Accessibility links

Астанада «көшбасшы» жобалардың жалпыұлттық тұсаукесері өтті


Сейсенбі күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Кәрім Мәсімовтің және үкімет мүшелерінің қатысуымен «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасына кірген жобалардың жалпыұлттық тұсаукесері өтті. Нәтижесінде жалпы құны 56 миллиард доллар құрайтын 86 жоба іріктелініп алыныпты. Бұл жобалар экономиканың - мұнай, энергетика, өнімдерді ұқсату, т.б. салаларын қамтиды екен.

Бағдарламаны қабылдаушылардың есебінше, бұл жобалар бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруге алдағы 3 жылда негіз болмақ және алдағы уақытта әлемге танымал Қазақстан бренттерін анықтауға көмектеспек. Алайда Қазақстандық тәуелсіз кейбір сарапшылар «бұл жобалардың нақты іске асуы екіталай» деген сенімсіздігін білдіреді.

Қазақстан экономикасын модернизациялаудың жаңа тәсіліне көшпекші. Ол үшін биыл көктемде президент арнайы қаулы қабылдаған болатын, сол қаулының негізінде үкімет биылғы жылдың төртінші тоқсанында президентке нақты жобаны бекітуге әкелуі тиіс. Ол жоба «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» деп аталады. Ал сейсенбі күні осы жобаны іске асыру бастамасы басталып та кетті. Арнайы құрылған мемлекеттік комиссия жалпы құны ондаған миллиард доллар болатын 86 жобаны іріктеп алды. Осы жобалардың операторы деп танылған мемлекеттің «Қазына» қоры арқылы қаржыландырмақ бұл жобаларда мемлекет үлесі 25 пайызға дейін және бір акциясын алмақшы. Ал енді осы жобаның мақсаты туралы «Қазына» қорының инвестициялар бөлімінің менеджері Серік Нұрбек мырза былай дейді:

- Ең бірінші мақсаты, осы Қазақстандағы бизнес кәсіпкерлердің ішінен ірі деген мықты 30 компанияны анықтау. Оларды болашақта халықаралық деңгейге шығарту. Яғни, халықаралық бәсекеге шыдас беретін, бренд боларлық 3-5 компанияны анықтап, соларға қолдау көрсету. Мысалы, Жапонияның экономикасын біз “Sony”, “Toshiba”, “Panasonic” сияқты компанияларының атымен танимыз. Сол секілді бізде де келешекте әлемге танымал компаниялар мемлекеттің қолдауымен шығуы керек.

Бірақ сейсенбі күні іріктеп алынған жобалармен бұл бағдарлама тоқтамайды дейді Нұрбек мырза.

- Бірінішіден, осыдан екі-үш ай бұрын бізде экономиканы модернизациялау комитеті құрылды ғой. Сол комитет отырып, осы құны 56 миллиард доллар болатын жобаларды таңдап алды. Бірақ, бұл жобалар әлі корпоративтік жетекші жобалар емес. Ал бүгінгі өткен тұсаукесер – ол осы жобалардың басталғанын білдіреді. Компаниялар әлі жобаларын ұсынып жатыр. Ал таңдап алынған жобалар олар үміткерлер ғана, - дейді Серік Нұрбек.

Алайда тәуелсіз сарапшы, экономист ғалым Қанат Берентаев үкіметтің бұл жаңа жобасының нақты іс жүзіне ауына күман келтіріп отыр.

- Менің күманданатыным, Қазақстан әлемдік экономикада, халықаралық еңбекті бөлісу саласында өз орнын анықтамай тұрып, халықаралық деңгейге шыға саламыз деуі сенімсіздік тудырады. Әрине, уран өндіру, мұнай салаларында шығуы мүмкін, ал басқа салаларда әлем экономикасы трансұлттық корпорациялармен бөлініп қойған. Оған шығу өте қиын. Дәл қазір әлемдік деңгейге бұрыннан экономикасы аралас ТМД елдерімен одақтасып барып шықса болар еді. Тіпті, Шанхай ынтымақтастық ұйымы да жарар еді. Екінші жағынан бұл бағдарлама тек құны 100 миллион доллардан асатын жобаларды қаржыландырамыз дейді. Ол дегеніңіз осы Қазақстанның өзіне, тіпті көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға да керекті талай жобаларды ескермей тастау деген сөз. Ол жалпы экономикаға әсер етері сөзсіз. Үшіншіден, «Қазына» болсын, «Самұрық» болсын басқа да осы жобаның төңірегіндегі мекемелер пайда көздеп отыр. Демек, мемлекеттік дамуды олар коммерциялық кәсіпорынға дейін түсіріп отыр. Олар коммерциялық пайдадан бұрын елдің дамуын, жалпы экономиканың өрлеуін ойлаулары керек қой! Бұл жерде жобалар конкурсын ұйымдастыруда жемқорлық та өршіп кетпек. Жалпы айтқанда, мемлекетте экономикалық дамудың ауқымды стратегиялық жоспары болмайынша осы сияқты жобалар тек жаңадан келген үкіметтің «міне біз жұмыс жасауды бастадық» деген жарнамалық кезекті акциясы ғана болмақ, - дейді Берентаев.

Сонымен қатар Қанат Берентаев Қазақстан бұған дейін де осы сияқты бірнеше жоба қабылдап, бірақ олардың құрдымға кеткенін айтады.

- Қазақстан 2003 жылы 2015 жылға дейін деп инновациялық даму стратегиясын қабылдаған соң ол қисая бастағанда, кластер деген жаңа жобаны іске асырмақ болып Портер деген кеңесшіні шақырды. Ал ол кеңесі үшін өз ақысын алып кеткен соң кластер жобасы да қисая бастады. Не туризм саласы, не басқа да дабыра қылып дәріптеген салалар жүріп кете қойған жоқ. Сол кезде 50 дамыған деген ел қатарына кіруіміз керек деп даурықтық. Енді міне, қауқарлы жобаларға конкурс жариялап, Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысын анықтамақпыз. Жаңа үкімет әр кез солай жаңа бір жобаларды тағайындаумен әуес, және алдыңғы жобалар болғанын ұмытып та кете бермек, - дейді Берентаев.

Бірақ «Қазына» қорының маманы үкіметтің ол жобаларды іске асырмақ боп талпынғаны зая кетпеді дейді:

- Әрине, сіз атаған бағдарламалар толық көлемде іс жүзіне асқан жоқ. десек те, олардың берген әсері болды. Бүгінгі ұсынылып отырған жобалар соның жемісі деуге болады. Ең негізгісі, қазір біздің Қазақстанда бизнес тобы қалыптасты. Тек қана алыпсатар сауда бизнесмендері емес, өнеркәсіппен, өндіріспен айналысатын бизнесмендер қалыптасты. Яғни, біз сондай деңгейге жеттік. Бизнеске деген жалпы көзқарас өзгерді. Бұл - өте маңызды. Біз кейде артық, кейде кем кетіп жатуымыз – дұрыс, нақты жолды басынан бастап табу өте қиын...

«Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» жобасына әзірге Қазақстанның 9 өңірі қатысыпты. Алда жобаларға конкурс жалғасып серпінді деген жобалар іріктеле бермек.
XS
SM
MD
LG