-жастығым жарамай қалды. Үйіміздің сырты жаман көрінгенімен өзімізге жылы ұя еді. Құдай сақтасын, ертең мысалы, жер сілкіне қалса бұл үйлер тұрады, құламайды. 70 жылдан бері тұрған үй өз-өзінен жанып кетуі мүмкін емес. Артық ештеңе де сұрап отырған жоқпыз. Мен жай ғана мұғаліммін. Жағдайым жақсы, бай болсам бүгінгі күні жақсы жерден үй алған болар едім, - дейді Гүлмира есімді тұрғын.

Өрттің шығуына қатысты арнайы мекеменің алдын-ала жасаған болжамына сенбей отырған тұрғындар бұл - қастандық дейді. Тиісті органдар болса, өрттің неден шыққаны туралы тексеру жұмыстарымен айналысып жатыр екен.
XS
SM
MD
LG