Accessibility links

Австрияның тергеу органдары Рахат Әлиевке қарсы қылмыстық іс қозғады


Вена қаласының тергеу органдары Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Венадағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке қарсы, заңсыз ақша өткізу фактісі бойынша, қылмыстық іс қозғағаны туралы Астанада маусымның 7 күні өткізілген брифингте Қазақстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов хабарлады. Ал, жергілікті оппозиция өкілдері бұны Қазақстандағы мүдделі адамдардың Рахат Әлиевті елге келтірмес үшін жасаған әрекеті болуы мүмкін деп пайымдайды.

Ресми мәлімет бойынша, қылмыстық іс осы жылдың мамыр айында австриялық банктерде күмәнді әрекеттер жасалғаны жайлы ақпарат түскен соң қозғалыпты. Тексерілген қаржы құжаттарына сәйкес, 2003 жылы Рахат Әлиев өз атынан немесе өзі басқаратын бірқатар компанияның атынан Австрияда бірнеше сауда операцияларын жүргізген, дейді Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов:

- Вена қаласының тергеу органдары Қазақстан азаматы Рахат Әлиевке қатысты заңсыз ақша өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағаны туралы бізге хабар жолдады. Рахат Әлиев өз атына немесе өзі басқаратын компаниялар атынан Австрияда бірнеше есеп-шот ашқан. Қазір онда бірнеше миллион еуро және доллар бар.

Б.Қожахметов келтірген Вена полициясының мәліметінше, Рахат Әлиев Австрияда 8 компанияны басқарған. Олардың ішінде сауда, басқару, қант, фильмдер және кеңес беру компаниялары аталады. Қазақстандағы Еуропа институтының директоры Марат Башимов қылмыстық істің Австрияда қозғалуы Рахат Әлиевтің Қазақстанға келу уақытын созып жіберуі мүмкін екенін айтады:

- Ақшаны заңдастыру деген мәселемен енді экстрадиция бола ма, болмайды ма деген сұрақ туып тұр. Өйткені, олар өздерінің істерін қозғап, жұмыстарын жүргізу керек, ол уақытты созып жіберуі мүмкін. Олардың заңдары бойынша ондағы тергеушілер істің барлық маңызды нәрселерін қарайды, ол 1 айда болуы мүмкін, 3 айда болуы мүмкін.

«Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы филиалының төрағасы Уалихан Қайсаров енді Рахат Әлиев Қазақстанға мүлде келмеуі мүмкін деген болжам жасайды:

- Халықаралық құқық бойынша, Австрия билігі өз экономикасына байланысты Рахат Әлиевпен іс қимыл жүргізетін болса, онда Қазақстанға экстрадиция жасау туралы ешқандай әңгіме болуы да мүмкін емес енді. Соттың шешімі қабылданбайынша, ол кісіні Қазақстанға жібермейді.

Қазақстандағы оппозиция өкілдері бұған дейін Рахат Әлиев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеген, сол уақытта жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты көптеген мәлімет жинап алған және сол мәлімет жарияланбас үшін оны Қазақстанға келтірмейді деген пайымдар жасап отыр. Саясаткер Уалихан Қайсаров соңғы қылмыстық іс Қазақстандағы мүдделі адамдардың Рахат Әлиевті Қазақстанға келтірмес үшін жасаған әрекеті болуы мүмкін деген пікір айтады:

- Менің ойымша, біздің Қазақстанның билігі жағынан кейбіреулер Рахат Әлиевтің елге келмеуі үшін шаралар жасап жатқан секілді. Кейбір мүдделі кісілер бар ғой, сол кісілер мәлімет берген шығар, әйтпесе Австрия билігі 1-2 күн ішінде 8 фирма бар екенін, ақша заңдастыру жағдайы бар екенін біліп қалды дегенге күмәндімін.

Кейбір сарапшылар қалай болғанда да бұл қылмыстық істен кейін тек Қазақстан билігі ғана емес, Рахат Әлиевтің өзі де сәл болса да жағдайын дұрыстап алды деген пікірде. Өйткені, Рахат Әлиевтің өзі Қазақстандағы сот әділетсіз деген болатын. Қазақстандағы Еуропа институтының директоры Марат Башимов Қазақстан мен Еуропаның осындай қылмыстық істерді тергеуінде бірнеше айырмашылығы барын атайды:

- Оларда соттың шешімдері ешкіммен байланысты емес. Мысалы, бізде Жоғарғы соттың нормативті қаулысы судья үшін міндетті деп айтады, ал оларда ондай жоқ. Өйткені онда аудан соты өздері шешеді, сот тәуелсіздігі өте жоғары. Ал Еуропа түрмелері қонақ үй сияқты - теледидары бар, кітапханалары бар, бәрі таза, төсек-орнын ауыстырып отырады. Біздің түрмемен салыстырмайсыз.

Ресми органдардың хабарлауынша, Рахат Әлиев төңірегіндегі деректер мұнымен таусылмайды. Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың хабарлауынша, қазір Австрияның тергеу органдары Қазақстанның құқық органдарынан Рахат Әлиевтің меншігіндегі компаниялар туралы мәлімет сұрап отыр екен. «Қазақстан мен Интерпол қатынасына сәйкес, біз бұл ақпаратты беруге тиістіміз», дейді жергілікті полиция өкілдері.
XS
SM
MD
LG