Accessibility links

Мәжіліс жер қойнауын пайдалану туралы заңға өзгеріс енгізетін заң жобасын мақұлдады


Бұл туралы шешім көпшілік дауыспен қыркүйектің 26 күні Астанада өткен парламент мәжілісінің жалпы отырысында қабылданды. Мәжіліс депутаты Ерлан Нығматуллинның айтуынша, бұл өзгерістерден кейін Қазақстан өнім бөлісі жөніндегі келісімдерді өзгертіп Қазақстанда өндірілген шикізат пайдасының елде қалатын үлесін арттыруы мүмкін. Ал кейбір сарапшылар бұл түзетулер Қазақстанның инвестициялық климатына кері әсерін тигізеді деген пікірде.

Қазақстан парламенті мәжілісінің жалпы отырысында хабарланғандай «Жер қойнуын пайдалану туралы» заңның 45-2 бабына қосымша 7,8 және 9 бөлімдері қосылды. Онда айтылғандай енді жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын келісім шарттарды бұзу негіздері кеңейтілді, дейді парламент Мәжілісі депутаты Ерлан Нығматуллин:

- Инвесторлар біздің заңды бұзбай істесе, әрине оларға ешқандай заң бойынша шағым болмайды. Ал, енді экономикамен экологияны бұзса онда шағымдар болады.

Сонымен қатар «Жер қойнуын пайдалану туралы» заңға 45-3 деп аталатын жаңа бап қосылды. Соған сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын келісім шарттарды бұзу үшін Қазақстан тарабына, яғни Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне сотқа шағымданудың қажеті жоқ. Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надиров бұл мәселеге қатысты мынадай пікірін білдірді:

- Басынан бастасақ бұрын «Теңізшевройлмен» 40 жылға келісім шарт жасалған. Олар ауаға да күкіртті лақтырып жатыр, азот газдарын жіберіп жатыр, өй! 40 жылға келісімге отырғанбыз, ешкім ештеңе демейді деп жүр. Егерде контрактының шартын бұзсаңыздар оны қайта қарауға біздің құқығымыз бар деген маған ұнайды, ол жақсы. Ал егер сотсыз қараса, ол сотсыз болмайды менімше.

Фамилиясын айтпаған кеңсесі Алматыда орналасқан шетелдік инвесторлар кеңесі директорының орынбасары Жанардың айтуынша ол өзі және қауымдастық директоры бұл жөнінде ақпарат бере алмайды. «Ол үшін бізге қауымдастық мүшелерінің алқалық пікір жинау керек», деді ол.

Және заңға енгізілген соңғы өзгерістерден кейін барлау және өндіру саласындағы стратегиялық маңызы бар кенорындары бойынша заңның кейінгі күші болады. Яғни, Қазақстан тарабы 1999 жылға дейін жасалған келісімдерді бұзып қайта қарауға құқылы болады, дейді парламент Мәжілісі депутаты Ерлан Нығматуллин:

- 1999 жылы конституция кеңесінің шешімі бар. Парламент осындай шешім қабылдаса заң бойынша бұрыңғы контрактілерді қайта қарауға біздің күшіміз бар.

Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрінің баспасөз хатшысы Шыңғыс Мұхановтың айтуынша «Жер қойнуын пайдалану туралы» заңға енгізілген бұл өзгерістер елдің инвестициялық климатына әсер етпейді:

- Негізі бұл жүйелі тұрғыдан емес, тек заңдарды қадағаламаған кейбір компанияларға қатысты. Инвестициялық климатқа үлкен зардабын тигізеді деген әңгіме жоқ.

Ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надиров бұл пікірге қосылып отыр:

- Келем деген инвесторлар толып жатыр. Мынаны есепке алып келеді.

Ал парламент Мәжілісі депутаты Ерлан Нығматуллиннің айтуынша енді бұл өзгерістерден кейін Қазақстан өнім бөлісі жөніндегі келісімдерді өзгертіп Қазақстанда өндірілген шикізат пайдасының елде қалатын үлесін арттыруы мүмкін:

- Үкімет олардың алдында мәселе қойса, контрактінің жаңадан жасаймыз деп, онда әрине мұндай өзгерістер болуы мүмкін.

Ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың айтуынша келісімдерді сот арқылы өзгертсе ашықтық болар еді:

- Қайтадан «Теңізшевройлды» алайық, басында 1993 жылы көкектің 6 келісімге қол қойылған кезде біздің пайызымыз 86,4 «Шеврондыкі» 19,6 болатын, ал қазір біздің пайызымыз 25. Оны сотқа салмай, ешкімге салмай, үкіметтің өзі қарап, сатқаны бар, бергені бар, сондай мәселелерді қарап келе жатыр.

Бірақ, парламент Мәжілісі депутаты Ерлан Нығматуллиннің айтуынша жер қойнуын пайдаланушылармен жасалатын келісім шарттарды бұзу үшін алдымен заң бұзылғандығы жайлы компанияға ескерту беріледі. Сосын 2 ай ішінде компаниядан жауап күтіледі. Егерде Қазақстан тарабы келісім талаптарын өзгерту керек десе, онда тағы 4 ай бойы келіссөздер жүргізіледі. Сосын тағы 6 айдан кейін инвестор жаңа келісіммен жұмыс істеуге тиіс болады деп хабарланып отыр. Қалыптасқан ереже бойынша енді заң жобасы сенатқа беріледі, содан соң құжатқа президент Назарбаев қол қоюға тиіс.
XS
SM
MD
LG