Accessibility links

Қазақстанда құқық органдары тарапынан азаптауды бастан кешірген азаматтардан шағымдар көбейіп отыр


Қазақстан омбудсменіне түскен өтініштердің ішінде азаптауға қатысты шағымдар көбейіп келеді. Бұл туралы шілденің 19 күні Астанада биылғы жылғы 2-ші тоқсан жұмысын қортындылаған омбудсмен Болат Байқадамов хабарлады. Оның айтуынша, құқық органдарының үстінен берілген барлық шағымдардың 15 пайызы азаптауға қатысты. Бірақ, заңдағы олқылық кесірінен сот отырыстарына қатыса алмаймыз, дейді омбудсмен.

Омбудсмен Байқадамовтың айтуынша, азаптауға тек ұрып-соғу емес, сонымен бірге адамды, айыбының жеңілдігіне қарамастан, абақтыға қамау сияқты фактілер, абақтыда хат алмасуға тыйым салу, туыстарымен келіссөз өткізуге мүмкіншілік бермеу және басқа да фактілер жатады. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамовтың айтуынша, елде азаптауға қатысты арыз-шағымдар өсіп келеді:

- Бұрын біздің әдістемемізге байланысты және азаптау жөніндегі конвенция ратификациядан өтпегендіктен біз азаптауды қараған жоқпыз. Тек 2005 жылдан бері азаптау ұғымы Қазақстан заңдарына кіргізілгеннен кейін және ратификацияны қажет ететін құжат Қазақстан парламентінен өткеннен кейін біз сол статистиканы жүргізіп жатырмыз. Соңғы екі жыл мәліметі бойынша азаптау жоғарлап жатыр.

Бұрын тергеуші болып істеген, Қазақстандағы халықаралық құқық академиясының президенті Марат Сәрсембаев елдегі тергеу органдарында істі болғандарды азаптау оқиғаларының болғанын растайды және бұған екі себепті атайды:

- Кейбір тергеушілердің кәсіби біліктілігі төмен. Екінші жағынан асығады. Тергеу мәселесін шешкенше, куәларды тапқанша, сараптама жүргізгенше, оның қорытындысын күткенше, адамды қинап жіберіп, тездетіп жіберейік деген жайттар болады.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Мария Пульман криминалистика ғылымын қолданып, айғақтар арқылы күдікті адамның кінасын мойындатпай-ақ, дәлелдеуге болады деген пікір ұстанады.

«Ал олар адамдарды азаптап, қылмыстық істерді аштық деп есептейді», - дейді Пульман.

Биылғы жылы халықаралық сарапшылар Қазақстанның бірнеше қаласында 700-ден астам сот мәжілістеріне қатысқан. Еурокомиссияның Орталық Азиядағы делегацияның саяси кеңесшісі Аллесандро Лиаминенің айтуынша, көп жағдайда судьялар айыпталушылардың азаптауға қатысты шағымдарына назар аудармайды.

«Және бұл фактілер сотта айтылғанда не судья, не прокурор тергеуге еш әрекет қолданбайды», - деді Еурокомиссия өкілі Аллесандро Лиамине.

Қазақстандағы адам құқықтары және қылмыстық реформалардың мониторингі жөніндегі қоғамдық ұйымның төрайымы Светлана Ковлягина айтып өткендей, прокурор айыптаушы болғандықтан, полицияның алдын ала тергеу барысындағы азаптау фактілеріне назар аударылмайды.

Ал омбудсмен Байқадамов болса, заңға сәйкес, мұндай сот отырыстарына омбудсеннің мүлде қатыса алмайтынын айтып отыр. Соның кесірінен соңғы екі тоқсанда тұрғындардан түскен 500-ге жуық шағымның тек 18 пайызын қанағаттандырылған дейді ол. Мәселен, Испанияда ондай шағымдардың 70 пайызы оң шешіледі екен. Байқадамов сотқа қатысты шағымдар кері қайтарылуы себепті көрсеткіш төмен екенін айтып отыр.

- Бізге оған рұқсат болса, яғни заң бойынша кірісуге мүмкіншілік болса, онда қанағаттандырылған шағым үлесі 18 пайыз болмай, мүмкін 20-30 пайыз болар еді. Оған біз кіріскен жоқпыз, өйткені біздің заң бойынша, сот шешімдерін қарауға немесе сот қараған кезде соған кірісіп, әсер ететін омбудсменнің мүмкіншілігі жоқ, - дейді Байқадамов.

Қазақстандық омбудсменнің айтуынша, әзірге соттарға түскен шағымдардың саны жазылып, президентке ақпарат ретінде ғана беріледі. Омбудсменді сотқа кіргізу үшін қылмыстық және азаматтық кодекстерге өзгеріс енгізу жоспарланған. Бірақ, парламенттің барлық сатыларынан өтіп, президентке жеткен ол заң жобасына қол қоймас бұрын президент Назарбаев оны конституциялық кеңеске жолдапты. Ал кеңес формальді болсада жобадан қайшылық тапты, дейді омбудсмен Байқадамов.
XS
SM
MD
LG