Accessibility links

Террорлық қастандық ұйымдастырмақ болған деген айыпталған топ мүшелеріне қарсы сот басталмақ


Қазақстанның Ақмола облысындағы Степногорск қаласында террорлық қылмыс бойынша айып тағылған топ мүшелерінің үстінен сот ісі 30-шілде күні басталғалы отыр. Бұл жөнінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Былтыр күзде тұтқындалған топтың 10 мүшесіне Қазақстан Қылмыстық кодексінің 4 бабы бойынша, атап айтқанда – «лаңкестік топ құру»; «заңсыз қару, қопарылғыш заттар сатып алу, оны сақтау»; «заңсыз қару жасау»; «ұлтаралық, діни, нәсілдік төзімсіздікке үндеу» деген баптар бойынша айып тағылып отыр. Алайда кейбір халықаралық ұйым өкілдері «діни экстремизм мен лаңкестік туралы дақпырт билік үшін халықты қорқытып, үрей астында ұстау үшін қажет тетік қана» деген ой айтады.

Сондай-ақ бұл іс бойынша екі кісі жауаптан босатылғаны белгілі болып отыр.

«Тергеу осы іске қатысы болған екі адамды, Қылмыстық кодекстің 65-ші бабына сәйкес, «опық жеп өкінулеріне байланысты» қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы шешім шығарды», - деді шілденің 26-күні «Азаттық» тілшісіне Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз бөлімінің қызметкері Ботагөз Ыбраева.

Өздерін алғашқыда «Степногорск жамағаты» деп таныстырған осы топ мүшелерінің тұрған жерлерін тінту барысында көптеген діни-экстремистік бағыттағы үнпарақтар мен қарулар тәркіленген деп хабарлап отыр ҚР ҰҚК өкілі.

«Соңғы тергеу-тексеру амалдары барысында табылған заңсыз қоймадан әртүрлі калибрлі 5 мың патрон, жарғыш құралдары, яғни капсуль детонаторлары және от өткізгіш сымдар, қамауға алынғандардың пайымы бойынша жарып жіберуге жатқызылған мемлекеттік және құқық органдарының ғимараттары белгіленген Ақмола облысының және Астана қаласының топографиялық картасы табылды», - дейді Б.Ыбраева.

Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратында, бұл топ мүшелері қаржылық мұқтаждықтарын жергілікті инкассаторды тонау арқылы толықтырмақ болған деген дерек айтылған.

«Айыпталушылардың жарылғыш заттарды Степногордың тау-кен өндіру саласының нысандарынан алғандары дәлелденді. Жасанды жарылғыш құралдары Степногордан 70 шақырым жердегі саяжай аумағындағы тастанды құрылыс орындарын жару жолымен тәжірибеден өткізілген. Тергеу барысында осы айыпталушылардың инкассаторлық машинаны тонау, мемлекеттік органдар қызметкерлер қатарынан кепілдер ұстау, полиция учаскелеріне шабуылдауды жоспарлау әрекеттеріне қатыстары барлығы дәлелденді», - дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Б.Ыбраева.

Алайда Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі Хельсинкий комитетінің өкілі Нинель Фокина Қазақстандағы діни экстремистік не лаңкестік топ деп сотқа тартылатындарға көп жағдайда тапсырыспен, қолдан жасалған істер бойынша айып тағылады дейді.

«Лаңкестікке не экстремизмге қарсы күрес деген байбалам, шын мәнінде, биліктің өз халқын басқарудың бір тетігі ғана. Алдымен қорқытып, үрейлендіріп алып, тәртіпті қатайта түсу. Ал бұл мәселеде бірінші боп, әрине, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұрады. Мына Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінен соң, тіпті Рахат Әлиевтің ісі болсын, олар соңғы кездері өздерінің беделінің қоғам алдында түсіп кеткенін біледі. Сондықтан жоқтан бар тауып, қажет жерінде наша тастап, оқ-дәрі тастап, әйтеуір «қылмыстық топ» ұстау. Ол билік тарапынан бөлінетін қаржы, атақ, шен. Ондай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, барлық елде де бар», - дейді Нинель Фокина.

Қазақстанада діни экстремистік ұйымдар деп танылған 14 ұйымның іс-әрекетіне сот шешімімен тыйым салынған. Солардың ішінде «Хизб-ут-Тахрир» партиясы мен «Аум Синрикё» сынды діни секта да бар. Мамандар соңғы жылдары Қазақстанда діни экстремистік деп танылған топтарды әшкерелеу іс-қимылдары артып отырғанын айтады. Мысалы, былтыр Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» партиясының 69 мүшесінің үстінен сот ісі қозғалып, ондаған мың діни-экстремистік пиғылдағы үнпарақтар мен шағын баспаханалар тәркіленсе, биылдың өзінде 40 шақты мүшесі қамауға алыныпты. Сонымен қатар осы партияның қатарынан өз еріктерімен шығып жатқандар жайында баспасөз арқылы хабарланды. Ресми органдардың мәліметтерінде, ондай адамдардың саны былтыр 88 адам болды деп айтылады. Олар негізінен Алматы, Шымкент, Павлодар, Тараз, Түркістан қалаларының тұрғындары екен.
XS
SM
MD
LG