Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.13.2007 жыл


Қазақстанда қаржы дағдарысы бола ма, жоқ па? Сенбі күні күні жарық көрген газеттерді осы мәселе толғандырады. Егер кейбір газеттерде бірқатар сарапшылар қаржы дағдарысы туралы қауесетті банк пен құрылыс саласымен байланысы бар шенеуніктер әдейі жіберген деп есептесе, басқа басылымдарда экономист сарапшылар басқаша пікір білдіреді.

«АҚШ ипотекалық рыногындағы дағдарыстың әлем рыноктарын шарлап жүргені мәлім. Оның қызуы қазақстандық қаржы салаларында да өз шарпуын сездіре бастаған. Әйтсе де, экономикасы қарыштап дамып келе жатқан еліміз бұл қызуды өзіне дарытпай, серпіп тастауға сақадай-сай», - деп басталады «Айқын» басылымындағы «Дағдарыс туралы даңғазаға тосқауыл» атты мақала. Газетте келтірілген деректерге қарағанда, президентінің тапсырмасымен үкімет қажет болып жатқан жағдайда екінші деңгейлі банктерге қолдау көрсету мақсатында тұрақтандыру қорын құрмақшы. Қор көлемі 4 миллиард АҚШ долларын құрамақшы. Ал осы мақалада өз пікірін білдірген экономист Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, «қордан көмек көрсетілер кезде қай банктің қанша пайыз несиесі ішкі рынокта, оның ішінде нақты секторды дамытуға жұмыс істеп жатқаны анықтаулы тиіс». «Әйтпесе, осы уақытқа дейін жүгенге көнбей, өз білгендерімен сырттан бас-көз жоқ ақша алып келген банктердің қарызын мемлекет мойнына ілу жарасымсыз нәрсе болмақ», - дейді сарапшы «Айқын» газетінде. Экономист Ғалым Байназаров та қордан ақша берген кезде банктердің деңгейін, бағытын анықтау керек деп есептейді. Оның пікірінше, мәселен, индустриалды-инновациялық стратегияны дамытушыларға несие берген банктерге қолдау көрсетілуі тиіс.

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан ЖАМАЛОВ «Егемен Қазақстан» газетінде әлемдік қаржы дағдарысының Қазақстан экономкасына ықпалы жайында депутаттар арасында бірнеше болжам айтылғанын тілге тиек етеді. «Бірі бұл оқиғаларды - әлемдік нарықты құлдырататын, нағыз қаржылық дағдарысқа апарар жол десе, енді бірі — сасатын ештеңе де жоқ, дағдарыстың ауылы алыс, – деп санайды. Ал, үшінші біреулері – Қазақстан экономикасы үшін нағыз қажеттіліктің өзі осындай дағдарыс, – деп қол шапалақтап қуанып жүр», - дейді парламент депутаты Жамалов «Егемен Қазақстан» газетінде. Оның айтуынша, қаржы дағдарысына орай депутаттар алаңдаушылық танытқанымен, «Үкіметке де ширақ қимылдау қажеттігі ескертілді, себебі өкінішке орай ол, батыстық оқулықтарда жазылмаған көптеген күрделі тосын оқиғаларға төтеннен төтеп берерліктей іс-әрекет қолдана алмай жатады». Әрі қарай парламент депутаты үкіметті сынға алып, бірнеше сауалдар қояды: «Қарызға алынған ақшаның арқасында өркендеп отырған жағдайды білетін ел Үкіметі Батыстан келіп жатқан несие тоқтатылса не істеу керек екендігін алдын-ала ойластыруы керек еді. Үкімет пен Ұлттық Банктің осындай жағдайға байланысты дағдарысқа қарсы іс-әрекет шараларын қарастырған сценарийлік жоспарлары қайда? Тіпті, біздің кейбір банктеріміздің несиелік қоржынында ипотекалық несиенің үлес салмағы 60 пайыздан да көп болуын қалай түсіндіруге болады?!» - дейді депутат Жамалов «Егемен Қазақстан» газетінде.

«Время» газеті Қазақстан президентінің «ел қаржы дағдарысы алдында тұр» деген қауесетті жоққа шығарғандығына тоқталады. Сонымен бірге президент Қазақстанның халықаралық рейтингісінің төмендегені туралы ақпаратты да «негізсіз» деп тапқандығын жазады. Мақала авторының айтуынша, қазанның 8-і күні «Standart & Poors»рейтинг агенттігі Қазақстанның рейтингісін түсіргендігін еске салады.

«Литер» газеті «Дағдарыс туралы әңгімелер - өзін-өзі жарнамалау ма, қиял ма, әлде шенеуніктердің біліксіздігі ме?» деген сауалнама жүргізеді. Бірқатар сарапшылардың айтуынша, қаржы дағдарысы туралы қауесетті құрылыс рыногы және банктермен байланысы бар шенеуніктер жіберген. Мысалы, Қазақстанның даму институтының президенті Мағбат Спановтың сөзіне қарағанда, қазір жеке меншікті қайта бөлісу жүріп жатыр. «Он жыл бойы табысты дамып келе жатқан саланың «майлы жілігін» ала алмай қалғандар енді дағдарыс туралы даңғазаның арқасында дайын банкке ие болғысы келеді», - дейді Мағбат Спанов «Литер» газетінде.

Алайда, экономист-ғалым, профессор Рахман Алшанов «Азат» газетінде қаржы дағдарысы туралы қауесеттің негізі бар деп есептейді. Оның айтуынша, көптеген қазақстандық банктер шетелден арзан ақша алып келіп, осында пайда көреміз деп ойлады. Сол себептен, нашар, осал жобаларға көп ақша беріліп кетті. Енді шетелдік ақша қымбаттады. Ал мына жақта берілетін ақшаны қымбаттатса, несие алушылар төлей алмайды. Екі ортада кім күйеді?!» - дейді эконономист «Азат» газетінде. Оның болжамынша, егер сырттан көмек көрсетілмесе, «экономиканың тек қана өрлеуіне, оның ішінде спекулативті өрлеуіне негізделген банктердің жағдайы мүшкіл болуы мүмкін. Ал мүмкіншіліктері зор банктер бұл кезеңнен оңтайлы өтіп кетеді» деп есептейді экономист Рахман Алшанов.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG