Мұндай оқиға сол күні кешкісін оппозициялық «Республика», «Взгляд» басылымдары редакциясында да орын алады. Қазанның 30-ы күні жұмыс уақыты аяқталған соң «Республика» басылымы редакциясына қара киімдегі бес ер адам келіпті.
«Тек қызметтік куәліктерін ғана көрсеткен адамдардың 4-і қаржы полициясынан, 1-еуі салық комитетінің қызметкері екені ғана белгілі болды», дейді «Республика» газетін бас редакторының орынбасары Галина Дырдина. Оның айтуына қарағанда, өзін салық комитетінің өкілі деп таныстырған азаматтың қолында қандай да бір қағаз болған. Ол оны басылымының бас редакторы заңды тұлға болып табылмайтынына қарамастан бас редакторға табыс етпекші болған.
Галина Дырдинаның айтуынша, қаржы полициясының өкілдері өз әрекеттерін ҚР шұғыл-іздестіру қызметі туралы заңға сәйкес деп түсіндірген.
«Олардың біздің редакциядан нені жедел іздестіріп жүргендерін біле алмадық», дейді Дырдина.
Осыдан кейін жоғарыда аталған басылым қызметкерлері Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық «Әділ сөз» қоры мен «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының өкілдерін, «Инкар-инфо» радиосы қызметкерлері мен заңгерлерін шақырыпты. Тосын қонақтар редакцияға жинала бастаған адамдарды көріп, басылым заңгерлерін күтпестен кетіп қалған. Басылым иелері бұл жағдайды соңғы уақытта өз газеттерінде жарық көрген Рахат Әлиев төңірегіндегі материалдармен тікелей байланыстырады.
«Кейбіреулер Рахат Әлиев біздің басылым арқылы оппозиция жетекшісі марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын кім өлтіргендігін жариялап қояды деп қорқатын болуы мүмкін», - дейді Галина Дырдина.
Осы мәселеге байланысты түсінік беруді сұрап, Алматы қаржы полициясына қойған сауалымызға осы мекеменің өз аты-жөнін атаудан бас тартқан баспасөз қызметкері:
«Бізде бұл жайында ешқандай ақпарат жоқ. Мен хабарсызбын. Олар кімдер болды екен? Кезекші бөлімнен сұраңыз», - деумен шектелді.
«Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ергалиева болса, осы жағдайдан кейін елдің Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаевқа қоңырау шалып, одан араша сұрағандығын айтты.
«Оқырмандарды шынайы ақпарат алу құқығынын, ал басылымдарды қызмет істейтін журналистерді еңбек ету құқығынан айырып отырған бүгінгі билік бұл жағдайды бейбіт реттемесе көшеге шығуға да әзірмін», - дейді Гүлжан Ергалиева.
Қазақстандағы тәуелсіз басылымдар мен Интернет-сайттарына қатысты қалыптасып отырған жағдайға алаңдаушылық білдірген Қазақстандағы сөз бостандығын қадағалайтын халықаралық «Әділ сөз» қоры билік органдарына мәлімдеме жасап, ахуалды реттеуге шақырды.
Қазақстанның қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігі туралы әртүрлі ақпараттар жарияланатын бірқатар сайттар оншақты күннен бері Қазақстаннан ашылмай тұр. Олар мұндай проблемаға Интернетте Қазақстанның жоғары билігіне жақын адамдардың дауысына өте ұқсас телефон әңгімелері жазылған аудиофайлдар мен олардың мәтіндері жариялана бастаған соң кез болды. Ол файлдардағы әңгімелерде Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, қазірде үстінен қылмыстық іс қозғалған Рахат Әлиевке қарсы шараларды ұйымдастыру, елдегі жекелеген кәсіпорындарға жоғары билік тарапынан қолдау, оларды заң органдарынан қорғаштаған сөздер айтылған. Екі аптадан астам уақыт Интернет арқылы жалпақ жұртқа тарап кеткен бұл аудиожазбалардың шын-өтірігі жайында онда сөз болған тұлғалардан әлі ешкім ләм-мим демей отыр.