Accessibility links

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев 7 тамызда Астанаға жасаған сапары кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде Қазақстанды Әзірбайжан территориясы арқылы Еуропаға мұнай-газ тасымалдауға шақырды. Президент Назарбаев болса, бұл транзитке қызығушылық білдіретіндігін жеткізіп, бұрынғы келісімге сай Қазақстан «Баку-Тбилиси-Джейхан» жобасына қатысатындығын айтты.

Әзірбайжан сарапшыларының жазуына қарағанда, ресми Баку Еуропаға мұнай тасымалдауға Қазақстанның қосылуына мүдделі. Сондықтан, Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы жобалар ресейлік жобаларға балама ретінде қарастырылып отыр. Бірақ, әзірге Астана Еуропа базарларына тек Ресей арқылы ғана шығатындығын мәлімдеген еді. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев соңғы 3 жылда Қазақстанға жасаған екінші сапарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мұнай тасымалдау бағытын өзгертуді сұрады, дейді бақылаушылар. Әзірбайжан президенті айтып өткендей, Әзірбайжан Қазақстанның энергоресурстарын кедергісіз Еуропаға тасымалдау үшін барлық жағдай жасауға дайын.

«Бізде мұнай-газды тасымалдайтын қазіргі замаңғы инфрақұрылым жасалған», - деді ол.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанды Әзірбайжан транзиттік территория ретінде қызықтырады.

«Бұрын келіскендей «Баку-Тбилиси-Джейхан» жобасына қатысамыз. Болашақта газ жобаларына қатысамыз және темір жол өткелдері арқылы Қара теңізге шығамыз», - деді Назарбаев.

Ал, Әзірбайжан сарапшысы Алпай Ахмедтің айтуынша, мұнайға өте бай «Қашаған» кен орны іске қосылған соң Әзірбайжан Қазақстаннан тиелетін мұнай көлемі жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғаяды деген үмітте. Маңыздысы - Каспий арқылы өтетін «Ақтау-Баку» мұнай құбырының құрылысын бастау, дейді Әзірбайжан сарапшысы. Бұл бағытты АҚШ пен ЕуроОдақ елдері де қолдайтындығы белгілі. Айта кететін жайт, бұл елдердің кейбір өкілдері «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбырының құнды қағаздарының иесі. Бірақ, қазақстандық сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағыттың тиімді екендігін түсінседе, Мәскеумен ақылдаспай нақты жауабын бермейді. Саясаткер Уәлихан Қайсаровтың айтуынша, Қазақстанның мұнай өндірісін ұлғайта алмай отырғандығының себебі де оны тасымалдауға келіп тіреледі:

- Ресейдің саясаты - Қазақстанның мұнайы мен газын өткізу үшін, ақшасын тек қана өзіне алу. Қазір, мысалы, Ресей біздің тек 20 миллион тонна мұнайымызды өткіземіз деп отыр. Ал, біз транзиттің кесірінен мұнай өндіруді көбейте алмай отырмыз.

Каспий мұнайын өткізу мүмкіншілігі ең жоғары құбыр Ресейдің меншігі болғандықтан, Ресей жағы мұнайдың едәуір көлемін өз территориясы арқылы өткізіп, транзиттен түсетін табысын ұлғайта беруге мүдделі екенін жасырмайды, дейді саясаттанушы Берік Әбдіғалиев. Оның пайымдауынша, Ресей орасан қаражат беретін саланы оңайшылықпен біреуге бере салуы екіталай:

- Мұнай тасымалдау өте үлкен қаражат әкеледі. Егер, біз басқа жол іздесек Ресей бізге саяси, экономикалық талаптарын күшейтеді.

Әзірге, Каспий мұнайының едәуір бөлігі Теңіз-Новороссийск бағытындағы құбырлармен тасымалданып жүр. Бірақ, кейбір сарапшылардың айтуынша, Қазақстаннан табылатын мұнай көлемі қазіргідей ұлғая беретін болса «КТК» Қазақстанға жеткіліксіз болады. Бұған дейін Қазақстан президенті Назарбаев айтқандай, Қазақстан Украина мен Польшаның «Одесса-Броды-Польска-Гданьск» мұнайқұбыры жобасына қызығушылығын білдіреді. Бірақ, Назарбаевтың түсіндіруінше, Қазақстан мұнайын Еуропаға осы мұнайқұбырымен жеткізгені үшін әр тоннадан 58 доллар талап етіледі. «Бұл басқа бағыттардағы транзит төлемдерінен 24 доллар артық», дейді президент Назарбаев.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG