Accessibility links

Қазақстан өлім жазасына қатысты Ата заңға өзгеріс енгізбек


Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін Қазақстанда өлім жазасына тыйым салынады десе болады. Бұл туралы Астанада мамырдың 18 күні жаңадан тағайындалған мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев өзі өткізген тұңғыш баспасөз-маслихатында хабарлады. Оның айтуынша, бұл жайт Қазақстанды бетке ұстар Еуропа демократияларымен бір қатарға қоймақ. Ал, кейбір заңгерлердің айтуынша, Конституцияға енгізілген өзгерістерге қарамастан Қазақстанда соғыс кезінде және лаңкестік оқиғалар кезінде өлім жазасын қолдануға болады деп жазылған, ал бұл Еуропа стандарттарына қайшы.

Жаңадан тағайындалған мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев түсіндіріп өткендей, егерде парламенттің қарауынан өткен конституциялық заң жобасына президент қол қойса, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанда өлім жазасы алынады десе болады. Ал, бейүкіметтік ұйымға жататын Еуропалық құқық институтының директоры Марат Башимовтың айтуынша, өзгерістерге ұшыраған күннің өзінде Қазақстан Конституциясы Еуропалық Кеңес стандарттарына сәйкес келмейді.

«Өйткені, елде өлім жазасы бар. Ал Еуропа Кеңесі елдерінің барлығында адам құқығы жөніндегі Еуропалық конвенцияның 6 хаттамасына сәйкес бейбіт кезде өлім жазасына тыйым салынған. Оған қосымша 13 хаттамада соғыс кезінде де өлім жазасына тыйым салынған. Ал Қазақстанда соғыс кезінде өлім жазасына рұқсат беріледі», - дейді заңгер Башимов.

Қазақстан президентінің әкімшілігі төрағасының орынбасары Оңалсын Жұмабеков болса, өлім жазасы мәселесінде Қазақстан Конституциясы халықаралық заңдарға сәйкес келеді деп отыр:

- Өлім жазасы жөнінен Біріккен Ұлттар Ұйымының пактісі бар. Оны біз бекітіп, қосылдық. Сол пактіге қосымша хаттама бар. Сонда былай деп аталған: әрбір мемлекет өлім жазасынан бас тартуы керек делінген. Бірақ, хаттамаға қосылған мемлекет өз заңнамасында соғыс кезінде өлім жазасын қолдануға болады деп көрсетуге құқылы. Біз соған келтіріп отырмыз - соғыс кезінде деп. Сонымен қатар біздің қалдырып отырғанымыз – лаңкестік қылмыс үшін осы жазаны қолдану.

Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың айтуынша, келесі жаңа енгізулер қатарында жергілікті өзін өзі басқару функциялары мәслихаттарға беріледі. Қазақстандық оппозиция өкілдері бұл мәслихат депутаттары халықты емес әкімдердің сөзін жақтайды деп сынап келген болатын. Ал Қазақстан президентінің әкімшілігі төрағасының орынбасары Оңалсын Жұмабеков мәслихат депутаттары жергілікті әкімдерге тәуелді емес деп санайды:

- Заң бойынша олар тәуелді емес, заңмен істеу керек. Өзін өзі басқару маслихатқа өте кең өкілеттік берілейін деп отыр. 5 жылға дейін мерзімі ұзартылады. Облыс әкімінің тағайындалуына келісімін береді. Оған сенімсіздік білдіреміз десе, депутаттардың бестен бірі сол мәселені көтерсе комиссия құрып әкімді орнынан босатуға елбасына ұсыныс жасауға құқылы.

Келесі өзгеріске сәйкес, Парламент Мәжілісінің сайлауын партиялық тізімдер бойынша өткізу ұсынылды. Және депутаттардың бір бөлігін Қазақстан халықтары ассамблеясы ұсынады. Дәл осы бапты енгізуге қарсы болғандар бар. Саясаткер Дос Көшімнің пікірінше, ешбір елде депутаттар ұлтына қарап сайланбайды. Ал, Қазақстан президентінің әкімшілігі төрағасының орынбасары болса бұл өзгеріске басқа қырынан қарау керектігін айтады.

«Бұл жерде тек Қазақстан халықтары ассамблеясының өкілдері ғана ескеріліп қоймайды. Мұнда ғылым, мәдениет, өнер өкілдері және гендерлік мәселе де ескеріледі. Мысал ретінде Италияны келтірер едім. Онда президент әлеуметтік, ғылыми, өнер және әдебиет салаларында елді даңққа бөлеген 5 адамды өмірбақи сенатор қылып тағайындауына құқылы. Осы сияқты тәртіп бізде де болады», - дейді О.Жұмабеков.

Журналистерді толғантқан келесі мәселе - қазіргі парламент тарала ма, жоқ па деген сұрақ болды. Қазақстан президентінің әкімшілігі төрағасының орынбасары оған былайша жауап берді:

- Президенттік республикаларда мұндай шешімдерді негізінен президент қабылдайды. Мысал келтіретін болсам, ешқандай негіз келтірмей Франция президенті парламентті таратуға құқы бар.

Келесі өзгеріске сәйкес президенттік қызметке бір адам қатарынан екі рет сайлана алмайды. Бірақ, бұл норма қазіргі президентке қолданылмайды, дейді мемлекеттік хатшы Саудабаев. Қайсібір бақылаушылардың айтуынша, мемлекеттік хатшының тағайындалуы кездейсоқтық емес. Президент Назарбаев «Қазақгейт» шатағын шешу мәселесіндегі жұмыстары үшін оған жаңа қызмет беріп, құзыретін кеңейтіп берген дейді олар. Ал мемлекеттік хатшы құзыреті кеңейді ме деген сұраққа осы қызметке жаңадан тағайындалған Қанат Саудабаев былайша жауап берді:

- Мемлекеттік хатшының жұмысын, тәртібін, функцияларын, бәрін - елбасы шешеді. Сол кісінің тапсырмасымен жұмыс істейміз.
XS
SM
MD
LG