Accessibility links

Қазақстанда сот шешімдерінің тең жартысы неліктен орындалмайды?


Қазақстандық сот орындаушылар сот шешімдерінің тең жартысын орындамайды. Бұл туралы Астанада мамырдың 4 күні бас прокуратураның алқа отырысында хабарланды. Прокуратура мәліметінше, тек бір жылда 1300 сот орындаушысы тәртіптік жауапқа тыртылыпты. Олардың ішінде 50 адам жемқорлыққа қатысты деп айыпталған. Ал, соттық-әкімшілік комитеті төрағасы өздерінде адам тапшы деген уәжді алға тартады.

2006 жылы соттарға бір миллионға жуық істер түскен. Бұл 2005 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Судьялар бұны жұртшылықтың соттарға деген сенімі ұлғайып, құқықтарын біле бастағанының белгісі деп, жақсылыққа балап отыр. Бірақ, азаматтық істерде сот шешімдерінің әрбір 3-інші актісі орындалмайтыны да айтылды. Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мами сот шешімдері жыл сайын өсіп келе жатқанын, ал елде мамандар тапшы екенін айтқан еді.

Қатардағы азаматтар болса сот орындаушыларының жұмысында көңіл толмайтын тұстардың аз еместігін айтады. Бір жарым жыл түзету мекемесінде сот үкімімен отырып шығып, өзіне жалған жала жабылып, кінәсіз екендігін дәлелдеген кәсіпкер Қуат Далабаев сот орындаушыларының жұмысына қанағаттанғысыз деген баға береді:

- Сот үкімдері 1996 жылдан бері орындалмай жүр. Сот шығарып берді, оның кінәсі жоқ. Бірақ соны сот орындаушылары орындай алмай отыр.

Жоғарғы сот жанындағы соттық әкімшілік комитетінің төрағасы Бақытжан Әбдірайымов болса сот шешімдерін орындайтын адам тапшы екендігін алға тартады:

- Мысалы, штат бойынша бізде 2400 адамнан 1700 адам бар, 600 адам жоқ. Жалақысы төмен, 20-23 мың теңге алады. Ондай ақшаға жақсы мамандарды шақыру өте қиын. Екінші мәселе, біздің жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан заңгерлердің білімі, сапасы күмән туғызады.

Прокуратураның мәліметінше, соңғы 3 жылда жүргізген тексеру нәтижесі көрсеткендей, сот шешімдерін уақытылы орындамау сияқты жайттар жүйелі түрде қайталанып отырады екен. Осылайша адамдардың конституциялық құқықтары бұзылып келеді. Прокуратураның мәліметінше, 7 облыс пен Астанада сот орындаушылары өз мәліметтерін өзгертіп, асырып көрсеткен. Осыны ескерсек, сот шешімдерінің тең жартысы уақытылы орындалмаған дейді прокурорлар. Тексеру барысында мемлекетке төлемақы берілуге тиіс істердің шешілмегендігі анықталған, яғни мемлекет бюджетіне едәуір көлемде қаржы түспей қалған дейді прокурорлар. Тек Астанада осындай 140 іс анықталған. Тексеру нәтижесінде 2006 жыл мәліметі бойынша 1300 сот орындаушысы тәртіптік жауапқа тыртылыпты. Олардың ішінде 50 адам жемқорлыққа қатысты деп айыпталған. Және бұл көрсеткіштер жыл сайын ұлғайып келеді. Жоғарғы сот жанындағы соттық әкімшілік комитетінің төрағасы Бақытжан Әбдірайымов жағдайды реттеуге болады деп санайды:

- Жалақысын көтеру керек. Әуелі оны көтермей біз ол жерге жақсы мамандарды ала алмаймыз. Екінші, сот орындаушыларының процессуалды құзыры өте шектелген. Сол себептен көп мәселені олар шеше алмай қалады, тіреліп қалады. Банкке барып тіреледі, мүлікті алайын десе, оны ала алмайды. Себебі, қазіргі жағдайда әр кішігірім фирманың өзінде күзет фирмасы болады. Біздің сот орындаушыларды жібермейді. Сол себептен олардың процессуалды құзырын күшейту керек.

Ал, Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің басқарма бастығы Әділ Тұрановтың президент Назарбаев қол қойған әкімшілік реформалар жөніндегі қаулыға сәйкес кез-келген мемлекеттік орган жетекшісі еңбекақы қорын үнемдеу арқылы өзге белсенді қызметкерлеріне қосымша қаржы беруге құқылы екенін еске салады. Соттық әкімшілік комитеті төрағасының айтуынша, оларда штаттың 30 пайызы толық емес дейді прокурор. «Демек бұл қаржы үнемделеді. Олар үкіметке шықпай-ақ өздері қосымша құн төлеп, тәжірибелі адам жалдауына болады», дейді Бас прокуратура өкілі Әділ Тұранов.

Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, сот шешімдері орындалмайтындығының тағы бірнеше себептері бар.

- Біріншіден, сот шешімдері көбінесе алимент алушылар бойынша орындалмайды. Қазір көп алимент төлеушілердің тұрақты орындары жоқ. Екіншіден, көп мекемелер банкрот болды. Олар сатылды, ал, төлеушілеріне жеткен жоқ, - дейді Қайрат Мәми.

Бұған дейін президент Назарбаев жеке меншік сот орындаушылар жүйесін енгізу мәселесін қарастыруды ұсынған болатын.

«Егерде сот шешімдері орындалмаса, адамдар сот шешімінің орындалуын сезбесе, судьялар сот шешімдерін шығарғаннан не пайда?» деген еді президент. Бірақ, кейбір сарапшылар бұл жағдайда сот орындаушылары заңды орындауды ойламай, тек ақша табуды ойлайды деген пікірлерін білдірген.
XS
SM
MD
LG