Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард Баучер Қазақстан астанасына сапармен келді


Маусымның 5 күні Астанада, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевпен кездесуден кейін, АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия елдері жөніндегі көмекшісі Ричард Баучердің «Мен Қазақстандағы конституциялық өзгерістердің заңдар арқылы қалайша жүзеге асатындығына ерекше көңіл бөлемін» деген сөзін Қазақстанның ресми ақпарат құралдары хабарлап жатыр. Сонымен қоса ол бұл сапарды «АҚШ пен Қазақстанның экономика және қауіпсіздік мәселелеріндегі ілгерілеу мүмкіншілігі деп қарастырамын» депті.

Бұған дейін, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Қазақстанға келген сапарында, АҚШ Қазақстанның әлемдік сауда ұйымына кіруіне ықпал жасауы мүмкін екендігін білдірген еді. Бірақ, ол үшін мыңдаған заңнамалық актілер өзгерістерге ұшырауы тиіс екендігін айтқан болатын. Бұл, әсіресе, Қазақстан үшін тиімді. Өйткені, ол Орталық Азиядағы мұнай экспорты көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда келеді деген пікірлер айтылған. Ал, АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард Баучер Астанаға бұл жолғы сапарының бірінші күні Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевпен және Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Бұл екі кездесу де жабық есік жағдайында өтті. Ол жиындарды Қазақстан жұртына жеткізуге тек мемлекеттік БАҚ-ың өкілдері шақырылды. Оның өзінде тек қысқа хаттамалық түсіруге рұқсат берілді. Өзін оппозицияға жатқызатын жергілікті саясаткер Зәуреш Батталова АҚШ пен Қазақстан ресмилерінің бұл басқосуының осылайша өтуі күдік тудыратынын айтады:

- Жабық түрде әңгімелескендігі күдіктендіреді. Мына Америка тек қана экономика, энергетика, әсіресе мұнай саласын ғана әңгімелеп, сондай ғана жұмыс жасаса, бұл осы елде, Америкадан бастап, екі стандартты пайдаланады деп айтуға тура келеді.

Қайсібір сарапшылар АҚШ Орталық Азия елдеріне деген ықпалын өсіргісі келеді деген пікір білдіреді. Өйткені, осы аймақтағы мемлекеттер антиамерикандық пиғыл өсіп келе жатқан Иран және Пәкістанмен шекаралас жатыр. Бірақ, АҚШ-тың Орта Азиядағы геосаяси мүдделері Қазақстандағы адам құқықтарының сақталмай отырғанына көз жұмғызды дейді кейбір саясаттанушылар. Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі талқыланғанымен, Америка жағы демократиялық дәстүрлері жоқ мемлекетте адам құқықтары мәселесі дамыған Еуропалық елдердегідей дереу өзгеруі мүмкін емес деген пікірін әлдеқашан білдірген, дейді олар. Тәуелсіз сарапшы Руслан Әшірбековтың пікірі осыған ұқсас:

- Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан, демократиялық жолдан тайып, авторитарлық жүйені күшейте беретін болса, онда Батыс, оның ішінде АҚШ Қазақстанда қазіргідей демократиялық оппозиция емес, исламдық оппозицияға тап болады. Ал ол кезде АҚШ-тың сөз бостандығын қорғау, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау деген принциптері бос сөз болып, ешкімге керексіз боп қалады.

АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард Баучер болса экономика мен қауіпсіздікке көңіл бөлетіндігін айтты. Филадельфиядағы сыртқы саясат институтының басқарма мүшесі Дэвид Лактерхендтің АҚШ-тың Қазақстанға әсеріне арналған еңбегінде АҚШ Қазақстанды Таяу Шығыстағы мұнайға балама ретінде қарастырып отыр делінген. АҚШ-тың Орта Азия аймағындағы мүдделері бірінші кезекте, Каспийдің мұнай ресурстарымен байланыстырылып отыр. Вашингтон бұл орайда Астанаға қолдау көрсетуге тырысып келеді, дейді кейбір сарапшылар. Мысалы, Құрама Штаттары Бакудан Түркиядағы Жейхан портына дейін апаратын мұнай құбырының құрылысын қолдаған. Мақсат - Ресей және Иран территорияларын айналып өту. Астаналық саясаттанушы Рәбиға Байымбетова болса, бұл жағдайдың орынды екендігін айтып отыр.

«АҚШ ресурсқа қол жеткізеді, екіншіден, Ресейге тәуелді болмайды», - дейді Астаналық аясаттанушы Рәбиға Байымбетова.

Келесі мәселе - қауіпсіздік. 11-қыркүйектен кейін АҚШ-тың сыртқы саясаты көп жағдайда лаңкестікпен күрес шараларына бағытталғандығы белгілі. АҚШ Кавказ және Орта Азия мемлекеттерін Мәскеуден мейлінше, тәуелсіз ету бағытындағы саясатын жасырмайды, дейді көптеген саясаттанушылар. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, Вашингтонға Астананың қолдауы қажет. Сондықтан, Құрама Штаттары Қазақстан экономикасына инвестицияларын аямай отыр дейді сарапшылар.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, АҚШ Қазақстандағы ең ірі инвестор болып есептеледі. Және АҚШ инвесторларының көбі мұнай саласында жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша, 1993 жылдан бері АҚШ Қазақстанға 14 миллиард доллар инвестиция құйған, бұл - Қазақстандағы шетелдік жалпы инвестицияның үштен бір бөлігі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG