Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.08.2007 жыл


Бейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдар мемлекет және ұлт арасындағы үйлесімділік мәселесі және ұлттың ұлы мұраты не деген сұраққа жауап іздеген мақала мен сұқбаттарды, сондай-ақ соңғы кезде Қазақстанда күшейіп бара жатқан ұлттық партия құруды көксейтіндердің мақсаты туралы сараптамалық-талдау мақалалар тобын жариялапты.

«Жас Алаш» газеті бейсенбілік санында, жуырдағы қазақ ұлты мен қазақ тіліне қатысты өз алаңдаушылықтарын білдіріп, жоғары билікке ашық хат жолдаған бір топ қазақ зиялыларының «қазақ тілі - үш тұғырлы тілдің, ал қазақ ұлты қазақстандық ұлттың құрбанына айналатын болды» деген пікірлеріне қатысты тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевпен сұқбатты жариялапты. Өз сұқбатында тарихшы Қойгелдиев «қазақ зиялыларының бұл жазғаны тек қана ашық хат ғана емес, бұл халықтың ащы зары» дегенді айта отырып, «қазақ ұлтының басына 3 ғасырдан кейін туған тәуелсіздіктің соңғы 16 жылында ұлт үшін ешқандай қолайлы жағдайдың болмағанына ұлт мүддесін елеп-ескермей отырған мемлекет кінәлі» деген пікір білдіріпті. Сондай-ақ тарихшы ғалым М.Қойгелдиев «Жас Алашқа» берген сұқбатында «Қазақстандық ұлт», «үш тұғырлы тіл» дегендер ешқандай ғылыми негізі жоқ жобалар екенін айтыпты. «Бүгінгі күні мемлекет пен ұлт арасында үйлесімділік жоқ болып тұр, ол үшін мемлекттің ұлтқа, ұлттың мүддесіне бет бұратын кезі келді» деп өз ойын қортыпты тарихшы ғалым «Жас Алашқа» берген сұқбатында.

«Айқын» газеті бейсенбілік санында «Ұлтымыздың ұлы мұраты қайсы?» деген тақырыппен газет тілшісі Құбаш Сағидоллаұлының көлемді мақаласын жариялап отыр. Тілшісінің жазуынша, әлем халықтарының бәрінде болатын ұлы асқақ мұрат қазақ халқында да бар болмақ. «Тіпті, әу баста түркі бабаларымыз көктасқа қашап жазған Күлтегін жазбасында: «Жоғарыда аспан, төменде қара жер, ортасында ата-бабаларым Естеми, Бумын басқарған адам баласы жаратылды» деп рухын асқақтатқан болса, қазақта Хақназар хан кезінен ұлтты біріктіруші «Алты алаш» идеяасы бар, бұл ұғым 20 ғасыр басында Мүстафа Шоқайдың «Біртұтас Түркістан» идеясымен ұштасып келіп бүгінгі таңда Қазақстан басшысы көтерген Орталық Азия одағына тіреледі» деп жазады «Айқын». «Бүгінгі күні Қазақстансыз Орталық Азияны елестету мүмкін емес болса, қазақсыз Қазақстанды елестету мүмкін емес, сондықтан табиғат қазаққа басқаның маңдайына бұйырмаған байлық пен рухани қазынаны нәсіп етті, бұл - тағдыры талайлы болған ұлттың тұғырын асқақтатып отыр» деп түйіндейді өз мақаласын газет тілшісі.

«Түркістан» апталығы бейсенбілік санында Қазақстандағы ұлт мәселесіне қатысты «Орыс мәселесі қайта ұшыға бастады» деген тақырыппен мақала жариялапты. Газет тілшісі Есенгүл Кәпқызының жазуынша, «Қазақстанда ұлт-патриоттарының қозғалысы соңғы кезде біршама басылып қалған секілді болатын. Мәжіліс сайлауы қарсаңында ақын Мұхтар Шаханов «Халық рухы» деген атпен партия құрмақшы болып еді, алайда ол партия тіркеуден өтпеген соң қазақ ұлтшылдары тырс етіп үн шығармай келді. Енді міне елдегі орыс-славян және казак ұйымдары бас көтеріп, партия құруға бірлесе қимылдауға бір бірін шақырысып жатыр» дейді газет тілшісі. Жақында Алматы қаласында Орыс қауымдастығының 15 жылдығы мен Жетісу казактарының 140 жылдығы тойланды. «Осы шараға қатысқан Орыс қауымдастығының төрағасы Юрий Бунаков Қазақстандағы орыстардың өткен парламент сайлауынан тыс қалғандығын, парламенттен орын алу үшін саяси партия құру қажеттігін алға тартып және сайлауға демократиялық жолмен қатысу керектігін сөз етіпті, ал біздегі билік болса орыс электораты үшін жұмыс істеп отырғаны жасырын емес» деп ой түйіндепті «Түркістан» апталығы.

«Ана тілі» апталығы бейсенбілік санында жуырда Алматы қаласының іргесіне орыс генералына қойылған ескерткішке қатысты «Генерал Колпаковский қазаққа азаттық әперді ме?» деген тақырыппен Асылқан Мамашұлының мақаласын беріпті. Газет тілшісі Алматының іргесіндегі Ұзынағаш жанындағы бір биік қырдың үстіне орыс генералы Колпаковскийге алып ескерткіш орнатылғандығы «тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқандарына он алты жылдан асса да осындағы казак, орыс, славян қауымдастығы баяғы отаршыл сана, астамшыл пиғыл, өктемшіл аурудан арыла алмағандығын көрсетіп берді» деп жазады өз мақаласында. «Сөйтіп ай мен күннің аманында, қазақтар егемендіктерін тойлап жатқан кезде мұрттарын шиырып, үстеріне әскери киім киіп, сауыт-сайман, қылыштарын асынған казактар қазақ жерін күшпен басып алып, тәуелсіздігінен айырған генералға ескерткіш қойып, егемендікке осылай тарту жасады, бұған қазақ халқы асқан шыдамдылық танытты, әлі де шыдай беретін болар» деп ой түйіндейді «Ана тілі» басылымы.
XS
SM
MD
LG