Accessibility links

Швейцар банкісінде параға қатысты шығар деп тұмшаланған 84 миллион доллар Қазақстан балаларының мұқтаждығына жұмсалмақшы


Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтері Қазақстан ресми өкілдеріне пара беруге жұмсалмақшы болып, кейін швейцар банкісінде АҚШ өтінішімен тұмшалаған 84 миллион долларды Қазақстанның балалары мен жастарын қолдауға аудармақшы. Бұл ретте үш мемлекет ақшаны жұмсаумен айналысатын "Бота" атты тәуелсіз қор құруға уағдаласты. Бұл жөнінде "Азаттық" радиосына жұма күні Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Сергей Шаталов мәлімдеді.

АҚШ, Швейцария, Қазақстан үкіметі швейцар банкісінде тұмшаланған қаржыны пайдалану жөнінде Дүниежүзілік банкке өтінішпен екі жыл бұрын шыққан.

- Осы ақшаны Қазақстан халқының игілігіне қалайша тиімді әрі ашық түрде жұмсауға болады деген мәселе бойынша айтарлық ұзақ келіссөздер жүрігізілді. Енді үш тарап, ең алдымен үш үкімет, бұл қаржыны жұмсаудың ең қалаулы жолы - Қазақстан республикасының балалары мен жастарының мұқтаждықтары мен дамуын қолдайтын қор құру деген уағдаластыққа қол жеткізді. «Бота» атты қор тәуелсіз болады және оны конкурс негізінде таңдап алынатын үкіметтік емес ұйым басқарады. Қорда мемлекеттік, үкіметтік емес, халықаралық ұйым өкілдері кіретін Кеңес жұмыс істейтін болады. Қор жүзеге асыратын жобаларды осы кеңес таңдап алады. Қазіргі таңда екі бағдарлама қолға алынады деп жоспарланған: біріншісі – кедей отбасы балаларына стипендия беру, екіншісі жергілікті деңгейде ең алдымен балалар мен жастардың өмірін жақсартуға бағытталады, - деді Сергей Шаталов «Азаттық» радиосына мамырдың 4-күні.

С.Шаталовтың айтуынша, швейцар банкісінде тұмшаланған бастапқы ақша көлемі 84 миллион АҚШ доллары болғанымен, оның бірнеше жылдық пайызын есепке алғанда, «Бота» қоғамдық қорына аударылатын қаржы молырақ шықпақ. Халықаралық ақпарат көздерінде қорға аударылатын, әзірге швейцар банкісінде тұмшаланған ақша мұнай-келісім шарттарына байланысты американдық бизнесменнің Қазақстанның жоғарғы лауазым иелеріне пара ретінде берген қаржысы деп көрсетілген. Американдық бизнесменнің аты-жөні еш жерде айтылмағанымен, қазақстандық сарапшылар бұл Қазақстанның ең жоғарғы лауазым иелеріне пара берді деген күдік келтіріліп, АҚШ-та ісі сотта қаралып жатқан Джеймс Гиффен болуы мүмкін деп топшылайды.

Әйтсе де, «Қазақгейт» деген атышулы бұл іс бойынша Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың аттары аталғанымен, Қазақстанның ресми орындары бұл іске қатысты екендіктерін растамаған.

«Енді парадан түскен ақшаны алуға келісім беруі арқылы Қазақстан бұл шатақ оқиғамен байланысты екендіктерін мойындап отыр» деп есептейді жақында ғана АҚШ сапарынан оралған «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық ұйымының жетекшісі Розлана Таукина:

- Айыптау жағы бұл ақшаның сыбайласқан жемқорлық жолымен заңсыз алынғандығын, біреулердің өз бетінше иемденіп алған қаржы екендігін растаған. Енді сол ақшаны балалар мұқтаждығына жұмсауға мемлекеттің атынан өтініш жасауы, Қазақстанның істің, осындай қаржының бар екендігін, оған биліктің ешбір өкілі қол сала алмайтындығын, оған тек халық иелік ететіндігін мойындағанын паш етеді. «Қазақгейт» ісінің қазіргі тұздығы да осында, - дейді «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық ұйымының жетекшісі Розлана Таукина.

Ал, жұма күні «Азаттық» тілшісінің қойған сауалына Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев бұл мәселеге байланысты өзінің бейхабар екендігін айтумен шектелді:

- Қазір ақпарат жоқ. Сондықтан, түсіндірме бере алмаймын. Шын ба, өтірік пе? АҚШ-тағы елшіліктен хабар күтейік.

Қазақстан тек парадан түскен қаржыны қайтарып алып қана қоймай, ол қаржының қалайша швейцар банкіне түскендігін анықтауы тиіс болатын дейді Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов:

- Егер бұл мәселені өркениетті түрде талқылайтын болсақ, кез-келген заң жұмыс істейтін, қоғамда билікке бақылауы бар мемлекетте «Бұл шенеунік кім? Кімнен алды? Не үшін алды?» деген әңгіме сол сәтте қозғалып, тиісті лауазым иесі жауап беруі керек... Сондықтан, бұл – мұзтаудың шеті ғана. Бүгінгі күнге дейін жемқорлық туралы айтып келе жатсақ, соның алғашқы сигналы. Өйткені, дәл осындай қаншама шот жатыр?! Қаншама Қазақстанның экономикасында сыртқы ғана емес, ішкі инвесторлар пара беріп, осындай шоттарға ақшасын аударды?! Оның бәрі ертең ашылады.

«Қазақгейт» деген атышулы іс алғаш 1999 жылы күзде швейцар банкісінен 80 миллион доллар жинақталған шот анықталып, оған Қазақстан басшылығының қатысы бар деп күдік келтірілгенде қозғала бастаған. 2000 жылы тағы да бірнеше шоттар анықталып, тұмшаланған. Ал 2004 жылы көктемде АҚШ елінде американдық бизнесмен Джеймс Гиффенге қатысты сот ісі басталған болатын. Сол мамыр айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Джеймс Гиффеннің ешқашан өзінің кеңесшісі болмағанын, АҚШ-тағы сот ісі тек американдық бизнесменге қатысты жүріп жатқандығын айтқан еді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG