Accessibility links

Биылғы тамыз айынан бастап қазақстандықтардың жеке құжаттары жаңа электронды құжатқа айырбасталады


Үкімет қаулысына сәйкес, 2007 жылдың тамыз айынан бастап барлық қазақстандықтардың жеке құжаттары жаңа жүйеге – электронды құжатқа көшіріледі. Ресми мәліметке сәйкес, болашақ ортақ ұлттық сәйкестендіру нөмірді енгізу қазіргі жеке куәлік, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, әлеуметтік жеке код және басқа да мәліметтерді бір жерде ұстау үшін жасалып отыр.

Ұлттық реесторлармен сәйкестендіру нөмірлер жөніндегі заң Қазақстанда биылғы жылдың қаңтар айында қабылданды. Соған сәйкес, міндетті түрде айырбасталуға жататын қазіргі құжаттың орнына берілетін бірегей сәйкестендіру нөмірді тұрғылықты жердегі тіркеу бойынша 13-тамыздан бастап алуға болады. Бұған дейін берілген құжаттарды жаңа құжатқа айырбастау 16 жастан асқан адамдарға Қазақстан бюджеті есебінен берілуге тиіс, ал төлқұжатты бірінші рет алғалы отырған 16 жасқа жаңадан толайын деп жүргендер тек мемлекеттік жиналым төлеуі шарт. «Ақпараттық өндірістік орталығы» мемлекеттік кәсіпорын директорының орынбасары Ерлан Есмамбетовтың айтуынша, жаңа құжат Ішкі істер министрлігіне де пайдалы:

- Барлығынан біздің құжатқа саусақ таңбалары керек болады. Ол неге керек? Мысалы, заң бұзушыларды ішкі істер министрлігіне ол адамды табу оңай болады, Қазақстанда болсын, сыртқы елдерде болсын, интерпол және басқа арқылы.

Ресми мәлімет бойынша, сәйкестендіру нөмірін бірнеше жағдайда пайдалануға болады. Олар мыналар: мүлікті тіркеу, ақша аудару, зейнетақы қорына қаржы салу, салық төлеу, банкта есеп шот ашу, әскери билет алу және сайлау кезінде сайлаушыны тіркеуде жоғарыда аталған жаңа құжатты пайдалануға болады.

Оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы филиалының төрағасы, экономист Уалихан Қайсаров жаңа құжаттың тиімді жақтары басым деп санайды:

- Халық қиыншылықты көп көріп отыр ғой. Жеке куәліктің, салық төлеушінің тіркеу нөмірінің көшірмесін алып кел, дейді. Халық шаршайды, әсіресе үлкен кісілер. Сондықтан, экономикаға тіпті шығынды болса да, мына жаң құжат сол қиыншылықтарды азайтады, біріншіден. Екіншіден, сол электронды құжатта керек нәрсенің бәрін бір жерден ала аласың. Ал хакерлік қауіп дегенге келсек, мысалы, несие карточкалары бар, одан хакер бар деп ешкім бас тартып жатқан жоқ.

Айта кететін жайт, Қазақстан заңдары бойынша көптеген мәлімет жинақталған жалғыз жаңа құжат иесінің рұқсатынсыз, яғни нотариалды бекітілген қағазсыз құжатты өзге тұлғаларға беруге тыйым салынған. Бұл ережені бұзған адамдарға кем дегенде 10 мың, көп дегенде 30 мың теңгеге жуық айыппұл салынады деп хабарланып отыр. Жаңа құжатты жоғалтып алған адамдарға оның өтініші негізінде құжаттың екінші данасы, яғни көшірмесі беріледі. Бірақ, оның қаржысын бұл жолы бюджет төлемейді. Тіркеу комитеті төрағасының орынбасары Бақыт Әбішев жаңа құжаттың ұрылардан қорғанысы да осал емес деп отыр:

- Жеке сәйкестендіру нөмірінде адамның суреті, қолтаңбасы және қолы тұрады. Осындай техникалық жағынан ол құжаттар қорғалған болады.

«Ақпараттық өндірістік орталығы» мемлекеттік кәсіпорын директорының орынбасары Ерлан Есмамбетовтың айтуынша, иесінен басқа ешкім де құжаттың пайдасын көре алмайды:

- Мысалы, құжатта электронды санды қолтаңба болады. Оны пайдалану үшін сіз өзіңіз санды кілт қоясыз. Оны тек сіз білесіз. Сондықтан, ұрлап алған құжатты басқа банк болсын, оны ұрлаған адам болсын пайдалана алмайды қойған қолыңызды.

Ресми мәліметке сәйкес, болашақ ортақ ұлттық сәйкестендіру нөмірі екі түрлі болады. Біріншісі - жеке азаматтарға, ал екіншісі заңды тұлғаларға беріледі. Сәйкестендіру нөмірі интегралды шағын жүйеге чипқа енгізіледі. Жаңа құжатта бұрынғы жеке куәлік, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, әлеуметтік жеке кодта болған барлық ақпарат жинақталады деп хабарланып отыр.

Жаңа құжатта қазіргі жеке куәліктегідей 12 сандық код жазылады. Ондағы алғашқы 7 сан азаматтың туған жылын, айын, күнін білдіреді. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін премьер-министрдің биылғы жылы 14 наурызда шығарған №56 қаулысы бар. Құжатты ауыстыруға қаулыға сәйкес 3 жыл уақыт берілген. Электронды құжат дайындайтын жабдық алынған. Алғашқы миллион адамға бюджеттен 800 миллион теңге бөлінген. Қазір құжаттың дизайны жасалып жатыр деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG