Accessibility links

Қазақстанда жалпы құны 1 миллиард долларға бағаланған 5 инвестициялық жоба қолға алынбақ


Бұл туралы Астанада тамыздың 8 күні Қазақстанның Даму банкісінің басшылығы хабарлады. Қазақстандағы кейбір экономистер болса, мемлекет қаржысымен жұмыс істейтін бұл қаржы институтының жұмысын сынға алып отыр.

Қазақстандағы даму институттарының ішіндегі тұңғышы Қазақстанның даму банкісі 2001 жылы құрылған. Ол 20 жылға дейін 5 миллион доллар көлемінде жеңілдетілген пайызбен несие береді. Оның сыртында техникамен жабдықтарға лизинг ұсынады. Аталмыш банктың жарғылық капиталының 100 пайызы мемлекет меншігінде. Қазақстанның Даму банкісінің басшылығы биылғы жылы банк сыртқы базарларға шығатынын хабарлады. Экономист Уалихан Қайсаровтың айтуынша, қаржыны шетелге шығарғаннан гөрі Қазақстанда кәсіпорындар ашқан тиімді:

- Сол ақшаны шетелдік компанияға емес, ұлттық компанияларға берсе жұмыс орындары, өнім және салық көбейеді.

Ал Қазақстанның даму банкісінің басқарушы директоры Муслим Бектеповтың айтуынша, банк Қазақстанның транзиттік мүмкіншіліктерін дамытуға қажет терминалдар мен айлақтарды қаржыландырып отыр:

- Банктің шетелге шығу тұжырымдамасы бекітілген. Соған сәйкес егер біз шетелге ақша бөлсек, ол жобалар Қазақстандағы зауыттармен технологиялық байланысы болу керек. Мысалы, егерде біз шетелде терминал, портқа ақша бөлсек, ол біздің тауарларды әлемдік нарықтарға шығаруға әсер етеді.

Биыл банк жалпы құны бір миллиард долларға жақындайтын 5 жобаға қаржы беретін болды. Негізгі жобалардың ішінде Солтүстікпен Оңтүстікті қосатын электр желісінің құрылысы және Каспийдегі айлақтардың инфрақұрылымы. Ал, экономист Уалихан Қайсаровтың айтуынша, банк таңдаған салаларға қосымша екі сала қажет:

- Ауыл шаруашылық саласында өніммен не істерін білмей отыр. Ауылда май, сүт қабылдайтын орындар жоқ. Сосын мына жеңіл өнеркәсіп өнімдері Қытай, Ресей, Еуропа, Түркиядан келіп отыр.

Қазақстанның Даму банкісінің басшылығы болса, банк ауыл шаруашылығы саласында жүгері, соя, және жемістерді өңдеу кәсіпорындарын қаржыландырып келеді, дейді. Ал Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Аслан Мусиннің айтуынша бірде-бір жаңартпа жобалар жүзеге асырылмай келеді. Экспортта мұнай мен газ көп, ал шикізаттан тыс сала үлесі небәрі 6-7 пайыздан аспайды. Және ірі банктер Қазақстан мемлекетінің кепілдігінің арқасында шетелдерден несие алып, елдің сыртқы қарызын өсіріп, ел ішіндегі инфляцияның өсуіне септігін тигізген деген пікір бар. Ал Қазақстанның даму банкісінің басқарушы директоры Муслим Бектеповтың айтуынша бұл банк керісінше инфляцияны төмендетуге тырысады:

- Біздің банктің шетелден әкелінген инвестициясы үй салуға, спекуляцияға берілмейді, текқана инфрақұрылым, энерго, көлік, өндірістік жобаларға беріледі. Сондықтан біздің қаржы инфляцияға әсер етпейді.

Бектеповтың айтуынша керісінше банк төлейтін салықты азайту керек:

- Бізге ерекше көзқарас болу керек, өйткені біз ірі жобаларға несие береміз. Мерзімі ұзақ 20 жылға дейін. Ондай несиені екінші деңгейдегі банктер бере алмайды.

Экономист Атамұрат Шаменнің айтуынша, салықты азайта берген қауіпті:

- Салықты босата салысымен оның бюджеттегі орны ойылып қалады.

Ресми мәлімет бойынша бұл қаржы институты онсызда Ұлттық банк қадағалауынан босатылған. О баста банк тек шикізаттық емес салаларды қолдау үшін құрылған. Өйткені, Қазақстанда шет елдерден келетін инвестициялардың көбісі негізінен мұнайгаз саласына кетіп жатқандығы белгілі, дейді экономистер.
XS
SM
MD
LG