Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.08.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Рақымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа жеңіс туын бірінші тіккендігін растайтын құжаттар Алматыға алдырылғаны туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Қазақстанда Кеңес одағының батыры атағына ие он ардагер қалғандығына мән берсе, тағы бір басылым тұтқында болған соғыс ардагерлеріне өтемақы төленбегендігіне тоқталып өтіпті.

Рақымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа жеңіс туын тіккенін растайтын құжат Қазақстанға берілгені туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Мамырдың 7-күні тарихи қағаз Алматыдағы Орталық мұражайға тапсырылды» делінген мақалада. «Құжаттың Ресейдің қорғаныс министрлігіне қарасты әскери тарих институтынан ғалым Болат Асанов сұратқан. Оның айтуынша, маршал Жуковтың өзі «Правда» газетіне берген сұхбатында алғашқы жеңіс туын рейхстагқа 150-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері тіккенін хабарлаған. Сонымен қатар, осы дивизияға қарасты полк командирінің марапаттау қағазында былай делінген: «Қошқарбаевтың взводы Шпрее өзенін алғашқылардың қатарында кесіп өтіп сәуірдің 30-күні жеңіс туын рейхстагқа тікті». Алайда бұл мәртебе Егоров пен Кантарияға берілген болатын. Енді біз лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен оның қаруласы Григорий Булатовтың ерлігін ресми мойындау жөнінде Ресей президенті Владимир Путинге арыздана аламыз» депті тарихшы Болат Асанов «Время» газетіне берген сұхбатында.

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 62 жыл толатындығына «Жас Алаш» газеті де тоқталып өтіпті. «Соғыс ардагерлерінің қатары жылдан жылға сиреп бара жатыр. Оларға деген берешегіміз бар» делінген мақалада. «Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов 19 соғыс ардагерлеріне пәтер кілтін табыс етті. Алайда, ардагерлер үшін баспанадан гөрі маңызды мәселелер де бар. Мәселен, Қазақстан әлі күнге дейін тұтқында болған соғыс ардагерлеріне өтемақы төлемеген екен. Ал посткеңестік кеңістіктегі өзге елдер бұл берешектерінен әлдеқашан құтылыпты» делінген «Жас Алаш» газетінің мақаласында.

Қазақстанда Кеңес Одағының батыры атағына ие болған он ардагердің ғана көзі тірі екендігі «Комсомольская правда» газетіндегі мақалада баяндалыпты. «Солардың бірі Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында тұрады. Ол – Садық Жақсығұлов» делінген мақалада. «Садық ата 1943 жылдың ақпанында майданға аттанған. Курск түбіндегі шайқастағы ерлігі үшін оған сол жылдың қыркүйек айында батыр атағы беріледі. Одан әрі ол Шығыс Еуропаның елдеріндегі шайқастарға қатысып, соғысты 1945 жылы Австрия жерінде аяқтаған. Жеңістен кейінгі тағы бір жылды әскерге арнаған Садық ата 1946 жылы Қазақстанға оралыпты. Қазіргі күні шөберелерін көріп отыр. Ақсақал жыл сайын Жеңіс күнін асыға күтетіндігін жасырмайды» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал «Егемен Қазақстан» газеті болса ғарышкер Талғат Мұсабаевқа авиация генерал-лейтенанты әскери атағы берілгендігіне мән беріп отыр. «Сонымен қатар, генерал-лейтенант әскери атағын Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Жаңасаев пен ТМД елдерінің террорға қарсы орталық бастығының орынбасары Бексұлтан Сәрсеков алды» делінген мақалада. «Тағы он бір азамат генерал-майор әскери шеніне ие болған. Марапаттау Қазақстан Қарулы Күштерінің 15 жылдығына және Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырылды» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Бұл уақытта «Айқын» газеті қазақ-жоңғар соғысын Ұлы отан соғысы ретінде қарастыру туралы тарихшылар пікірі ақиқатқа қаншалықты жақын деген сұраққа жауап іздепті. «Тарих және этнология институтының директоры Камал Бұрхановтың айтуынша, Қазақстан Кеңестер Одағы құрамында бүкіл адамзатқа, ұлттар мен мемлекеттерге үлкен қауіп төндірген фашизмге қарсы күресте зор үлес қосты. Бұл сұрапыл соғыста бабаларымыздың жанкешті ерлігі арқасында тәуелсіз болдық. Сондықтан қазақ тарихы үшін де бұл кезең шын мәніндегі Ұлы Отан соғысы болып қала береді дейді Камал Бұрханов. Алайда, профессор Бүркіт Аяған бұған қарсы пікір келтіріп отыр. 1941-1945 жылғы соғыс - шын мәнінде де, орыс-герман соғысы. Дәл қазір Польша, Балтық елдері сияқты мұны қайта қарап, өзгертудің қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Біз үшін екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлігі ретінде қарау керек. Ал төл тарихымыздағы қазақ-жоңғар соғысының тарихи маңызын көтеріп, Ұлы Отан соғысы деп атауға тиіспіз» депті Бүркіт Аяған «Айқын» газетінің тілшісіне.

AzattyqTV

Қырғыз суретшісі

Лаймен салынған портрет

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG