Accessibility links

Н.Назарбаевтың Орта Азиядағы көрші елдерге сапары Қазақстанның экономикалық ықпалының өсе түскенін аңғартады


Өткен аптада Қазақстан президенті Н.Назарбаев ресми сапармен Түркіменстанда және Тәжікстанда болды. Қазақ лидерінің Ашхабад пен Душанбедегі келіссөздері, негізінен, екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың проблемаларын қамтыды. Н.Назарбаевтың бұл сапары Қазақстанның Орта Азия аймағындағы ықпалының өсе түскенін аңғартқандай болады.

Көп жылдан бері Қазақстан Орта Азиядағы жетекші мемлекет болуды көздеп келеді. Міне енді сол дегеніне жететін сыңай байқалады. Табиғи шикізат ресурстарына өте бай Қазақстанның экономикасы, негізінен мұнай өнеркәсібінің есебінен болса-дағы, соңғы жылдары жылына орта есеппен 10 пайыз қарқынмен дамып келеді. Мұнайдан түсетін табысының жыл сайын ұлғая түсуі қазақ компанияларына көрші елдерге өз капиталын салуға мүмкіндік берді. Соның бір айғағы – Н.Назарбаевтың Ашхабад пен Душанбеге барған сапарының күн тәртібінде негізінен түркімен және тәжік елдерінің экономикалық проблемалары тұрды.

Қыркүйектің 13-і күні Душанбеде Н.Назарбаев соңғы бірнеше аптаның ішінде астық пен ұнның бағасы күрт қымбаттаған Тәжікстанды астықпен қамтамасыз етуге уәде берді. Сонымен қатар Қазақстан мен Тәжікстан президенттері Н.Назарбаев пен Э.Рахмон жарғылық капиталы 100 млн. долларды құрайтын инвестициялық қазақ-тәжік қорын құру жөнінде уағдаласты. Жарғылық капиталының 80 пайызын Қазақстан, 20 пайызын Тәжікстан салатын бұл Қор - Тәжікстан жеріндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға тиіс және Н.Назарбаевтың Душанбеге сапары кезінде инвестиция мен сауда саласындағы түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды. Журналистердің алдында Н.Назарбаев бірлескен инвестициялық қорды былай деп сипаттады.

Н.НАЗАРБАЕВ: “Біз мөлшері 100 млн. АҚШ долларын құрайтын және оның басым бөлігін Қазақстан жағы беретін арнайы инвестициялық қор құру жөнінде уағдаластық және ол Қор тәжік экономикасына “жұмыс” істейтін болады. Бұл жақсы демеу болады ғой деп ойлаймын”.

Сонымен қатар Н.Назарбаев атап көрсеткендей, Тәжікстанның солтүстік-шығысындағы Нұрабад су-электр стансасының құрылысын қаржыландыруға Қазақстан дайын. “Қазақстан жағы Тәжікстанда жарияланған барлық тендерге қатысады, өйткені біз тұтынушы ретінде электр қуатын сатып алуға мүдделіміз. Жалпы алғанда, су-энергетика проблемаларын шешуге біздің 2 мемлекетіміз де аса мүдделі. Өйткені, біз бір өзеннің бассейнінде орналасқанбыз”, -деп мәлімдеді Қазақстан президенті.

Ал Э.Рахмонның сөзіне қарағанда, 2007-нші жылдың қаңтар-шілде айларының ішінде Қазақстан мен Тәжікстанның арасындағы сауда айналымы, өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 57 пайызға дерлік өскен.

12-нші қыркүйек күні Ашхабадта болып өткен қазақ-түркімен келіссөзінің барысында да екі жақты экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндіктері талқыланды. Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов Астанамен арадағы ынтымақтастық Ашхабад үшін “басты мақсат” екенін мәлімдеді. Жалпы Түркіменстанға барған 2 күндік сапарының барысында Қазақстан президенті Н.Назарбаев Г.Бердімұхаммедовпен түркімен газын Каспий жағалауымен Қазақстан арқылы қазіргі газ құбырымен сыртқа тасымалдау және Каспий жағалауымен жаңа газ құбырын тарту мәселесін, сондай-ақ энергетика саласындағы екі жаққа да тиімді ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Түркіменстандағы көмірсутегі шикізатының жаңа көздерін барлау мен игеруге қазақтың мұнай компанияларының қатыса алуы және 2 жақты ынтымақтастықтың басқа да өзекті мәселелерін талқылап, 2 президент бірлескен Коммюникеге қол қойды.

Екі жақ, сонымен қатар, Қазақстаннан түркімен жері арқылы Иранға және әрі қарай Парсы шығанағына жеткізетін Өзен-Гызылгая-Берекет-Етрек-Горган темір жолын салу жөнінде келісті.

Алайда, Ақорданың Орта Азия аймағындағы экономикалық мұң-мүддесі Түркіменстанмен немесе Тәжікстанмен шектелмейді. Соңғы жылдары қазақ компаниялары Қырғызстанның экономикасына да, оның ішінде әсіресе қаржы-банк саласына айтарлықтай инвестиция жұмсап үлгерді.

Мәскеудің халықаралық қарым-қатынастар Институтының профессоры Сергей Лузянин Н.Назарбаевтың көрші елдерге таяудағы сапарын “аймақтықтық лидер” ретінде танылуды көздеген Ақорданың ұстанған саясатының құрамдас бөлігі деп есептейді.

С.ЛУЗЯНИН: “Мұның бәрі, әрине, Астананың ықпал етудің орталығы болуды көздеуінің айғағы болып табылады және қазірдің өзінде де солай болып отыр. Бірақ, Қырғызстан мен Тәжікстан ол бастаманы әлдеқайда жылы қабылдады және нәтижесінде олар Қазақстанның несиелері мен инвестициясын алып үлгерді... олар пайда көріп отыр. Ал Өзбекстан сынды өзгелері Астананың бастамаларына сақтықпен қарайды. Онысында бақталастықтың да, қызғаныштың да нышаны байқалады - ресми Ташкент Астананың көптеген қадамын жиі сынға алып келеді. Бұл ежелден жалғасып келе жатқан қарама-қайшылықтардың дәлелі”.

Өзбекстан – аймақтық лидер болу жолындағы Қазақстанның бірден-бір бәсекелесі болып табылады, бірақ Ташкент экономикалық дамуы жағынан Астанадан көп кейін қалып келеді. Астана нарық экономикасына қарай бағыт ұстаған экономикалық реформаларын ұлттық тәуелсіздігін алған 1991-інші жылы бастаған болса, негізінен мемлекеттің меншігінде қалған өзбек экономикасы - әлі күнге дейін совет дәуірінің әкімшіл-әміршіл әрі “жоспарлы” экономикалық жүйесіне ұқсайды. С.Лузянин Өзбекстанның Орта Азияға деген ықпалы 10 жылдардан кейін немесе одан ұзақ уақыттан кейін нығаюы мүмкін деп есептейді. Бірақ, деп мәлімдейді Мәскеудің халықаралық қарым-қатынастар Институтының профессоры С.Лузянин, дәл қазір Қазақстан, сөзсіз, Орта Азияда жетекші рөл атқарады”.
XS
SM
MD
LG