Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.21.2007 жыл


Сәрсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Парламент мәжілісі жанынан құрылған қоғамдық палатаның рөлі оның атқаратын қызметі жайында, сондай-ақ елдегі кәсіби оқу орындарының бүгінгі хал-жағдайы осы салаға оқытудың неге кенжелеп қалғандығына назар аударған мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» газеті сәрсенбілік санында Парламент мәжілісінің жанынан көптен бері әңгіме арқауы болып келген қоғамдық палата кеңесінің ақыры құрылғандығын хабарлапты. «Қоғамдық палата құрамына депутаттар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және ғылым мен мәдениет саласының қайраткерлері бар барлығы 30 адамның аты ұсынылды» деп жазады «Айқын» басылымы.

Осы басылымға салиқалы пікір айтқан саясаттанушы Әзімбай Ғали қоғамдық кеңесті құрудағы мақсат ол елдегі бір партиялы парламент жағдайында оппозицияны парламентке тарту сол арқылы қоғамдық әрқилы ойларды біліп отыру, оны сарапқа салу десе, мәжіліс депутаты Ерболат Әпсәлямов қоғамдық палата басқа партиялардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, кез-келген азаматтың ұсыныс тілектерін ортаға салатын ортақ мінбер екендігін айта келе, қоғамдық палатадан не қайыр, оның қажеті шамалы деген пікірмен келіспейтіндігін білдіріпті. Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали қоғамдық палатаның статусы түсініксіз оны кім қаржыландыратыны да белгісіз, яғни бір партиялы парламент жағдайындағы Қазақстан секілді ел үшін батыс алдында абырой жинау мақсатында істеліп отырған тағы бір нәрсе деген пікір айтыпты.

«Литер» басылымы сәрсенбілік санында парламент мәжілісі жанынан құрылған қоғамдық палата кеңесін мәжілістің вице-спикері Сергей Дьяченко басқаратынын, оның екі орынбасары болып Мақсұт Нәрікбаев пен Владимир Дворецкий екеуі ұсынылғанын жариялапты. «Осы жолғы қоғамдық палата кеңесі құрамына Мұрат Әуезов, Евгений Жовтис, Жеміс Тұрмағамбетова, Мұрат Жұрынов, Айман Мұсақоджаева, Нұрлан Оразалин және Дос Көшім секілді есімдері елде танымал адамдар мен Ғани Қасымов, Алтыншаш Жағанова және Владислав Косарев секілді бірқатар саяси партиялардың жетекшілері кіріп отыр» деп жазады «Литер» басылымы.

«Экспресс-К» басылымы үкіметтің енді елдегі кәсіби оқу орындарын көбейтуге құлшыныс танытып отырғандығына назар аударыпты. «Қазақстандағы отандық өндірісті дамытуға қатты көңіл бөліп жатқан осы тұста кәсіптік техникалық білімі бар кадрдың қажеттілігі аса туып отыр, бұған сұраныс жоғары білімді мамандарға қарағандаі 2-3 есеге артық екендігін экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Оспанов сейсенбі күнгі үкімет отырысында ерекше атап өтті» деп жазады «Экспресс-К» газеті. «Соңғы 15 жылда елдегі барлығы 446 техникалық білім беретін мектептің 318-і ғана қалыпты, олардың өзі сол ескі кәсібіи мамандық иелерін дайындайды» деп жазады газет тілшісі.

«Егемен Қазақстан» осы тақырыпқа байланысты «Кәсіпке оқыту неге кенжелеп отыр?» деген мақала жариялапты. «Халықты, әсіресе ауылды жерлерден қоныс аударушыларды, бюджеттік қаржыландыру арқылы кәсіпке оқтудың тәсілдерін айқындау мәселесі үкімет отырысында қаралды соған байланысты алдағы уақыттарда елде кәсіптік техникалық білім беретін мектептер көптеп салынбақшы ал ескілері қайтадан жаңартылмақшы бұған үкімет ерекше көңіл бөліп отыр» деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Айқын» басылымы да елде алдағы уақытта осы кәсіби оқу орындарын көбейту мәселесіне көңіл бөліпті. 2011 жылға дейін елде жаңадан 50 кәсіби-техникалық оқу орындарының бой түзейтіндігін тілге тиек еткен басылым тек 2008-2010 жылдары жалпы құны 22 млрд 896 млн теңге болатын техникалық және кәсіби білім беретін 24 оқу орны салынатындығы жоспарланып отырғандығын жазыпты. «Қазақстанда бүгінгі күні техникалық қызмет көрсету түрлері, газ-электр дәнекерлеуші маман, механик, слесарь, ауыл шаруашылығы өндірісінің шебері, слесары секілді мамандық иелерінің қаны жерге тамбай тұр» деп жазады аталмыш басылым.
XS
SM
MD
LG