Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.13.2007 жыл


Сейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты Алматыда жалғасқан дүйсенбі күнгі сот процесі туралы, сондай-ақ Рахат Әлиев феномені туралы сарапшылар пікірлері және Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде бірнеше айдан бері кептеліп тұрған жүк көліктері, оның себептеріне үңілген зерттеу мақалалары жарияланыпты.

«Время» басылымы сейсенбілік санында «Құпия куәгерлер» деген атпен ел ішінде «Рахатгейт» деп аталып кеткен Рахат Әлиев және оның сыбайластарына қатысты дүйсенбі күні өткен сот процесі туралы газет тілшісі Дилярам Аркиннің мақаласын беріпті. «Әуелі сот мәжілісінде судьялар осы күнге дейін ұшты-күйлі жоқ болып кеткен «Нұрбанк» басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтің туған әпкесі мен анасын жәбір шегушілер ретінде тану туралы оның әйелі Армангүл Қапашеваның адвокатының жасаған өтінішін қарап, Ж.Темірәлиевтің туған әпкесіне сот процесіне тек бақылаушы ретінде қатысуға рұқсат етті. Ал Темірәлиевтің анасын жәбірленуші ретінде таныды» деп жазады газет тілшісі. Жасының келіп қалғанын және бұндай сот процесіне қатысу оңай еместігін есіне салған мемлекеттік айыптаушы, аға прокурор Владимир Кириленконың айтқанына Ж.Темірәлиевтің анасы «сот процесінде қанша болу керек болса, сонша болуға әзір екенін, түптің түбінде жанұясына осынша қиындық азабын әкелген, баласын ұрлағандардың бетіне тіке қарағысы келетіндігін айтты» деп жазады «Время» басылымы. «Ал сотқа жәбірленуші ретінде шақырылған банктің бұрынғы төрағасы Әбілмәжін Ғылымов сот тергеуі барысында Р.Әлиев және оның сыбайластарына қатысты іске байланысты жаңа бір деректің көзін ашып берді, яғни Рахат Әлиев сыбайластарымен бірге банкирлерді қорқыту, ұрлау жұмысын ертеден ойластырыпты - бұл жәбірленушінің айтқанынан анық бола бастады» деп жазыпты «Время» газеті.

«Жас алаш» басылымы осы тақырып бойынша «18 қаңтар - қан қақсатқан қарақшылықтың бастапқы күні» деген көлемді мақалада осы атышулы қылмыстық іске қатысы бар делінген 21 адамның бүгін сот залында отырғанын, ал Рахат Әлиев өзінің 4 сыбайласымен бірге шетелді паналап, Қазақстанға келмей жүргені айтылыпты. «Р.Әлиевке сот процесінің басталғаны туралы ресми түрде мәлімделген, бірақ та ол сот процесіне қатысудан бас тартып отыр. Дүйсенбі күнгі сот процесінде бірінші болып жәбірленуші ретінде Әбілмәжін Ғылымов сұралды. Ол 18-қаңтарда не болғанын, Р.Әлиев өздерін қалай ұрлап әкеткенін, қайда апарғанын, не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді» деп жазады әас алаш». Газет Р.Әлиев тақырыбына қатысты «Күйеу бала феномені» деген атпен қазақстандық бірқатар сарапшылардың пікірлерін беріпті. «Бүгінгі күні Рахат Әлиев жағдайы – бұл құрбандық жағдайы, осы құрбандықтан әркім өз үлесін алғысы келеді, осы дау-дамайдың айналасынан әркім өзінің ұпайын түгендеп жүргені де жасырын емес» депті «Азаматтық қоғам» қорының төрағасы Ғалымжан Жақиянов. Ал саясаттанушы Андрей Чеботарев «қазіргі жүріп жатқан күрес Рахат Әлиевтің феноменімен емес, оның өзімен жүріп жатыр, мұндай жағдайда екінші немесе үшінші «рахаттардың» пайда болмасына ешқандай кепілдік жоқ» депті.

«Айқын» басылымы сейсенбілік санында Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде қалыптасып отырған жағдайға назар аударыпты. Дәл қазір Қытай мен Қазақстан арасындағы «Қорғас бекетінде Қазақстанға халық тұтынатын тауарлар әкеле жатқан 600-ге жуық, ал Қалжат шекара бекетінде 36 жүк көлігі 2,5 айдан бері қаңтарылып тұр. Бұған кінәлі кім?» деп сауал тастайды «Айқын». «Бұл ең алдымен Қазақстанда кеден арқылы жүк өткізудің жаңа саясаты өмірге енген жағдаймен байланысты болып тұр. Қазақстан шекара арқылы өтуі тиісті жүк көлігінің биіктігі 4 метр, салмағы 44 тонна, ал ұзындығы 20 метрден артық болмасын деген талап қойып отыр, екінші осыдан былай әрбір адам Қытайдан әкеле жатқан жүгін салмағы бойынша рәсімдеп әр килосына 0,6 еуро көлемде ақша төлесін деген талапқа саудагерлер мен кәсіпкерлер қарсы болып тұр» деп жазады Айқын басылымы.

«Экспресс-К» басылымы да сейсенбілік санында осы Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық кеден бекеттері жағдайына тоқталыпты. Кедендегі қара күштер осы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк өткізетін 4 шекаралық бекеттер: Қорғас, Қалжат, Майқапшағай және Бақты да 700-ден астам жүк тасушы көліктердің кептеліп тұрғанына себеп болып отыр деп жазады «Экспресс-К» газеті.
XS
SM
MD
LG