Accessibility links

Сәні мен мәні кеткен ауылды жерден қалаларға үдере көшіп жатқан жұртты қалай және қайда тоқтатарын білмей Үкіметтің басы қатып отыр


Қазақстан ауылдарынан ірі қалаларға көшіп жатқандар саны өсіп барады. Тек ресми мәлімет бойынша, бір жыл ішінде 300 мыңға жуық адам немесе ел тұрғындарының 2 пайызы көшуге мәжбүр болды. Бұл туралы Астанада желтоқсанның 4-күні өткен үкімет отырысында хабарланды. Көшкендер ауылда жұмыс жоқ десе, үкімет мүшелері жұмыс болады деп отыр.

Қазақстанның Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, өткен жылы 295 мың адам немесе елдің 2 пайызы көшкен.

«Бұл тек ресми статистикалық сандар. Ауылдан қалаларға көшу көрсеткіштері өсіп келеді. Ең көбі Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан көшкен», - дейді Сұлтанов.

Вице-премьер Өмірзақ Шүкеев те ауылдан көшіп жатқан жұрт көп екенін айтады.

«Келетіндерінің барлығы тек Астана қаласы, Алматы, Атырау және Қарағандыға келеді. Бұлай біз шекке жетуіміз мүмкін», - дейді Шүкеев.

Ақмола облысындағы Қорғалжың ауданындағы ауылдан көшкен зейнеткер Ерасыл Әлібеков халық ауылдан амалсыздан көшіп жатыр дейді. Тағы бір зейнеткер Қалибек Задаұлы қазіргі заманда ауылда да, қалада да өмір сүру оңай еместігін айтады.

Миграцияға жауапты Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев болса, көш жүре түзеледі деп отыр:

- Жұрт жұмыссыздықтан көшіп жатыр. Ауылдарда жұмыс орындарын ашып, аурухана мен мектептер салу керек.

Кейбір үкімет мүшелері ауылдан қалаға көшкендерге Германиядағыдай үй салуға мұрша беру керек десе, тағы бірқатары бұлай жасау көшу тенденциясын өршітіп жібереді деген уәж айтады. Бұл мәселенің ушығып бара жатқандығын мойындаған үкімет мүшелері, оның тежеудің нақты жолын таппайынша шешім қабыдауды кейінге қалдыру керек деп тарқасты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG