Accessibility links

Қазақстанда мүлікті заңдастыру науқаны соңына жетті


Тамыздың 31 – санатта болмай келген мүлікті заңдастырудың соңғы күні. Ал мамандардың айтуынша, Қазақстанда заңдастырылмай қалған дүниелер әлі де көп. Ал бүгінге дейін заңдастырылғандардың арасында ұрланғандары қаншама. Қазақстанда заңдастырудың қалай жүргендігіне және оның пайдалы-зиянды жақтарына байланысты экономист мамандар өз көзқарастарын былайша білдірді.

Экономист-ғалым Рахман Алшанов мүлікті заңдастырудың жақсы да, кері жақтары да бар деп есептейді. Алайда ол заңдастыруды қанша сынағанмен, көлеңкеде жүрген мүліктер мен ақшалардың сыртқа шыққаны дұрыс деген көзқарас білдіріп отыр.

- Бұл қажет дүние болды. Бұл мүліктер көлеңкеде бекер жүргенше, экономикаға жұмыс істегені дұрыс. Ертең айналымға түскеннен кейін мемлекет олардан салық алады. Жалпы бұл шара өзін-өзі ақтап шығады. Мүліктері заңдастырылғандар енді өз бизнесін жаңадан бастауға мүмкіндік алмақ, - дейді Рахман Алшанов.

Қазақстандық тағы бір экономист Қанат Берентаев болса, бұл жайында былай дейді:

- Жалпы заңдастыру жемісті өтті деп едім. Алайда, мен осы шараның негізгі мақсаты тіркелмеген мүліктерді заңдастыру емес, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары билік басындағылардың заңсыз иемденген мүліктерін заңдастыру болды ма деп ойлаймын. Сондай-ақ, заңдастыру кезінде ешбір шенеуніктің мүлігі тексеріліп, олардың қандай жолмен келгендігі анықталынған жоқ. Бұл шараның бір реттік екендігіне де мен күмәнданамын. Меніңше, бұл акция 5-6 жылдан кейін қайталануы мүмкін. Сондықтан бұл заңдастыру жекешелендіру кезінде кейбір ұрлық жасаған меншік иелерінің ғана сенімінен шықты деп ойлаймын.

Ал үйі заңдастыруға ілінбей қалған Алматыдағы «Шаңырақ» ықшамауданы тұрғындарының бірі Бибатима Шайхина бұл шараға өзінің риза еместігін айтады.

- Мен үйімді осымен 2-3 жыл болды, заңдастыра алмай келемін. Сондай-ақ, менің көршілерім де үйлерін заңдастыра алмай жүр. «Мәселеміз шешілді, бұл шара бізге жақсы әсер етті» деп, қуанып жүрген қазақты әлі көргенім жоқ «Шаңырақтан», - дейді Бибатима Шайхина.

Экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есіркепов заңдастырылған мүліктердің дені жекешелендіру кезінде ұрланған мүліктер болды дей келіп, бұл заңдастырудан тек олигархтар ғана ұтты деген пікір білдірді.

- Соңғы жылдары елімізде олигархтардың саны артып кетті. Жыл сайын өсіп келеді. Өскені, осы заңдастырудан кейін басталды. Ал ертең осы заңдастыру біткеннен кейін олардың қатары бұдан да артып, миллионерлер анықталады. Адамгершілік, тарихи жағынан бұл шара біздің елге абырой бере алмайды, - дейді Тоқтар Есіркепов.

Шілденің 26-ына дейін Қазақстанда 55,8 млрд теңгенің дүниесі заңдастырылған. Ал заңдастырылған мүліктің жалпы құны 644 млрд теңгені құраса, заңдастырылған ақша 367 млрд теңгеден асқан. Ал заңдастыру жөнінде жалпы халықтан 1 млн 555 мың өтініш келіп түскен екен. Егер заңдастырудан 1 млн 417 мың қозғалмайтын мүлік өтсе, оның 1 млн 3 мыңы тұрғын үйлер екен.
XS
SM
MD
LG