Accessibility links

Грузия билігі ел аумағында төтенше жағдай орнатты


Тбилисидегі үкіметке қарсы бірнеше күнге созылған шерулердің сәрсенбіде толастай бастаған сәті еді. Алайда Грузия полициясы орталық алаңда қалған аз ғана шерушілер тобын таң ертеңгілік қуып таратамын деп, жағдайды ушықтырып алды. Президент Михайл Саакашвилиге қарсы бірнеше мыңдаған шерушілер алаңға қайта оралған еді. Оқиға соңы елде Төтенше жағдай жариялауға ұласты.

Грузия үкіметіне қарсы шерулер өзінің 6-шы күніне енгенде шерушілер пәрмені басыла бастағандай еді. Орталық алаңда қарашаның 2-сі күні 70 мың адам жиналған болса, қарашаның 7-де жүз шақты ғана шерушілер топталып тұрған болатын. Президент әкімшілігі мен оппозиция арасында келісімге қол жеткізу мүмкіндігі де пайда бола бастаған еді. Алайда, әлгі парламент алдындағы аз ғана топты қуып таратуға ресмилердің берген нұсқауы жүзеге асысымен, санаулы сағат ішінде, бірнеше мыңдаған шерушілер алаңға қайта жиналған болатын. Грузия теледидары күні бойы жақсы жасақтанған полицияның шерушілерді ұрып-соғып, қуып жатқандығын көрсетумен болды.

Грузия омбудсманы Созар Субаридің айтуынша, бұл жолы Грузияда адам хұқының ең қарапайым деген қағидасы да сақталған жоқ.

Сәрсенбіде теледидар арқылы халыққа арнау сөз айтқан президент Михайл Саакашвили халықты тыныштыққа шақырып, елдің тәуелсіздігі қауіп астында тұр, деп ескертті. Грузия президенті бұл шерулер үшін Ресейді айыптады. Түрлі бұлақтар арқылы Грузияда осы күзде шерулердің болатындығын соңғы 6 ай бойы үздіксіз естігендігін Саакашвили айтты. Мәскеуде баламалы үкімет құрылып, жыл аяғына қарай Грузияның қазіргі президенті мен оның үкіметінің биліктен кетірілетіндігі туралы жоспарды естігендігін де ол ортаға салды.

Ресей құпия қызметі агенттерімен Грузияның оппозиция басшылары сөйлескен, деген дәлелмен сәрсенбінің таңында Грузия İшкі істер министрлігі аудио және бейне таспаларды жариялаған болатын.

Парламенттегі Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Гиви Таргамадзе, патриоттық ұранмен шеруге шыққандар, шын мәнінде сатқындар деп атады. Ал, елдің балауса демократиясының басшысы ретінде сөйлеген Грузия президенті адамдар хұқын қорғауға уәде берді.

“Мен мына мәселені баса айтқым келеді: Тбилиси орталығында Грузия полициясы мен арнайы күштері Англия, Франция, Финляндия, Швейцария, Эстония және басқа да барлық демократиялық елдерде қолданылатын тәсілдерді пайдаланды. Бір жағынан алғанда, ең агрессивті, тіпті радикалды деген топтағы адамдардың өзіне мейлінше аз қол жұмсауға полиция тырысты. Екінші жағынан, қоғамдық тәртіпті сақтап, жаппай көтеріліс пен түрлі топтар арасындағы қақтығыстарға жол бермеуге тырысты”, - деді Саакашвили.

Саакашвилидің жас әкімшілігі бұған дейін болмаған ең қиын шаққа осылайша бетпе-бет келіп тұр.
XS
SM
MD
LG