Accessibility links

Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізілуін қазақстандық сарапшылар қалай бағалайды?


Қазақстан президенті сәрсенбі күні парламенттің құзырын кеңейту, президенттің өкілеттілік мерзімін кеміту, сот жүйесін дамыту бойынша Конституцияға енгізілетін өзгерістерді жария етті. Ал "Азаттық" радиосына өз пікірлерін білдірген қазақстандық сарапшылар бұл өзгерістердің айтылуын Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалыққа ұмтылу талабымен байланыстырады.

Саясаткер Дос Көшім Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізілуінен көп нәрсе күтпейді. Сондықтан, сәрсенбі күні Парламентте Қазақстан президентінің Қазақстанның басты заң құжатына енгізілетін өзгерістерді жария етуіне орай өзінің пессимистік көңіл-күйін былай білдірді:

- Ой, менің күткенім президенттің аузынан шықпайтынына сенімім мол. Себебі, мемлекеттің дамуының ұлттық бағыты, ұлттық мемлекет құру қағидалары бұл жолы да кірмейді... Ал ЕҚЫҰ-ына төраға болам деп отырған елі әрі оған бір жыл уақыт берілгендіктен, белгілі-бір саяси реформалар жасуы мүмкін...

Сәрсенбі күні Парламент алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық өзгерістер арқылы Парламент құрамын 154 депутатқа дейін кеңейту, президент өкілеттілік мерзімін 7 жылдан 5 жылға дейін кеміту, үкімет құрамын бекітуді Парламент мәжілісіне беру, Орталық Сайлау Комиссиясы, Есеп комитеті, Конституциялық кеңес құрамын жасақтауға парламентті қатыстыру тәрізді бастамаларды қолға алуды ұсынды. Дегенмен, келесі бір саясаттанушы, «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам Қазақстанда заңдар қабылданғанымен, олардың орындаламай жататындығын тілге тиек етті:

- Жасыратын не бар? Әр түрлі Конституцияларымыз, әрі түрлі заңдарымыз болды емес пе?! Бәрі демократиялық деуге тұрарлық заңдар. Бірақ, олардың ертеңінде нәтижесі қалай болып шықты? Өйткені, бізде үлкен билік өте күшті! Дегенмен, қазіргі кезеңде осындай өзгерістерге барғаны – сыртқы күштердің әсерінен....

Дегенмен, Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері Мұхит Асанбаев Қазақстан Конституциясына үлкен өзгерістер енгізу тәрізді революциялық жетістікке эволюциялық жолмен жетті дейді:

- Бір жүйеден екіншісіне: президенттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік жүйеге көшіп жатырмыз. Мысалы, президент өкілеттілігін 7 жылдан 5 жылға ауыстыру туралы ұсыныс жасалды. Мұндай ұсыныс жақында Францияда да қаралған. Мұндай өзгерістердің бәрі – ұдайы жүріп жатқан процесс қой?! Неге біз мұның бәрі сыртқы күштердің қысымымен, оппозиция талабымен деп айтуымыз керек?! Біздің еліміздің саяси дамуының логикасына сай, экономикамыздың көтерілуін қамтамасыз ететін саяси тұрақтылықтың алғышарты – осы саяси реформалар. Біз осыған эволюциялық жолмен өзіміз көшіп барамыз.

Қазақстан Коммунистік партиясының лидері Серікболсын Әбділдиннің де Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістерден күтер үміті зор. Оның ойынша, егер президенттің парламент құрамы мен сайлау жүйесіне қатысты айтылған ұсыныстары Конституцияға енгізілсе, онда күзде қайта парламент сайлауы болады деді:

- Мұндай жағдайда Конституция қабылданса, соны орындау керек! Конституция партиялық тізіммен мәжіліс сайлануы керек, осындай санға өсу керек десе, көп ұзартпай оны орындау керек. Сондықтан, сайлау болуы дұрыс! Назарбаев ЕҚЫҰ-на төрағалыққа ұмтылам десе, сайлауды биыл күзде өткізуі керек. Сайлауды биыл өткізбесе, төраға болмайды!

Конституция жобасында сонымен бірге сот жүйесіне қатысты да өзгерістер айтылған. Мысалы, Жоғарғы соттың төрағасы мен судьяларын Президенттің ұсынысымен сенат сайлайтын болады. Оған президент Қазақстанды өлім жазасы алынып тасталынған дерлік елге айналдыруды ұсынды. Яғни, жаңа нормаға сай өлім жазасы тек адам өлімімен байланысты лаңкестік қылмыстар мен әскери уақыттағы өте ауыр қылмыстар үшін қалдырлуы мүмкін.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG