Accessibility links

Қазақстан Коммунистік партиясы Мәжіліс сайлауына бойкот жариялауды ұйғарды


Қазақстанның коммунистік партиясы алдағы тамыз айында елде өтетін парламенттің төменгі палатасы - мәжілістің сайлауына қатыспай, тек мәслихат сайлауына қатысатын болды. Бұндай шешім партия съезінде қабылданды. Оппозициялық партияның өзге партиядағы серіктері бұл шешімге түсінбестік білдіріп отыр.

Серікболсын Әбділдин жетекшілік ететін Қазақстанның коммунистік партиясы ұзақ жылдардан бері Қазақстандағы билікке оппозицияда. Әбділдиннің айтуынша, партия съезінің делегаттары, көпшілік дауыспен, мәжіліс сайлауына бойкот жариялауға шешім қабылдаған. Партия көшбасшысы бұл әрекеттің негізгі себебін сайлауға түскелі отырған партиялық тізімдегі үміткерді халық білмейді деп түсіндіреді.

«Әрине, байкот саяси күрестің ең жақсы амалы емес, біз оны сезіп отырмыз, бірақ біз пропорционалдық сайлау жүйесіне қарсымыз, біз соқыр болғымыз келмейді», деді Әбділдин.

Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бас хатшысы Әміржан Қосанов бұған мынадай пікірін білдірді:

- Компартия талайдан бері келе жатқан идеялық тұрғыдан әріптесіміз. Сондықтан, әрине, біз бұлардың шешімін дұрыс бағалауымыз керек. Бірақ, бір сауал туады: Қазақстандағы жеке бас режимді ауыстыру керек деген саяси күштер, соның ішінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен кешегі «Нағыз Ақ жол» бірлескен партия құрып жатыр. Дәл осы идеялар негізінде біз 2005 жылы топтасып едік. Бәлкім, коммунист ағайындар біздің ортақ шаруаға атсалысуы керек еді деген ғана ой бар.

Қосанов та қазіргі сайлауда қолданылатын пропорционалдық жүйенің кемшін тұстары бар екенін айтады:

- Осы мәселе талқыланған кезде біз 50/50 принципін ұсынғанбыз, яғни, парламенттің тең жартысы бір мандаттық округтан мажоритарлық жүйемен, ал екіншісі пропорционалдық жүйе бойынша партиялардың атынан дауысқа түссе деп. Бірақ, өкінішке орай, ондай шешім қабылданбады. Сондықтан біз саяси ұйым болсақ, биліктің заңдары қисынсыз болса да, демократияға 3 қайнаса сорпасы қосылмаса да, біз сол жағдайда күресімізді жалғастыруымыз керек.

Ал, билікке жақын саналатын «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова, керісінше, пропорционалдық жүйенің тиімді жақтары басым деп санайды:

- Бұған дейін партияларға ешкім мән бергенжоқ. Енді әлі де келісіп жатқан жоқ. Бірақ, енді партияларға мән беріп жатқан жағдайда оған бойкот жариялау деген, бәлкім, күштері жетпей жатқан шығар.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, жергілікті билік әдейі, өз партиясын күшейтіп алған соң, пропорционалдық жүйені таңдаған. Ал Астанадағы Еуразиялық университет ұстазы саясаттанушы Рәбиға Байымбетованың айтуынша, бұл жүйенің де тиімді жақтары көп. Өйткені партиялардың бағдарламаларына көп көңіл бөлінеді, дейді ол.

«18-19 ғасырдан, партиялар құрылған кезден бері партиялар пропорционалдық жүйе бойынша сайланған. Мен, мысалы, аралас сайлауды қолдаймын - әрі пропорционалдық, әрі мажоритарлық», - дейді саясаттанушы Байымбетова.

Оның айтуынша, демократияның маңызды себептерінің бірі - көппартиялық.

«Мажоритарлық жүйеде депутат өзі үшін жауап береді, ал пропорционалдық жүйеде жауапкершілікті өз мойнына партия алады», - дейді саясаттанушы Байымбетова.

Биыл маусым айында Қазақстанда 205 жылы күзде сайланған парламент мәжілісінің құзыреті мерзімінен бұрын тоқтатылып, биылғы 18-тамызға Мәжілістің жаңа құрамына сайлау белгіленді. Енді Қазақстанның коммунистік партиясының шешіміне орай, мәжілістегі 98 орынға 8 партия емес, 7 партия таласқа түседі. Ал 54 мың мүшесі бар Қазақстанның коммунистік партиясы қатысамыз деген мәслихат сайлауы мажоритарлық жүйе талаптары бойынша өткізіледі. 2004 жылғы сайлауға қатысқан Компартия өкілдері парламентке өте алмай қалған болатын.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG