Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.19.2007 жыл


Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлық тақырыбы сәрсенбілік республикалық газеттерде талқыланды. Мәселен, газеттердің бірінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқарма бастығы қызметкерлерінен ай сайын 10 мың доллардан талап етті деген арыз бойынша мақала жарияланған, келесі бір мақалада парақорлықты шенеуніктерге ризашылықтарын білдіру үшін сыйақы беретін адамдардың өздері тудыратыны сөз болады. Сонымен бірге Қазақстандағы діни төзімділік тақырыбы назарға алынады.

«Время» газеті Оңтүстік Қазақстан облысындағы жол полициясы батальонының командирі Таңірберген Алауовтың осы облыстың ішкі істер басқарама бастығы, генерал Хибратулла Досқалиевке қарсы мәлімдеме жасағанын баяндайды. «Ауған соғысына қатысқан, бірнеше медальдардың иегері, майдан офицері, генералға ай сайын бұрынғы жол полиция басқарма бастығы, бүгінде жемқорлығы үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған Шакенов арқылы 10 мың доллар төлеуден бас тартқанын айтады. Облыстық ішкі істер басқарма бастығы жедел шара қабылдаған: ол комбатты жұмысынан алып, оның орнын бірден үш полицейге ұсынған», - деп жазады «Время» газеті. Газет тілшісінің айтуынша, Шымкентте әлі босамаған орын үшін 100 мың доллар төлеп қойып, ортаға «ағаларын» салып жатқандар бар деген әңгіме тараған. Полиция басшысы қысымы көтеріліп, әскери госпитальда емделіп жүрген кезінде комбатты жұмысынан шығарып жібереді де, оның ауруы бойынша қағаз толтырған дәрігерлердің үстінен генералдың тапсырмасымен қылмыстық іс қозғалған. Алайда, Оңтүстік Қазақстан облыстың ішкі істер басқарма бастығы «Время» газетіне берген сұқбатында офицер Алауовты орнынан, жоғарыдан түскен бұйрықтан соң алуға мәжбүр болғанын айтқан. Ал «ай сайын 10 мың доллар талап етті» деген айып бойынша полиция генералы: «Егер сондай бір дерек расталса, бүкіл ұжым алдында пагонымды жұлып алып, жұмыстан кетем», - деп жауап берген «Время» газетіне.

«Литер» газеті «Жемқорлықтың келбеті» атты мақалада «ризашылық пен жаны ашығандықтың сыбайласқан жемқорлықты тудыратындығын» жазады. Мақала авторы ресейлік «АВС» агенттігіне сілтеме жасай отырып, жақында ТМД елдері арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер көпшілікті таң қалдырғанын баяндайды. Сауалнамаға қатысқандардың «80 пайызы өздерінің сыйбайласқан жемқорлық әрекеттеріне шенеуніктерге ризашылықтарын білдіру мақсатында барғандарын айтқан. Сұралғандардың 57 пайызы мемлекет қызметкерлеріне жандары ашып, олардың жалақысымен алмау мүмкін емес екенін айтқан». Мақала соңында автор «ешқандай көңіл күйге берілмейтін, кез келген сұрақ бойынша жаны ашып, ризашылық сезімін білдірмейтін, электронды үкімет» формаларын қоғамға кеңінен енгізу сыбайласқан жемқорлыққа тосқауыл қоя алады деген өз пікірін білдіреді.

«Аргументы и факты Казахстан» басылымы болса, қазақстандықтардың діни көзқарастары бойынша әлеуметтік зерттеу қорытындыларын жариялайды. Мәселен, Семейдегі Әлеуметтік мониторинг және болжау орталығының деректеріне қарағанда, бүгінде сұралғандардың тек 12,2 пайызы ғана өздерін атеистер қатарына жатқызады. Ал адамдардың 70 пайызы өздерінің қандай да бір дінге сенетіндіктерін жеткізген. Дегенмен, сауалнамаға қатысқандардың тек 30 пайызы ғана нағыз діндәр екендіктерін білдірсе, 76 пайыздан астамы дінді «рухани бастау» деп қабылдайтындықтарын айтқан. Сонымен бірге респонденттердің 69 пайызы басқа діндегілерге төзімділік танытандықтарын айтса, 12,6 пайызы басқа діндегілермен сөйлесу ашуын келтіретінін жеткізген.

«Айқын» газетіндегі «Жат секталарға жол берілмеуі керек» деген мақалада саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстанда мұсылмандар болсын, христиандар болсын, бостандыққа ие дей отырып, «дәстүрлі дінге жатпайтын секталар Азиядан да, Еуропадан да келуі мүмкін» деп есептейтіндігін айтады. «Елімізде жат секталар болса, оларға жол берілмеуі керек» деп есептейді сарапшы «Айқын» газетінде.

«Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлернің 3-ші съезін өткізу арқылы діндер арасындағы татулықтың үлгісін көрсете алады деп есептейді. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазір съезге дайындық жұмысы басталып та кеткен.

«Экспресс К» газеті тілшісінің айтуынша, «әлемдік және дәстүрлі дін басыларының съезін ұйымдастыру Қазақстанның әлемде тұрақтылық пен өзара түсіністік орнауы үшін жасаған алғашқы ұмтылы емес». Мысал ретінде журналист Қазақстан президентінің 2010 жылды халықаралық мәдениеттер мен діндер жақындасуы жылы деп атауды ұсынғанын еске түсереді. «Қазір бұл ұсыныс ЮНЕСКО көлемінде қаралауда, содан кейін ол БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы назарына жолданады», - дейді «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG