Accessibility links

Ғылым мен денсаулық сақтау саласының жаңалықтары


Бүкіл әлемнің қалалары барған сайын түрлі шу-гуге толып барады және қалалардағы түрлі шудың деңгейі тұрғындарға ғана емес, қаланы мекендейтін құстардың да тіршілігіне әсер ете бастады. Мысалға, ағылшын ғалымдарының ашқан жаңалығына қарағанда, дүние жүзінің кез-келген қаласынан табылатын және түрлі жәндікпен қоректенетін шымшық торғай (robins) қаланың күндізгі шуынан қашып, түнде тіршілік етуге және түнде ән салуға жадықтанып алған көрінеді.

Алғашқада ғалымдар қалада тіршілік ететін шымшық торғайдың күн қарайғанда ғана ән сала бастайтынын 10 шақты жыл бұрын байқаған еді. Бірақ ғалымдар оның сырын тиянақты түсіндіре алмады. Жалпы қабылданған түсінік бойынша, шымшық торғай түнде қаланың электр шамдарымен жарық болуынан ән салады. Алайда, Шеффилд университетінің жан-жануар мен өсімдіктерді зерттейтін кафедрасының докторы Ричард Фаллер (Richard Fuller) мен оның әріптестері құстың түнде әндетуінің сыры басқа да деп есептейді.

Р.ФАЛЛЕР: “Жарығы көп жерде құстардың шынында да көбірек ән салатыны байқалады. Бірақ, күндіз қалада шудың көп болатыны да даусыз. Ал құстардың түнде әндететін себебі, біздің ойымызша, олар біздің қалаларымыздағы күндізгі шумен жарысудан қашады”.

Әрине, өзге құстар мен жан-жануарлардың дауыстары шығатын орман-тоғайларда да шу жетіп артылады. Бірақ шымшық торғай орман-тоғайлардың шуымен қалай бәсекелесуді жақсы біледі. Ал қалалардың күндізгі қозғалыс-тіршілігінен шығатын гуілі өзгеше жағдай туғызады. Мысалға, орманда әндетіп тұрған мына құстың дауысын тыңдап көріңіз. Ал енді бұл әнді қаланы мекендейтін дәл осындай құстың әнімен салыстырып көріңіз.

Мысалға, еркек бұлбұл секілді кейбір құстар орасан зор дыбыс шығаруы мүмкін. 2004-інші жылы Берлинде жүргізілген зерттеудің барысында дауысының деңгейі 95 децибелге жеткен бұлбұлдың әні жазып алынды. 80 децибел деңгейіндегі шудың ортасында 2 сағаттан көп отыру адамның есіту қабылетіне ұзаққа созылатын зиян келтіруі ықтимал.

Әрине, осындай деңгейдегі шу туғызуға шымшық торғайдың өкпесі жетпейді. Бірақ шымшық торғай үшін ән салу – тіршілік қамы үшін өте маңызды. Еркек шымшық көмекшісін шақыру үшін әндетсе, ұрғашы шымшық – ерінің әнін шығармашылық сапасы тұрғысынан бағалайды.

Жер шарының солтүстік бөлігін мекендейтін халықтар үшін жаз маусымы келіп қалды. Күннің ыстығы қызған сайын, әсіресе судың жағасында немесе сая-бақта серуендеген жұрт жеңіл-желпі киім-кешек киюге асығады. Алайда, Ұлыбританияның медициналық “Ланцет” журналында жарияланған тың зерттеуге қарағанда, киім-кешектен құтылуға онша асықпау керек көрінеді. Өйткені, күннің сәулесінен қорғайтын кремнің түрлері адамның терісін күн сәулесінен жеткілікті қорғай алмайды және терінің ісік ауруына шалдығуына немесе тез қартаюына бөгет бола алмайтын көрінеді.

Бұл зерттеудің авторлары – Цюрих пен Копенгаген және АҚШ-тың Миннесота штатындағы Рочестер қаласының дерматологтары. Олардың ортақ пікірінше, күн сәулесінен кез-келген киім жақсы қорғайды. Мақтадан, жүннен немесе полиэстер материалдан тоқылған қалың тоқыма киім – таза мақтадан немесе таза кенептен тігілген киімнен әлдеқайда жақсы қорғайтын көрінеді. Түссіз киімге қарағанда, түсі қара-қоңырлау киім де күн сәулесінен жақсы сақтайды. Басқа сөзбен айтқанда, келесі жолы су жағасына серуенге шыққаныңызда мойныңызды толық жабатын қара түсті “водолазка”, ұзын көк джинсы шалбар, кең қара шляпа немесе қалпақ, аяғыңызға қара түсті шұлық және сандал емес, бәтеңке киіп барыңыз.

Алайда, егер жағалауға үйреншікті әдетпен жеңіл-желпі киініп барғыңыз келсе, онда дәрігерлердің кеңесі бойынша, сыртқа шығардан 15-30 минут бұрын күн сәулесінен қорғайтын крем жағып алған дұрыс. Кремді артық не кем жағудың қажеті жоқ және оны денеңіздің ашық қалатын жеріне міндетті түрде жағып алыңыз.

Алдыңғы зерттеулер көрсетіп бергендей, тұтынушылар күн сәулесінен қорғайтын кремді әлдеқайда кем қолданатын көрінеді және кремнің күннен қорғайтын мүмкіндігінің бар-жоғы 10-25 пайызын ғана пайдаланады екен. Оған қоса тұтынушылар кремді денесінің барлық жеріне дұрыстап жақпайтын болып шықты. Бірақ, сонымен бірге, денеңізге күннің сәулесінен қорғайтын кремді жағып шомылғанның өзінде де, Сіз күн сәулесінен толық қорғана алмайсыз. Таяуда жүргізілген зерттеу анықтап бергендей, күннен қорғайтын крем адамның денесін күнге күюден және адам терісінің тез ескіруінен аз ғана қорғайды да, адам терісінің ісік немесе рак ауруына шалдығуынан қорғай алмайды. Ал ағылшындардың “Ланцет” журналында жарық көрген жаңа зерттеу – қоғамның назарын осындай ісік ауруына аударуды көздейді. Осы зерттеудің авторларының бағалауынша, атмосферадағы озон қатпарының 1 пайызға азаюы – терінің ісік ауруына шалдығудан қайтыс болғандардың санын да 1 пайызға ұлғайтатын көрінеді. Ақыр аяғында, жоғарыда айтылғандай, серуенге “қара водолазка” киіп шыққан – жаман ұсыныс емес сияқты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG