Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.11.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі КТК телеарнасының екі қызметкерінің ұсталуына сол арнаның ұстанған көзқарасы түрткі болған деп жазды. Сонымен қатар, газеттер журналист Оралғайша Омаршановаға іздеу жарияланғанына 40 күн толғандығына мән берсе, тағы бір басылымдар Қазақстандағы сот жүйесіндегі кемшіліктерге тоқталып өтіпті.

Қазақстандағы «КТК» телеарнасының екі қызметкері ұсталғандығы туралы мақала «Караван» газетінде жарық көріпті. «Бір тәуліктің ішінде Алматы қаласында екі оқиға болды: бетін тұмшалаған белгісіз кісілер аталған телеарнаның қызметкерін күшпен алып кетсе, сөз болып отырған арнаның тағы бір қызметкерін өз үйінде ұсталған» делінген мақалада. «Кейінірек телеарна қызметкерлерін алып кеткен кісілердің құқық қорғау органынан екендігі белгілі болып отыр. Олар өздерін ешкімге таныстырып жатпаған және ұстауға рұқсат беретін құжаттарын көрсетпеген. Бұл жағдайда процессуалдық ережелер өрескел бұзылды» деп жазды «Караван». Сонымен қатар, басылым осы оқиғаларға қатысты Алматының Ішкі істер департаменті таратқан баспасөз хабарламасына «жалған» деген баға беріп отыр, және полицейлердің іс-әрекетін телеарнаның саясатына қарсы бағытталған қадам ретінде бағалаған. Соған байланысты газет редакциясы Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановқа екі сауал жолдаған. «Сіз өз ведомствоңызда не болып жатқанынан хабардарсыз ба? Олай болса Сіз отставкаға кету туралы өтініш жазуға міндеттісіз» деп жазды «Караван» газеті.

Қызметіне лайық емес министрлерге сенімсіздік таныту құқын депутаттардың бірде-бір рет пайдаланбауы Парламенттегі лоббистер ықпалының күштілігінен емес пе деген сұраққа «Айқын» газеті жауап іздепті. "Мәжіліс депутаты Әлихан Бәйменовтың пікірінше, министрге сенімсіздік көрсету бұл Парламенттің саяси көзқарасына байланысты болады. Заң шығарушы билік атқарушы биліктің мүшесіне сенімсіздік таныту үшін елдің саяси мәдениеті мен белсенділігі қалыптасуы қажет дейді ол. Саясаттанушы Досым Сәтпаев болас лоббистік әрекетті реттейтін заң жоқ екендігін айтып отыр. Жалпы, қоғамда лоббизм терең тамыр жайған деуге болады, соның ішінде Парламентте де берік орын алған. Қолдан жасалған лоббизм тек заң шығарушы органда ғана емес, атқарушы билікте де күшті» депті Досым Сәтпаев «Айқын» тілшісінің сауалына.

Ал «Новое поколение» газеті болса КТК қызметкерлерінің ұсталуы тағы бір оқиғаны еске түсіріп отырғандығын жазыпты. «Бұған дейін «Закон и правосудие» газетінің журналисті Оралғайша Омаршанова жоғалып кеткен еді. Құқық қорғау органдарының іздеу салғанына 40 күн болыпты. Полицейлердің өздері, ресми болмаса да, журналисті табу үміті азайып бара жатқандығын айтады. Оралғайша Омаршанованың жоғалуына қатысты бірнеше болжам бар, солардың бірі журналистің қылмыстық орта беделділерімен байланыс орнатуына қатысты болып отыр» деп жазды «Новое поколение» газеті.

Бұл уақытта Алматының Медеу аудандық сотында «Нұрбанк» ғимаратына шабуылдаушыларға қатысты іс қаралып жатқандығына «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты мән беріп отыр. «Мамырдың 10-күні сот процесі әрі қарай жалғасуы керек еді. Алайда сот төрағасы Шәмшиев процеске куәгерлердің клемеуіне байланысты отырысты келесі аптаға қалдырды» делінген мақалада. «Сотта куәлік ету үшін «Нұрбанк» қызметкерлері шақырылған еді. Олардың арасында сөз болып отырған банктің жоғары лауазымды акционерлері жоқ. Айыпталушылардың адвокаттары куәлік етуші кісілердің аты-жөндерін алдын ала таныстырып отыруын сұрап сот төрағасына өтініш жолдаған еді, алайда судья тағы да қорғаушылардың арыздарын қанағаттандырған жоқ» деп түйіндейді «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

«Панорама» газеті болса Жоғарғы соттың бөлімдерінде азаматтардың конституциялық құқықтары сақталмайтындығы туралы жазыпты. «Бұл жердегі әңгіме сот әкімшілігі жөніндегі комитет туралы болып отыр. Бас прокуратураның құқықтық статистика жөніндегі комитетінің алқа отырысында осындай тұжырым жасалынды» делінген мақалада. «Аталған комитеттің бөлім басшысы Алмагүл Ташмағанбетованың айтуынша, өткен жылы 1291 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке, 274-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған» деп жазды «Панорама» газеті.

Сот ісіндегі реформалардың барысы туралы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріпті. «Әрине, судьялар тарапынан болатын кемшіліктер кездеспей тұрмайды. Осының бәрі сот қабылдауына келген азаматтардың орынды өкпе-реніштерін туғызады. Сот беделі жекелеген судьялар беделінен құралады. Сондықтан әрбір қазы сот беделі мемлекет беделі екенін естен шығармағаны жөн» деп түйіндейді «Егемен Қазақтстан» газеті.
XS
SM
MD
LG