Accessibility links

«Караван» газетінің интернеттегі сайты жабылды


Қазақстандық заң органдарының талабымен «Караван» газетінің интернеттегі сайты бейсенбіден бастап жұмысын тоқтатты. Оған «Караван» газеті тілшілерінің дайындаған мақалалары жарияланып келген бұл сайттың жұмысы сот шешіміне қайшы болады деген негіз айтылып отыр. Осыдан бір апта бұрын, Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің меншігінде болып саналатын, КТК телеарнасы мен «Караван» газетінің жұмысы, прокуратураның талабы негізінде сот шешімімен 3 ай мерзімге уақытша тоқтатылған болатын.

Басылым төңірегінде қалыптасқан жағдай жөнінде қандай да бір түсініктеме беруді сұрап қойған сауалға, «Караван» газетінің ресми өкілдері «Азаттық» тілшісін «Kazakhstan Today» агенттігінің интернет-парақшасына сілтеді. Жұма күні «Kazakhstan Today» ақпарат агенттігі өзінің интернет арқылы хабар тарату жұмысына ұлттық оператор – «Қазақтелеком» тарапынан кедергі жасалып отырғандығын мәлім етті. Мәлімдемеде бір аптадан бері осы ақпарат агентігінің интернеттегі gazeta.kz сайтының ашылмай қалғандығы, сондай-ақ онымен бір холдингке кіретін басқа сайттардың жұмысы да түрлі кедергілерге тап болып жатқандығы айтылған. Бұған қатысты «Қазақтелеком» ұлттық операторы ақпарат қызметінің менежері Гүлмира Рақымжанова жұма күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында ұлттық оператор тарапынан ондай кедергілер болуы мүмкін еместігін айтып, алайда бұл мәселеге толыққанды ресми жауапты тек компания басшылары ғана беретінін жеткізді. Ал компания басшылығымен байланыспақ болған талпынысымыз нәтижесіз аяқталды.

«Караван» газеті мен «Kazakhstan Today» ақпарат агентігінің интернет арқылы хабар тарату жұмысына кедергілер қойылуына қатысты жұма күні «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қоры өз алаңдаушылығын білдіріп, Қазақстан президенті әкімшілігіне, Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігіне, Қазақстанның бас прокуратурасына, «Қазақтелеком» компаниясының басшылығына және бірқатар құқық қорғаушы халықаралық ұйымдар атына мәлімдеме жолдады.

Қор төрайымы Розлана Таукина, кейбір ақпарат құралдарына қатысты болып жатқан қазіргі қысым, ол кімнің иелігінде, кімнің меншігінде екендігіне қарамастан тек заң жүзінде жүргізілуі тиіс деп санайды.

Қазақстандық тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи, президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің меншігіндегі КТК телеарнасы мен «Караван» газетіның уақытша жабылуы және «Kazakhstan Today» ақпарат агентігі тап болып отырған қазіргі қысымды, билік Р.Әлиевтің тарапынан осы ақпарат құралдары арқылы биліктің былық-шылығын әшкерелейтін деректер мен төтенше бір құпия ақпараттардың тарап кетпеуінен алдын ала сақтанып отыр деген пікір білдірді.
XS
SM
MD
LG