Accessibility links

Қазақстан алдағы 8 жылда өнеркәсіптік технологияларды дамытуға 1 млдр доллардан астам қаржы бөлмек


Келесі жылдан бастап Қазақстанның өндірістік кәсіпорындарына жабдық алуға, маман оқытуға, зертханаларға және жаңартпа жобаларына бюджеттен 23 миллиард теңге бөлінеді. Ал 2015 жылға дейін бұл мақсатқа 1 миллард доллардан астам қаржы жұмасалатын болады. Бұл туралы Астанада желтоқсанның 5-күні Индустрия және сауда вице-министрі Қуандық Бишембаев хабарлады. Оның айтуынша, Корея елі өз даму сатысының басында дәл осылай істеген. Ал, кейбір жергілікті компания өкілдері технологиялық дамуға ақшаны ертерек беру керек еді немесе шикізатқа салу керек деп отыр.

Индустрия және сауда вице-министрі Қуандық Бишембаевтың айтуынша, елдің технологиялық даму бағдарламасын үкімет қолдап, қаржы министрлігі бюджеттен ұзақ жылға жеңілдікпен даму институттары арқылы ақша бөлуге келісті:

- 154 миллиард теңге бөлінейін деп жатыр. Лизингке, конструкторлық бюро салуға, инновациялық грантқа өндірістік кәсіпорындарға ақша бөлінеді.

Министрлік мәліметінше, елдегі компаниялардағы жабдықтар осыдан 30 жыл бұрын - Кеңес одағы тұсында - 1980 жылдардың ортасында алынған, сондықтан тозығы жеткен. Ал, жаңартпа жобаларды қолдану көрсеткіштері 3-4 пайыздан аспайды. Салыстыратын болсақ, өтпелі экономикаға жатқызылған Эстонияда бұл көрсеткіш 36 пайыз, ал Венгрияда 47 пайызға жеткен, дейді министрлік басшылығы.

Жергілікті кәсіпкерлер бұл мәселе неге ертерек көтерілмеді, соның кесірінен Қазақстан осы уақытқа дейін импортқа едәуір қаржы жұмсап, өзге елдерді жарылқап отыр деген сын айтады. «Батыс Қазақстан құрылыс корпорациясының» басқарма төрағасы Мұхаметжан Кенжеғұловтың айтуынша, оған жабдыққа да, зертханаларға да, маман оқытуға да ақша керек:

- Қазір көп мекемеде техника тозған. Конструкторлық бюро керек. Ондай бізде жоқ. Біз жоба жасау үшін біресе Ресейге, біресе басқа елге барамыз. Сосын бізде жабдықтармен істейтін мамандар дайындалмайды. Ондай кәсіби техникалық оқу орындары жоқ.

Индустрия және сауда министрлігінің мәліметінше, ақша қазір де бөлініп жатыр. Осы уақытқа дейін тендер бойынша 10 университетке зертхана ашуға 200 миллион теңге бөлінді деп хабарланып отыр. Әзірге Қазақстанда 5 сала бойынша жұмыс істейтін толық жабдықталған ірі 5 зертхана салынбақ. Оған ғылыми кеңестен өткен ұсынысы бар кез келген адам келіп жұмыс істей алады. Қазақстан осы зертханаларда био-, нанотехнология, ғарыш, ядролық, кен байыту және ақпарат технологиялары сияқты салалардан нақты нәтиже табуына болады дейді мамандар.

Астанадағы Еуразия университетінің инновациялық орталығының директоры Марат Мырзахметовтың айтуынша, Қазақстанда ғалымдар жетеді, тек ақша керек. Бұлай жалғаса берсе, Қазақстан кәсіпорындары бәсекеге сай өнім шығаратын болады дейді ол:

- Егер бізде құрал болса конструкторлық бюро сияқты, онда біз машина болсын, ұшақ болсын жасай аламыз. Бірақ, қазір жоқ.

Алайда, бұл пікірмен келіспейтіндер көп. «Қазатомпром» кәсіпорнындағы жоғары технология институтының бас директоры Бауыржан Дүйсебаев министрліктің бұл бастамасынан пайда болмайды деп санайды. Өйткені, ақша негізінен машина жасау саласына бөлінбек дейді ол:

- Кеңес одағы да ВАЗ машинасын жасау үшін Италиядан зауыт сатып алды, бәрібір одан пайда болмады. Мыс, қорғасынды кез келген ел сатып алады, ал сен машина шығарсаң оны ешкім алмайды.

Индустрия және сауда вице-министрі Қуандық Бишембаев ақшаның қанша кәсіпорынға және қандай салаға берілетіндігі қазір іріктеліп жатқанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG