Accessibility links

«Фридом Хаус»: Қазақстанда азаматтардың ақпарат алу мүмкіндіктері халықаралық заң талаптарына сай емес


Қазақстанның «БАҚ туралы» және «Өтініш қарастыру жөніндегі» заңдары халықаралық стандарттарға сай келмейді. Республикадағы «Фридом Хаус» халықаралық ұйымының өкілдігі Астанада маусымның 27 күні осындай мәлімдеме жасады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жағдайды реттеу үшін «Ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі» жаңа заң жасау керек. Жергілікті билікке жақын ұйымдар болса бұл пікірмен келіспей отыр.

Қазақстандағы «Фридом Хаус» халықаралық ұйымының өкілі Иванета Добичина салық органдарына ақпарат сұрап өзі жазған хатқа толыққанды жауап алмағанын айтады.

«Бірақ, бұл органнан салық кодексін оқыңыз деген жауап келді. Егер біз кодекстегі мәліметті түсінсек, онда мұндай хат жазбас едік қой», - дейді Иванета Добичина.

«Фридом Хаус» және Қазақстандағы бірнеше үкіметтік емес ұйым өкілдерінің айтуынша, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізуінің түбінде азаматтық қоғам мен демократия механизмдері бар. Бұл бірнеше бостандыққа қол жеткізеді, дейді сарапшылар. Біріншіден, өз пікіріңді еркін білдіру, екіншіден, саяси өмірге еркін араласу. Осылайша, тұрғындар қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуға мүмкіншілік алмақ. Осы пікірге қосылып отырған «Ақпараттық бастама» бейүкіметтік ұйымның жетекшісі Михаил Тюниннің айтуынша, жергілікті шенеуніктерге өзін сақтандыру үшін «ақпарат - қызметтік пайдалану үшін ғана» деп немесе «құпия» деп айта салған оңай.

«Яғни, ақпарат ала алмаған тұрғынның мәселесін шешетін механизм жоқ», - дейді Тюнин.

Осы олқылықтарды шешу үшін «Ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі» жаңа заң жасау керек дейді ұсыныс авторлары. Әзірге ұсыныс президент Назарбаевтың жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия қарауына берілді. Осы комиссияның бас сарапшысы Азат Жолдыбаев ақпарат алудағы қиыншылық заңға емес, адам факторына байланысты деп түсіндіреді:

- Халықаралық стандарттарға жатпайды деген оймен келісуге болмайды. Заңды қабылдаған кезде халықаралық келісімдерге қарама-қайшылықтар бар ма, жоқ па - соның бәрі зерттеледі. «Азаматтардың өтініштерін қарастыру жөніндегі» заңымыз бар, осы биыл қабылданған. Ол халықаралық талаптарға толығымен сәйкес келеді. Бұл жеке шенеуніктің өз қызметін дұрыс атқармағанынан шығар. Жеке фактілерден біздің заңымыз стандарттарға жатпайды деуге болмайды.

Билікке жақын сарапшылар Қазақстанда азаматтарға мемлекеттік органдардан керекті ақпарат алу үшін «Өтініш қарастыру жөніндегі» заң жеткілікті деп отыр. Ал Қазақстандағы «Фридом Хаус» халықаралық ұйымының өкілі Иванета Добичина шағым беру - ақпаратқа қол жеткізу ұғымының тек бір бөлігі ғана екенін айтып, әлгіндей уәжбен келіспейді.

«Келесі бөлігі азаматтарға мемлекеттік орган отырыстарына қатысуға мүмкіншілік берумен байланысты», - дейді ол.

Добичина Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы елдердің 85 пайызында осындай жеке заң бар екенін алға тартады.

«Мұндағы басты принцип: мемлекеттік органдардың ашықтығы және азаматтардың ақпаратқа қол жеткізуінде жатыр», - дейді ол.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссияның бас сарапшысы Азат Жолдыбаев болса жаңа заң ұсынысы әлі қарастырылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, сонымен бірге проблема да бар екенін айтады:

- Біздің заңымызда қарастырылмай қалған бір нәрсе - адамның ақпарат алуына ықпал жасау жөніндегі механизм жөніндегі ерекше заң қабылдау керек деп отыр. Көреміз, мүмкін керектігі бар да шығар. Өйткені, біздің заңдарымызда 15 жылдың ішінде кейбір ақаулар болуы мүмкін. Мысалы, біздің комиссияға жылына мыңдаған арыз түседі. Соның көпшілігінде адамдар біздің арызымызды мемлекеттік органдар, шенеуніктер дұрыс қарастырмай, дұрыс жауап бермеді деп шағымданады.

«Фридом Хаус» және елдегі бірнеше үкіметтік емес ұйым өкілдерінің айтуынша, жаңа заң жобасы дайындалған соң ол Қазақстанның Әділет министрлігіне беріледі. Сосын басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен заңды қабылдау үшін лобби жүргізіледі деп хабарланып отыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG