Accessibility links

Түркіменбашы көлеңкесіндегі Бердімұхамедовтың өзгерістері


Түркіменстан президенті ретінде өзінің алғашқы алты айында Гурбангулы Бердімұхамедов біраз реформалар жасап, төлемақыларды көбейтіп, өзінен бұрынғы өз билігі өзінде болған Ниязовтың жауып тастаған Ұлттық ғылым Академиясын қайта ашты. Бірақ, бұл президент Бердімұхамедов те өзінің өмірбаяны туралы кітап шығарып, туылған күні мерекесіне арнап, өзінің суреті салынған алтын тиындарды шығарды. Бірқатар бақылаушылар Орта Азиядағы оқшауланып қалған бұл елдегі өзгерістерді оң қабылдап отырған тұста, сыншылар бұрынғыдай жеке басқа табынушылық жағдайы қайта дамуы мүмкін деп күдіктене бастады.

Маусымның 29-күні Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 50 жасқа келген туған күнін тойлап, өзін салмағы бір кило болатын гаухартаспен көмкерілген алтын “Ватан” қазақша айтқанда отан орденімен марапаттады. Өзіне жасалған сыйлықтың бір бөлігі ретінде, президент 20 мың доллар сыйақы алып, жалақысы мен зейнетақысы 30 пайызға көтерілді.

Түркімен президенті бір-ақ рет марапатталатын “Ватан” ордені Бердімұхамедовке алты айда жасаған еңбегі үшін берілді. Осы алты айдың ішінде президент Бердімұхамедов өзінің өмірбаяны туралы кітап шығарған. Және ел президентінің туған күніне арнап, үкімет президенттің суреті бейнеленген 400 алтын және күміс тиындар шығарды. Президент Бердімұхамедовке “Ватан” ордені парламентте беріліп, парламент спикері Акша Нұрбердиева ол туралы былай деп хабарлаған:

“Түркіменстан Межлисінің қарары бойынша, Түркімен президенті Гурбангулы Мияликгулеевич Бердімұхамедов Түркіменстанның “Ватан” орденімен марапатталады”.

Ресей және Батыстың ақпарат агенттері Бердімұхамедовтің қымбат сыйлыққа толы туған күнін сынға алып, оны Түркіменстандағы бұрынғы Түркіменбашы Сапармұрад Ниязов орнатып кеткен президенттің жеке басына бас июдің жалғасы деп жатты. Алайда, кейбір сарапшылар бұл бір жолғы ғана той-салтанат болуы мүмкін дегенді айтуда. Бердімұхамедов желтоқсан айында президент Ниязовтың өлімінен кейін президент міндетін атқарушы болды. Ақпан айындағы халықаралық талаптарға сай келмеді деп сыналған президенттік сайлауда ол жеңіске жетті.

Бердімұхамедов басынан бастап, өзінің алдыңғы көш басшысының жолымен жүріп, Ниязовтың саясатын жалғастыратын ашық айтқаннан бері, Түркіменстанның ішкі және сыртқы саясатында үлкен өзгерістер болады деп аздаған адам ғана күткен еді.

Дегенмен, ол әлеуметтік мәселелер сияқты кейбір реформаларды жүзеге асыруға сөз беріп, белгілі бір дәрежеде әлемнен оқшауланған елді аша бастаған. Бердімұхамедовтың сайлауалды бағдарламасындағы негізгі уәделердің бірі елдің әлеуметтік-экономикалық заңын қайта қарау болған. Ниязов 100 мың зейнеткердің зейнетақысын қысқартып, басқа да әлеуметтік төлемақыларды азайтып тастаған. Енді жаңа қабылданған заң 1-ші шілдеден бастап күшіне еніп, онда зейнетақылар көбейтілген.

Сонымен қатар, Бердімұхамедов осыған дейін бұрынғы президент Ниязов пайда әкелмейтін құрылым деп жауып тастаған Ұлттық Ғылым Академиясын қайтадан ашты. Билбордтар мен қабырғаларда ілінген Ниязовтың көптеген портреті алынып тасталды. Алайда олардың біразының орнын жаңа президенттің суреттері басқан.

Жаңа президент Түркіменстанның билік басында біраз өзгерістер жасады. Президенттік күзеттің бұрынғы басшысы Акмурад Режепов орнынан алынып, кейін мамыр айында қамауға алынды. Алайда, энергия көзіне бай Түркіменстанның сыртқы саясаты, әсіресе, түркімен газын алуға мүдделі болған шетелдің көбірек назарында болды.

Ашхабадта өзінің 50 жылдығында сөйлеген сөзінде Бердімұхамедов, Түркіменстан бәрімен бейтарап жағдайды ұстап, тең қарым-қатынаста болады деді.

“Қандайда бір саяси одақтастарға қосылмастан, біз өз күшімізбен жаңа газ құбырын салып, біздің газымызды Қытайға, пәәәкістан және Ауғаныстан арқылы Үндістанға және Каспий теңізі арқылы Еуропаға жеткіземіз. Бұл деген біздің Ресей, Құрама Штаттар және Еуропа елдерімен әрі өз көршілерімізбен тең және өзара тиімді байланыс құрамыз дегенді білдіреді”.

Таяуда АҚШ-тың “Шеврон” энергетикалық компаниясы өзінің Түркіменстанда кеңсесін ашу ниетін танытып, Каспий теңізінің энергия көздерін дамытуға қатысатындықтарын айтқан.

Британиядағы “Жейн” ақпараттық орталығының Еуразия бойынша редакторы Мэтью Клементстің пікірінше, Түркіменстанның халықаралық қауымдастыққа тартылуы әлі де шектеулі болады әрі Бердімұхамедов шетелдің әсіресе батыстық демократиялық елдердің көп араласуын қаламайды.

“Менің ойымша, біз Түркіменстаннан халықаралық қауымдастыққа қосылудың үлкен деңгейін көре аламыз, бірақ тағы да менің пікірімше, ол Түркіменстан қалағаннан шектеулі болады. Және мен Батыспен байланыстар энергетикалық келісімдерден бөлек жанданып кетеді деп күтпеймін”.

Түркіменстан энергия көзіне бай болғанымен де, елдің көп тұрғыны кедейлікте өмір сүреді. Бердмұхамедовтың елдің жағдайын жақсарту жолында жасаған ісі аз ғана болып отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG