Accessibility links

Адамды тұтқындауға өкім ету кімнің құзырында болғаны дұрыс?


Президент Назарбаев үкіметке тұтқындау құзырын прокуратурадан сотқа өткізетін заң жобасын мамырдың 10 дейін парламентке түсіруді тапсырды. Бұл туралы Астанада үкімет отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов хабарлады. Ал, Әділет министрі Зағипа Балиеваның түсіндіруінше, министрлік дайындаған заң жобасында сот құзыры кеңейгенімен, прокуратура құзыры да қатты шектелмеген.

Мәселенің Қазақстанда көтерілгеніне бірнеше жыл болды. «Жуырда президент Назарбаев үкіметке конституцияға өзгеріс енгізуді қажет етпейтін тұтқындау құзырын сотқа беретін заң жобасын мамырдың 10 дейін парламентке түсіруді тапсырды. Бұл заң жобасы қазір қайда?» - деді премьер Мәсімов мамырдың 8-күні өткен үкімет отырысында.

Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, әзірге бұл заң жобасы парламентке берілмеген, тек үкімет кеңсесіне түскен. Бас прокурор Рашид Түсіпбековтың мәліметінше, соңғы 5 жылда прокуратура тұтқындау керек деген өтініштердің 10 пайызын қанағаттандырмай келеді.

«Демек, біз адамдарды шетінен қамай бермейміз», - дейді бас прокурор.

Оның үстіне прокуратура өзі тергеу жүргізбейтіндіктен, ол мейлінше тәуелсіз жұмыс істейді дейді прокуратура өкілі. Сондықтан Батыс елдерінің тәжірибесін қайталаудың қажеті жоқ деген пікірлер айтылып, прокуратура функцияларын тартып алмай-ақ, жылдар бойы қалыптасқан тәртіпті өзгертпеу ұсынылған. Бас прокурордың бірінші орынбасары Ілияс Бахтыбаевтың пікіріде осыған ұқсас:

- Мен осы уақытқа дейін қарсы болғам. Оның бүгінгі белгіленген тәртібімен де істеуге болады. Бүлінген ештемесі жоқ. Бүгінде адамның құқы қорғалып жатқан жағдай бар. Бүгінде оның барлығы сотта тексеріліп жатқан жағдайы бар.

Парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Таспихов мүлде керісінше пікірді ұстанады:

- Конституция сот арқылы адамдарды тұтқынға алуға мүмкіншілік береді. Меніңше сол дұрыс деп ойлаймын. Қалай дегенменде соттың алдында адвокат арқылы қателік кететін болса, азаматтар заң алдында өзінің ақ екендігін дәлелдеуге мүмкіншілігі болады. Жалпы, біздің заңымыз адамдардың құқын қорғауға бағытталу керек, оларды қамауға алып, қоқан-лоқы көрсетуге емес, керісінше, өзінің заңның алдында ақ екендігін дәлелдеуге мүмкіншілік жасауымыз керек.

Тұтқындау құзырын сотқа беру керек дейтін заңгерлер мысал ретінде Германия және АҚШ елдерін келтіреді. Бұл демократиялық елдерде тұтқындау құзыреті сотқа әлдеқашан берілген. Және бұл халықаралық заңдардың талабы дейді үкіметтік емес ұйым өкілдерінің заңгерлері. Бас прокурордың бірінші орынбасары Ілияс Бахтыбаев мұны мойындап отыр:

- Шешім қабылданғаннан кейін заң қабылданса біз заңның орындалуын қадағалап, орындалуына өзіміз ат салысамыз. Заң қабылданғаннан кейін қамау тек қана соттың құзырына өтеді. Біз енді келісіп отырмыз. Ол жерде біздің ата заңымызға сиятын, одан кейін халықаралық пакті бар ғой - азаматтық және саяси құқықтары жөніндегі пакттің қойған шарттарына сай келетін жолы бар.

Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, қазір заң жобасы парламентке беру үшін дайындалып жатыр, бірақ, нақты мерзімдер қазірдің өзінде айқындалды дейді ол:

- Ол заң бүгінгі күнде үкімет кеңсесіне берілді. Ведомствоаралық комиссия арқылы оны бәріміз қарадық. Бас прокуратура, Жоғарғы сот, әділет министрлігі, ішкі істер министрлігі - бәріміз заңды қарап, келісімге келдік. 10 күннің ішінде тұтқындау рұқсатын прокурор береді. 10 күн өткеннен кейін тек қана соттың шешімімен.

Әзірге Конституцияның 16 бабына сәйкес, адамдарды тұтқындау үшін прокуратураның рұқсаты керек. Осы нормаға сәйкес, бұл рұқсат алынбайынша, адамды 72 сағаттық мерзімнен артық қамауда ұстауға тыйым салынады. Ал, егерде қамауға алынған адам өзін тұтқындау шешімімен келіспесе, онда бұл мәселе сотпен қаралады.
XS
SM
MD
LG