Accessibility links

Сенат Жер кодексіне жеке меншіктегі жерді күштеп тартып алуға болмайтын заң өзгерісін енгізді


Маусымның 15-күні Қазақстан парламентінің сенаты, өткен мамыр айының аяғында шыққан Конституциялық Кеңестің қаулысына сәйкес, елде жеке меншіктегі жер телімін сот шешімінен өзге ешкім ала алмайтыны туралы заң өзгерістерін Жер кодексіне енгізіп, оны мәжіліске қайтарды.

Былтырғы жылдың аяғында мәжіліс Үкіметтің жер кодексіне ерекше қалалардың бас жоспарына байланысты немесе мемлекет қажеті үшін жергілікті атқарушы орган жеке меншіктегі жерлерді өз иелігіне алуға құқылы деген заң өзгерісін мақұлдаған болатын. Осыдан кейін Үкіметтің бұл өзгерісіне келіспеген Мәжіліс депутаты Болат Әбішов Конституциялық Кеңеске сұрау салған еді.

Депутат Болат Әбішовтің депутаттық сауалына байланысты қаулы шығарған Конституциялық Кеңестің шешімінде, Үкіметтің өзі жекеменшік жерлерді мемлекеттің мұқтаждығына байланысты тек сот шешімімен ғана ала алады деген анықтама берілді.

Оған дейін мәжіліс жер кодексіне ерекше қалалардың мәртебесіне байланысты қалалардың бас жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы мекемелер жекеменшік жерлерді мемлекеттің қажеттілігіне ала алады деген өзгеріс енгізген еді. Мұны сол кезде Мәжіліс депутаты Болат Әбішов Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің пайдасына азаматтардың жер учаскелерін алып қою рәсімдерін оңайлату мақсатында мемлекеттік қажеттілік деген сылтаумен бірнеше мәрте өзгерістер енгізді деген еді. Ал мемлекеттік мұқтаждық дегеніміз - халықаралық міндеттемелерге сәйкес әуежайлар, елшілік салатын жай, учаскенің астынан пайдалы қазбалардың кен орны табылуы, тарихи-мәдени мақсаттағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар.

Жер ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Камалбек Райымбеков енді ерекше жағдайда ғана жеке меншіктегі жер учаскелерін үкімет ала алады дейді:

- Елді мекеннің бас жоспарын іске асырған кезде сол бас жоспарда көзделген обьектілер мемлекеттік мұқтаждықпен үйлесіп тұруы қажет. Яғни, мемлекеттік мұқтаждық үшін салынатын объектілер ғана жеке меншік жерлердің иесінің келісімімен, егер келісім жетпеген кезде ғана сот тәртібі арқылы оған толық құнын төлеу арқылы жүргізіледі.

Конституциялық Кеңес сонымен бірге жекеменшік жер учаскелерін бас жоспарға сәйкес деп күштеп тартып алуға болмайды деген шешім шығарған. Мәжіліс депутаты Болат Әбішов енді осыған сәйкес жергілікті атқарушы орган немесе заңды тұлғалар бұзылатын үйдің иелері үйдің құнына толық қанағаттанған жағдайда ғана жерін бере ала алады дейді:

- Бас жоспарға сәйкес, мысалы, жекеменшік жерге монша салу керек болса, ол мемлекеттік мұқтаждыққа жатпайды. Енді Конституциялық Кеңестің шешімі өзінің толық құқығын қорғауға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен бірге жер кодексіне оралмандарға ауыл шаруашылығына қатысты жер беру мәселесі де көзделген. Жер ресурстары жөніндегі комитеттің төраға орынбасары Камалбек Райымбеков оралмандарға төмендегідей жерлерді беретіндігін айтады:

- Бұл жерлер бұрынғы колхоз бен совхоздың пайдаланған жерлері. Негізінен оралмандарға жерлер ауыл шаруашылығын жүргізу үшін беріледі. Сонымен бірге ауылды жерлерде 19 млн. гектар жер бар. Соның құрамынан келетін оралмандарға жер беріледі.

Жер кодексіне сенатор Евгений Аман Алматы мен Астана қалаларынан он соттық жерлерді тегін беруді доғару мәселесін көтерді. Оның сөздеріне қарағанда, бұл қалаларда жерлерді алып, сату кең етек алған. Мұнда заңмен реттеу көзделмеген дейді.

Алайда сенатор Қуаныш Айтақанов бұл талаптың Қазақстан Конституциясына қайшы келетіндігін айтты. Өйткені, Конституцияда әр адамға өмірінде бір рет тұрғын үй салу мақсатында он соттық жер тегін беріледі деп жазылған.
XS
SM
MD
LG