Accessibility links

Ресей: Тынық мұхит аймағының шетінде


Азия-Тынық мұхит аймағының экономикалық ынтымақтастық ұйымына (APEC) мүше 21 мемлекеттің басшылары 8-9-ыншы қыркүйек күндері “Сидней саммитіне” жиналып, оған АҚШ пен Ресейдің және Жапония мен биылғы форумның “қожайыны” болған Аустралияның лидерлері қатысты. APEC саммитінің алдында президент В.Путиннің Индонезия мен Аустралияда қол қойған екі жақты сауда қатынасы туралы ірі келісімдерін айтпағанда, Ресейдің бұл саммитке қатысқаны жайына дүние жүзінің баспасөз құралдары онша көп тоқталмады. Саяси сарапшылардың атап көрсетуінше, Ресейдің Азия-Тынық мұхит аймағындағы көздеген ең басты мақсаты - қуат көздері мен қару-жарақ саудасы ғана.

Қыркүйектің 6-сы күні Джакарта қаласында Ресей мен Индонезия президенттері В.Путин мен Сусило Бамбанг Юдхонойо (Susilo Bambang Yudhoyono) жалпы сомасы 1 млрд. доллардан асатын қаржыға орыстың қару-жарағын, оның ішінде реактивті соғыс ұшақтары мен сүңгуір қайықтарын сатып алу тупралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар 2 лидер индонезиялық “Aneka Tambang” тау-кен өнеркәсібі компаниясы мен ресейлік “Русал” фирмасы және Индонезияның мемлекеттік “Pertamina” мұнай компаниясы мен Ресейдің “Лукойл” концерні арасындағы жалпы сомасы шамамен 4 млрд. долларға тең келісім-шарттарға қол қою рәсіміне қатысты.

Қыркүйектің 7-сі күні Сиднейде В.Путин мен Аустралияның премьер-министрі Джон Хоуард (John Howard) Ресейге уран сату туралы құжатқа қолтаңбаларын қойды. Сарапшылар Ресейді Аустралиядан сатып алған уран шикізатын әскери мүддесіне қолдануы мүмкін немесе Иран мен Сирия сынды елдерге қайта экспорттауы мүмкін деп айыптайды. Оған қоса бақылаушылар аустралиялық уранның импорты Ресейге өзі өндірген уранын әлгіндей елдерге экспорттауына мүмкіндік береді деп ескертеді. Бірақ В.Путин мен Джон Хоуард үзілді-кесілді мәлімдегендей, Ресей өзінің халықаралық міндеттемелерін бұлжытпай орындайды және оған алаңдауға ешқандай негіз жоқ.

В.Путин АҚШ президенті Дж.Бушпен 7-нші қыркүйекте кездесіп, екі жақты қарым-қатынастың басты мәселелері мен әлемдік проблемаларды талқылады және Ресей президенті Дж.Бушты балық аулауға шақырды. Қытай лидері Ху Цзиньтаомен 8-інші қыркүйектегі жүздесуінен кейін В.Путин “орыс-қытай қарым-қатынастарының қарқынды дамуы” жуырда басталғанын және “Кремльдің Қытайға деген саясаты таяу болашақта өзгермейтінін” атап көрсетті.

9-ыншы қыркүйек күні Ресей президенті Азия-Тынық мұхит аумағында еркін сауда орнату жоспары барлығын растады және В.Путин осы ұйымның 2012-нші жылғы саммитін Владивосток қаласында өткізу туралы Ресейдің жоспарын қолдаған АРЕС лидерлеріне рахметін айтты. “Сидней саммитінің” дәл қарсаңында Ресей мен бірқатар халықаралық баспасөз агенттігі “Ресей – аймақтық істерге қайта оралды” және “Ресей – Тынық мұхит аймағындағы ірі “ойыншыға” айналады” деп жазды. Бірқатар агенттік “қырғиқабақ соғыс” дәуріндегі бомбалаушы ұшақтардың Тынық мұхиттың батысындағы Гуам аралына қарай ұшып барғанын мысалға келтірді. Өзгелері Ресейдің 1-інші вице-премьері Сергей Ивановтың “Ресей – қандай азиялық ел боса, дәл сондай еуропалық ел де болып табылады” деген 2006-ншы жылғы сөзін есіне алады. Ресейлік “Газпром” компаниясының газ экспортына жауапты өкілі - Александр Медведев - Сиднейде: “біз Азия-Тынық мұхит аумағына газ беретін ең ірі ел болуды көздейтінімізді еш жасырмаймыз”, - деп мәлімдеді.

Бірақ қуат шикізатына деген асқан мұқтаждығы байқалатын Тынық мұхиты сынды аймақта да Ресейдің мүддесі ерекшелеу көрінуі мүмкін. Ресейдің мұнайы мен газына қол созған елдер аз емес, бірақ Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея сынды өзара бәсекелескен елдердің сұранысын қанағаттандыру үшін Ресейдің алдында Сібір мен Қиыр Шығысындағы инфрақұрылымның мешеулігі мен құбыр тартудың қиындықтары тұр. Ресейдің ағаш пен тағы басқа табиғи байлығы жетіп артылады, оған қоса арзан әрі өте мол қару-жарағы тағы бар. Алайда, Ресейге экономикалық дамудың қарқыны мен жоғарғы технологияға негізделген өндіріс саласы жетпейді. APEC-ке мүше елдердің көпшілігі нақ сол жоғарғы технологияға арқа сүйеген өнеркәсібінің арқасында қарқынды дамып келеді және онысы келешекке зор үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Бақылаушылардың көпшілігі келісіп отырғандай, аталған аймақта стратегиялық өзгерістер іске асып жатыр және оған ескірген бомбалаушы ұшақтардың ұшуы емес, экономикалық даму мен алдыңғы қатарлы технология серпін беруде. Қытайдың экономикасы Ресейдікінен 2.5 (2 ½) есе үлкен және оның экономикасы әлдеқайда қарқынды дамып келеді. Ол аздай Тынық мұхит аймағын Мәскеу онша елемейтін тәрізді. Дегенмен де, Қытаймен және “Ынтымақтастықтың Шанхай Ұйымымен” арадағы ынтымақтастығының кеңей түскенін В.Путин жиі қайталайды, бірақ сыртқы істер министрі С.Лавровтың таяуда айтқан сөзі Ресейдің сыртқы саясатының қыр-сырын айқындап берді. Оған сәйкес, АҚШ пен Еуропа – Кремльдің сыртқы саясатының басым бағыты болып қала береді. АРЕС-тің аймақтық стандартымен өлшегенде Ресейдің экономикалық байланысы да онша зор емес. Мысалға, Қытай мен Ресейдің арасындағы тауар айналымы – Қытайдың жалпы сауда айналымының 2 пайызын немесе Қытай мен АҚШ-тың арасындағы сауда айналымының 1/10 бөлігін ғана құрайды.

Іс жүзінде, орыстардың басым көпшілігі қарқынды дамып келе жатқан Тынық мұхит аймағына “зор мүмкіндіктің көзі” деп қарамайды, “төнген қатер” деп қабылдайтын сияқты. Халық аз тұратын Қиыр Шығысқа Қытайдың демографиялық қауіп-қатер төндіріп тұрғаны туралы материалдарды Ресейдің баспасөз құралдарынан табу қиын емес. Қытаймен шекаралас жатқан осы аймақты мекендейтін шамамен 7 млн. орысқа 77 млн. қытайлық келеді және Ресейдің бір емес, бірнеше сарапшысы атап көрсеткендей, “табиғат – бос жатқанды жақтырмайды”.

2000-ыншы жылдың шілдесінде Қиыр Шығысқа барған сапарында В.Путин: “егер біз ұйымдасқан түрде әрекет етпесек, онда келешекте жергілікті халық жапон, қытай немесе кәріс тілінде сөйлейтін болады”, - деп мәлімдеген-ді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG