Accessibility links

Дәрігер Кеңес Тастанбеков елдегі денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі мен өзі секілді зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайы туралы


- 45 жыл бойы еңбек еткен менің қазір алатын зейнетақым – 16 мың теңге. Өзім 2-топтағы мүгедекпін, алатын ақшам дәріме жетпейді. Үкімет дәрігерлерге, мұғалімдерге көңіл аударуы керек. Біреудің жанын алып қалу үшін күндіз-түні қызмет ететін медиктердің сондағы алатын ақшасы 15 мың теңге. Зейнетақыны көбейту үшін жердің асты-үстінде байлығымыз жетеді ғой, құдайға шүкір. Тек сол байлықты жөндеп пайдалансақ қой. Шет мемлекеттерге бостан босқа арзан бағамен беріп жатырмыз. Міне, жаңа жылдан бастап қала ішіндегі автобуста жолақы да қымбаттағалы жатыр, сонда біздің алған әлгі ақша билетке кете ме, тамаққа жоқ болмаса дәріге жете ме? Азық-түлік те қымбат, білмеймін енді біздің не істейтінімізді. Үкіметтің көзқарасы қазіргіден басқаша болмаса біздің жағдайымыз өте нашар. Осы мәселелер мені толғандыратын.

Жас ұрпақ өсіп келе жатыр, оларға тәрбие, көңіл бөлу керек. Әсіресе, жас босанып жатқан әйелдерге жәрдем көбейту керек. Қазірге беріп отырған 30 мың теңге нәрестенің бір айлық киіміне де жетпейді. Маман ретінде, халықтың жалпы денсаулық жағдайы онша жақсы емес деп айтар едім. Медицина қызметі баяғы кездегідей тегін көрсетілгені дұрыс болар еді. Қазір ауырып, ауруханаға бара қалсаңыз, дәрігерлер қалтаңыздың жағдайына қарайды алдымен. Ал ақшаң жоқ болса пәлен-түген деп, құр сөзбен жатқызып қояды. Тіпті, осылайша аурухананың қабылдау бөлімшесіне келіп, дәрігерлер қарамаған соң науқас адам қайтыс болып кеткен оқиғаларды білемін. Қазіргі кезде дәрігерлердің саны бар да, сапасы жоқ. Оларды даярлайтын оқу орындары да бұзылды, студент сынақ пен емтиханды ақша беріп алатын боп кетті. Бұның бәрі дұрыс емес, ондай адамды жоғары орнынан қуу керек, ондайлар біздің ортамызда жүрмеуі керек.
XS
SM
MD
LG