Accessibility links

Қазақстан полициясы осыдан екі жыл бұрын жоғалды делінген журналист әйелдің мәйіті табылғанын хабарлады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев төңірегіндегі іске байланысты анықталған жайт – осыдан екі жылдай уақыт бұрын із-түссіз жоғалып кеткен Анастасия Новикова жұмбақ жағдайда қаза болып, шетелден Қазақстанға жасырын жеткізіліп, құпия жерленген. Бұл туралы Астанада тамыздың 7 күні Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов хабарлады.

Қазақстан полициясының айтуынша Новикованың хабар-ошарсыз кеткеніне екі жылдан асыпты. Ал Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов ол әйелдің туыстары тек биылғы жылы жазда адам жоғалғаны туралы арыз жазғанын айтады. Қожахметов Новикованың жоғалуы туралы іс пен Рахат Әлиевке қатысты іс арасында байланыс бар деп отыр:

- Новикова 2004 жылы белгісіз жағдайда қаза болады. Оның мәйітін жасырын Ливаннан Таразға жеткізіледі. Тергеу тобы мәйітті Қазақстанға жеткізгендер арасында Вадим Кашляк, Құрман Әкімқұлов және Данияр Естеннің болғанын анықтап отыр. Бұл адамдардың «Нұрбанк» ісіне қатысты екенін білесіздер.

Қожахметов неліктен мүрдені мемлекеттік органдардан, марқұмның туыстарынан жасырын әкеліп, түн ішінде шалғай жерге апарып көмудің қанша қажет болғаны түсініксіз дейді:

- Новикованың жасырын жерленген орны туралы оның анасы және жақын туыстары тек бүгін білді. Мәйітке сот-медициналық сараптама жасалды. Оның Новикова екені анықталды және мәйіттен көптеген дене жарақаттары анықталып отыр.

Қазақстандық полицияның айтуынша, 2002 жылы жазда Алматыда Анастасия Новикова Рахат Әлиевтің иелігіндегі «Алма-Медиа» холдингінің құрамына кіретін «НТК» телеарнасында тележүргізуші боп қызмет атқарған. Сол жылдың аяғында Новикова Австрияның Вена қаласына барған. Ал наурыз айында Данияр Естенмен некеге отырады. 2003 жылы Новикова Ливан астанасы Бейрут қаласында босанып, дүниеге қыз бала әкеледі. Бұл ақпараттың барлығын Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов растап отыр. Венадағы елшілікте жүргізуші боп қызмет істеген Данияр Естен 2005 жылы Венада жол апатынан жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Үкіметтік емес ұйым төрайымы Розлана Таукина Анастасия өмірге әкелген нәрестенің негізгі әкесі Рахат Әлиев деген жорамал айтады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов Настяның екі рет некеге тіркелгенін айтады:

- Новикова Қазақстанда алғашқы рет 2002 жылы жалған неке құрған және кейіннен, ол некені бұзбастан, Венадағы Қазақстан елшілігінде Данияр Естенмен неге құрған. Бірақ, ол жалған ба, шын ба - белгісіз.

Бақылаушылардың айтуынша, ДНК құрамы арқылы сәбидің Рахат Әлиевке жақындығы бар ма деген сауалға да жауап алуға болады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов кішкентай қызды іздестіріп жатырсыздар ма деген сұраққа, «оның қайда екенін білеміз, іздестірудің қажеті жоқ» деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG