Accessibility links

Әлемдік қаржы базарындағы құбылыстардың Қазақстанға әсері қандай?


Қазақстан қор биржасының мамандары әлем қаржы нарығындағы тұрақсыздық Қазақстан қор рыногына да әсері бар болып тұрғанымен ешқандай да дағдарыс туралы айтудың қисыны жоқ деп отыр. Сонымен қатар мамандар «егерде әлем қаржы рыногында дағдарыс болған жағдайда Қазақстанның жинақтаған қоры он екі ай бойы ол дағдарысқа еш зардапсыз төтеп беруге мүмкіндік береді» деген болжам айтады.

Қазақстан қор биржасының мамандары тамыздың 28-күні Алматыда тілші қауымды жинап, өздерінің жетістіктері мен жоспарлары туралы әңгімеледі. Олардың алдындағы тағы бір мақсат - елді алаңдатып отырған «қаржы дағдарысы» дегенге жауап беріп, осы саладағы жағдайға алаңдаулы елді жұбату екені байқалады.

«Бұл - дағдарыс емес! Бұл - дағдарыс боп қалуы мүмкін деп, соны үрейменен күту кезеңі. Ондай көңіл-күй мен ахуалды осы адамдардың өздері жасайды. Онда да қарапайым адамдар емес, аздап болса да оқыған деген орта буын адамдар. Америкада ипотека несиелерінің қайтарылымы дағдарысқа ұшырапты деген қауесетке ерген олар тез арада банктерден ақшаларын түгелімен алып, оған доллар сатып алуды жөн көріп, содан барып ақша айырбастау орындарында доллардың бағамын көтеріп отыр. Енді адамдар доллар таусылыпты деген сияқты қауесетке еретіндей... Бұл процесс, әлгі, «көрші кемпір айтты» деген сияқты қауесет-өсектің маңайындағы болжамдар ғана. Халықты дүрліктірмеу керек», - дейді Қазақстан қор биржасының президенті Азамат Жолдасбеков.

Ал биржаның ақпарат және талдау бөлімінің директоры Андрей Цалюк президентінің сөзін растай түскісі кеп, біраз мысалдар келтірді.

«Әзірге ешқандай банктер не компаниялар банкрот болған жоқ, не шығын туралы әңгіме болған жоқ. Әзірге әңгіме өсу қарқынының тежелгені туралы, не жоспарланған пайда кірістерінің азайғаны туралы боп тұр. Осы уақытқа дейін әлемдік рейтінгтік компаниялар Қазақстан банктерінің не компанияларының не республиканың өзінің рейтінгтік көрсеткіштерін төмендеткен жоқ, тіпті болжамдарын да өзгерткен жоқ», - деді биржаның сарапшысы Андрей Цалюк.

Осы орайда 1999 жылдары атышулы «Азия дағдарысы» басталып кеткеннің өзінде осы рейтінгтік компаниялар сол елдердегі банктердің рейтінгтерін жоғары бағалап отырған кездері де болғанын атап кеткеніміз жөн болар. Десе де әлем қаржы рыногындағы тербелістер ә дегенде Қазақстан қаржы рыногына да әсерін тигізгенін көпшілік көріп отыр.

«Бірақ, Қазақстан қаржы рыногын бақылау агенттігінің, Ұлттық банктың, қор биржасы мамандарының дер кезінде жүргізген түсіндірме жұмыстары арқасында ол тербелістер қазір тұрақталды. Сол шаралардың арқасында шет елге қаржыларын тартпақ болған инвесторлар өзімізде қалып, ұтымды уақытты пайдаланып біздің банктердің аздап болса да арзандаған акцияларын сатып алып елеулі пайдаға кенелді. Мен қор биржасының атынан алдағы он екі айда қандай да дағдарысқа Қазақстанның жинаған қоры төтеп бере алады деп сендіргім келеді», - дейді Андрей Цалюк.

Сонымен қатар ол әлемдегі әлі де күңгірт боп тұрған дағдарыс көлеңкесі туралы қандай да болжам айтудан бас тартты. Сөйтіп, Қазақстан қор биржасының мамандары қазақстандықтарды жұбатқанмен, «әлемдік дағдарысты» күткен көңілдеріндегі күпті күдікті сейілте алды ма? Ол жағын алдағы уақыттың нарықтағы тербелістері көрсетеді.
XS
SM
MD
LG