Accessibility links

Ресей Федералды үкіметі мен Татарстанның өкілеттіктерін бөлісу келісімі бекітілді


Федералды Кеңес кеше бұл жайында түпкілікті шешім шығарды. Негізінен мұсылман халқы жасайтын, татарлар көпшілігін құрайтын Татарстанға ерекше құқықтар берілді. Мұндай мәртебені Ресей Федерациясындағы өзге де ірі автономиялық аймақтары талап етуі мүмкін бе? Сарапшылар жаңа келісім Татарстанға пайда әкелмейді, себебі Татарстанға нақты экономикалық құқықтар берілмеген дейді.

Татарстан мен Ресей федералды үкіметінің өкілеттіктерін бөлісу келісімі парламенттің жоғары палатасы Федералды Кеңесте көпшілік дауыспен бекітілді. Экономикалық, мәдени және табиғат қорғау мәселерінде Татарстанға көбірек өкілеттік берілді. Татарстандағы мұнай кеңорындарын федералды үкімет пен жергілікті үкімет бірігіп басқарсын деген үндеу айтылды. Татар тілі мен орыс тіліне мемлекеттік тілдер мәртебесі берілді. Татарстан сыртқы экономикалық қатынастар орнатуға құқық алды. Татарстан-Ресей келісімін жақтап жүргендердің бірі, Татарстан парламентінің төрағасы Фарит Мұхаметшин "Азаттық" радиосына берген сұхбатында келісім орталық пен аймақтың қатынастарын оңтайлы реттейді деді:

- Келісімге қол қою Ресей конституциясының енді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Федералды орталық пен аймақтардың қатынастары жалғыз конституция мен заңдармен емес, арнайы келісімдірмен реттелетіні көрініп тұр. Тиісті бап бұдан былай жұмыс істей бастады. Ресейде шынайы федерализм болады деп алға қарай аламыз.

Осылайша Татарстан парламентінің төрағасы келісім Татарстан мүддесіне қызмет етеді дейді. Дегенмен, "Азаттық" радиосына сұхбат берген сарапшылар келісімнің бос тұсы көп дейді. Ақпарат саясатын дамыту қорының қызметкері Александр Кыныев келісім Татарстанға тәуелсіздеу жағдайда тіршілік жасауға жағдай жасап отыр, бірақ бұрынғы президент Борис Ельциннің тұсындағы еркіндікті бермейді дейді. Борис Ельцин "қанша автономия керек – сонша алыңдар" деген 1990 жылдарда шағын ұлттар құрайтын автономиялық аймақтар еркіндіктің дәмін татып қалған. Бірақ ол келмеске кетті, дейді Александр Кыныев:

- Көптеген есепке қарағанда, келісім символикалық мағнаға ие, себебі аймаққа ешқандай экономикалық өкілеттік берілмеді. Келісімдегі барлық жайт таза символикалық мағнада, мәселен, олар өз паспорттарына татарша жазылған парақ еңгізе алады деген жайттар ғана бар. Аймақтардың экономикалары 1990 жылдардың басында нақты қорғалды, аймақтарда шетелдік бизнестің жұмыс істеуіне жол берілмейді деген келісімдер жасалынған болатын. Қазіргі келісімде бұған ұқсас нақты тетік атымен жоқ.

Ресей Федерациясының басына 2000 жылы Владимир Путин келгелі бері аймақтардың өкілеттігі күрт қысқартылды, аймақтардың басшылары сайланбайтын болды, оларды Ресей президенті тікелей тағайындайтын болды. Борис Ельциннің тұсында қырықтан астам аймақтың құқықтарын көбейту қарастырылған еді, бұл процесс лезде тоқтатылды. Арнайы мәртебе қазір тек ғана Татарстанға беріліп отыр. "Херитейдж" қоры Мәскеу кеңсесінің бастығы Евгений Волк Татарстан сияқты жасаған келісімді Чешенстан, Башқұртстан және Саха республикасы да алғысы келеді дейді:

- Бұл осы басшыларға өте нақты және анық белгі беріп отыр деп білемін, себебі олар үнемі Татарстанға қарайтын. Олар Татарстан Кремльмен осындай келісім жасап, жаңаша жағдайды мойындап отыр, оларды осы үлгіні қайталауға анық шақырып отыр деп түсінеді. Мәскеу мен жергілікті республикалардың арасында көп ұзамай жаңа келісімдер жасалынады деп білемін.

Дегенмен, дейді Евгений Волк, Чешенстан, Башқұртстан және Саха республикасымен өкілеттікті бөлісу келісімдері жасалынатын болса да, келісімдер Кремльдің ыңғайына бұрылады дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG