Accessibility links

Қырғызстанда Конституциялық соттың қаулысы 2003-інші жылғы Ата заңды қалпына келтірді


14-қыркүйек күні Қырғызстанның Конституциялық соты Ата заңға өткен жылдың соңында енгізілген өзгерістердің 2 жинағын да “заңсыз” деп тапқан Қаулы қабылдады. Сот өзінің Қаулысында қолданыстағы қазіргі конституцияның 2003-інші жылғы бүкілхалықтық референдумда қабылданғанын арқау етті. Алайда, өткен жылдың қарашасында Бішкекте наразылық шеруіне шыққан мыңдаған халық Ата заңға өзгерістер енгізуді талап еткен болатын. Конституциялық соттың жаңа Қаулысы қырғыз билігі мен оппозицияның жаңа теке-тіресін туғызбай ма?

Қырғыз парламенті конституцияға өткен жылдың аяғында енгізілген барлық өзгерісті “заңсыз” деп тапқан Конституциялық соттың Қаулысын талқылау үшін кезектен тыс сессиясына сейсенбі күні жиналуға тиіс болатын. Соттың Қаулысына сәйкес, 2003-інші жылы қабылданған конституция күшінде қалады. Сейсенбі күні журналистермен кездескенінде қырғыз парламентінің төрағасы Марат Сұлтанов Конституциялық соттың шешімін және Ата заңға өзгеріс енгізген парламенттің орнын айқындау үшін Жогорку Кеңештің қызу іс атқарып жатқанын хабарлады.

М.СҰЛТАНОВ: “Біз қазір сол бойынша заңгерлерге тапсырма беріп жатырмыз. Заңгерлерге барлығын саралап, салмақтап шығып, ертеңге дейін өздерінің тиянақты қорытындыларын әзірлеп қойсын деп тапсырдық. Өздеріңіз ойлап қараңыздар: біз бүгін неше түрлі заңды қарап қабылдасақ, ал ертең оларды “конституцияға сәйкес келмейді” деп шешім қабылдай беретін болса, онда біз тұйыққа тірелуіміз мүмкін емес пе!?”

Өткен жылдың қарашасында Бшкек қаласында наразылық шеруіне шыққан мыңдаған халық атқарушы биліктен көптеген конституциялық өзгерісті әзірлеп, оларды парламентке беруді талап еткен болатын. Наразылық толқыны конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңға президент Қ.Бәкиевтің “ұтылған ешкім жоқ” –деген уәжбен 9-ыншы қараша күні тез қол қоя салуынан кейін көтерілді.

Бірақ Ата заңның ол үлгісі 30-ыншы желтоқсанға дейін ғана қолданыста болды. Осы күні парламенттегі “президентшіл” депутаттар конституцияның қараша айындағы үлгісінде мемлекет басшысының билік құзырын едәуір қысқартқан баптарын қалпына келтіретін өзге нұсқасын қабылдады.

Конституциялық соттың Қаулысы парламент депутаттарының өткен қараша мен желтоқсан айындағы барлық ісін жоққа шығарды. Ата заңға 2 рет өзгеріс енгізудің қарсаңында болған жаппай наразылық толқыны қайта көтерілетін түрі бар. 16-ншы қыркүйек күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Қырғызстанның Әділет министрі Марат Қайыпов Конституциялық соттың шешімін ешкімнің және ешқандай билік құрылымының, оның ішінде парламенттің де қайта қарай алмайтынын мәлімдеді.

М.ҚАЙЫПОВ: “Конституциялық соттың шешімі талдауға жатпайды. Талдауға жатпағаннан кейін қандайда болмасын мемлекеттік биліктің тармағы оны жоққа шығара алмайды деген сөз. Конституциялық соттың Қаулысын мемлекеттік биліктің барлық тармағы мен өкілі бұлжытпай орындауға міндетті. Егер де соттың шешімі орындалмаса, ол тұлға жауапқа тартылады”.

Оппозиция лидері әрі қырғыз парламентінің бұрынғы спикері Өмірбек Текебаев үстіміздегі жылдың басынан бері қарай Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін қоса алғанда, кейбір Конституциялық сот мүшелерінің де мандаттарының мерзімі аяқталғанын, яғни Конституциялық соттың қаулы қабылдауға құзыры жоқтығын айтады.

Ө.ТЕКЕБАЕВ: “Конституциялық сот мүшелерінің 1/3-і - желтоқсан айындағы конституцияға сәйкес – 15 жылға сайланған; ал 2003-інші жылғы Ата заң бойынша олар 10 жылға ғана сайланады. Демек, олардың құзыры, олардың мандаты өзінен-өзі күшін жоғалтты, Конституциялық сот - шешім қабылдайтын құзырынан айрылды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы тағайындалған жоқ, парламент сайлау комиссиясының 4 мүшесін мақұлдаған жоқ”.

Оппозицияның өзге өкілдері үстіміздегі жылы қабылданған кез-келген шешім “заңсыз” болады, өйткені олар күші жоқ конституцияға сәйкес қабылданды деп, одан да әрі кетті. Оппозиция өкілі Темір Сариев қаңтар және наурыз айларында жаңа премьер-министрлердің заң жүзінде тағайындалғанына күмән келтіреді. Ал “Қылым шамы” ұйымының жетекшісі Әзизә Әбдірасулова мәлімдегендей, егер Конституциялық соттың төрайымы Чолпон Баекова барлық жақтың талап-тілегін қанағаттандыруды көздеген болса, ақыр-аяғында ешкімнің де тілегінен шыға алмады.

Ә.ӘБДІРАСУЛОВА: “Шариғаттан барлық заңға балама тауып беретін молдалар бар. Чолпон Тұрсынқызы А.Ақаевтың үшін рет президент сайлауына түсетін жол тауып берді; төңкеріс болғаннан кейін төңкерісті де заңдастырудың жолын тапты; сол қараша айындағы конституцияны қабылдаған құрылтай жиналысына да жол тауып берді, 30-ыншы желтоқсандағы Ата заңға да жол ашты. Енді міне ол барлық өзгерісті “заңсыз” деп табудың амалын да тапты. Конституциялық сот – берік принциптердің соты болуға тиіс. Оның саяси шешімдерінің кесірінен біз бүгінгідей халге душар болып отырмыз”.

Әйтсе де парламенттің оппозициядан сайланған депутаты Қабай Қарабеков Конституциялық соттың Қаулысын қолдайды және тағы бір оппозициялық депутат Мэлс Ешимхановпен екеуі Ата заңға 2006-ншы жылы енгізілген өзгерістердің заңдылығына бағасын беруді өтініп Констуциялық сотқа жүгінген болатын. Қ.Қарабековтің пікірінше, жаңа конституцияны қабылдауға бүкіл қырғыз халқының қатысуына жақсы мүмкіндік берілді.

Қ.ҚАРАБЕКОВ: “Қазір барша үшін, оның ішінде үкімет құрылымдары үшін, Ақ үйді қолдайтын саяси күштер үшін, оппозиция үшін, саяси партиялар үшін, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам ұйымдары үшін конституциялық үдеріске ойдағыдай атсалысатын мүмкіндік, толық мүмкіндік ашылды”.

Қырғыз президенті Қ.Бәкиев сәрсенбі күні халыққа арнаған жолдауымен сөз сөйлейтінін жариялады және оның көмекшілері хабарлағандай, Конституциялық соттың таяудағы Қаулысы осы жолдаудың бір тақырыбы болады. Сарапшылардың атап көрсетуінше, 2003-інші жылғы конституцияға сәйкес, парламенттің немесе үкіметтің мақұлдауынсыз-ақ Қ.Бәкиев референдум тағайындап өткізе алады.
XS
SM
MD
LG